"Қазақ деген затым бар, Қайрат деген атым бар"

Марқұм анам, Құнанбай қажы шөбересі Қапиза Ахмет­бекқызы Ысқақтегі көзі тірісінде: «Балам, мен фәни дүниеден бақи дүниеге аттанарда дас­тар­қаның жүдемесін, мына сүйікті Күлжікен келінім екеуің, ағайын, жұрт болып дұрыстап шығарып салың­дар. Кейін шамаларың келіп жатса, анда-санда құран бағыштап, естеріңе алуды, қабі­рімнің басында болып тұру­ды да ұмытпассыңдар», – деп отыратын...
Анамыздың аманаты бір сәт жадымыз­дан шыққан емес. Желтоқсан айы. Күн жұ­ма. Ардақты анамның қабірі басында бо­лып, білген аятымды оқып, енді кө­лік­ке қарай бет алғанымда жол жиегіне тоқ­таған таксиден екі-үш адам түсті.
Орта бойлы, ашаң жүзді, талдырмаш денелі азамат: «Көке, ассалаумағалейкум!» – деп сәлем берді. Қысқа ғана амандық-сау­лықтан соң, аздап жөн сұрасқандай бол­­дық... Ойымда қалғаны: «Оңтүстік өңір­­ден келіп едік, мен Қайрат деген ұлы­ңыз­дың әкесі едім...» «Жаманның ақылы ар­тынан кіреді», – дегендей, сол сәтте бұл сөзге мән бермегеніме өзімді-өзім кінә­лай бастадым. Несіне асыға қалдым. Неге дұрыс­тап жөн сұраспадым екен?. Қайрат, ә, ... Нағыз Қайрат Рысқұлбековтің әкесі бол­са, онда әбден ұят болды-ау? Япыр-ай, ә... Үйге, дәмге шақыру да менің жө­нім еді ғой», – деп іштей күбірлеймін де. Қыс­қасы, кәдімгідей мазасыздық пайда болды. Жел­тоқсан көтерілісінің батырлары – Қайрат, Ләззат тәрізді ұлтжанды ұл-қыздарды еске алған сайын менің өкінішім үдей түсті.
Сөйтіп жүрген күндердің бірінде, нақты есімде жоқ, әйтеуір бір шаруамен облыс­тық прокуратураға бардым. Үшінші қабат­қа көтеріле бергенімде, Қайраттың әкесі Рысқұлбеков Ноғайбайдың дәл алдымнан шыға келмесі бар ма?! Ұмытпасам, бұл 1991 жылдың қысы. Және де Қайраттың аты аталып жүргенімен, оның Желтоқсан батыры бола қоймаған кез.
Адасып қала жаздап, Алла табыстыр­ған Ноғайбай бауырыммен үш күндей бірге жүрдім. Бір күн үйде қона жатып, шаңы­рағымыздың қадірлі мейманы болды. Біраз әңгіме-дүкен құрдық. Басы қаралы, жаны жаралы азаматымның қотырын қаси бермейінші деген ниетпен дастарқан басын­дағы әңгіме желісін өтіп кеткен қайта құру саясатына, Семей тарихына, Алаш көсемдері, ұлт зиялылары төңірегіне қанша ойыстыруға тырысқаныммен, әке жанын күйзелтіп, жүрегін сыздатқан, жыл аспай жатып шашын ағартқан аяулы да боздақ жан Қайрат Ноғайбайұлын ауызға алмай отыра алмадық.
– «Әке, Мұқағали көкем Абай атамды көп оқыған-ау, ә», – деуші еді құлыным, – деп күрсінеді серіктесім. Енді бірде ұлы Абай­дың өлеңдерін оқып отырып: «Абай­дай алыбы бар ел ардақты да аруақты ғой деймін», – деп көзіне жас алады қонағым. Мон­­шақтап түскен ыстық жас маған да оңай тимеді. Арасында қонағымды өзім­ше жұбатқан боламын...
– Байқаймын, Қайратымыздың ша­малы ақындығы да болған-ау, – деймін сөз арасында.
– Шамалы емес, ақындыққа кәдімгі­дей құмар-ақ болды. Іңір түсіп, мал жайланып болған сәттің кейбір кештерінде балалар­дың бәрі үйде, ал Қайратты таппай қала­мыз. Сөйтсек, ол ауыл қарттары бас қосып, әңгіме-дүкен құрған ортада, әдебиет сүй­гіш мектеп оқушыларының тең орта­сын­да жүреді екен. Бір пісуі ішінде дей ме, әйтеуір өз көңілі толмайынша, қандай да бір туындысы болсын, оны дауыстап оқу­­ға асықпайтын, – дейді Ноғайбай үл­кен бір мейіріммен.
Баласының балғын шағы, бал мінезі, өнегелі істері жайлы сөз қозғаған сайын Но­ғайбайдың ақ сары жүзі нұрланып, бо­йы­нан кәдімгідей мақтаныш сезім билеген нышан сезіле бастады. Мұңды бір сәтке ұмытқандай әсер байқалды. Бай­қаймын, қонағым әңгіме желісін енді мүлдем үзгісі келмеді.
– Ауыл мектебі әдемі бір кеш өткізді. Арнайы шақырған соң бардым. Кеш маз­мұны ұлт тарихы, ұлттық рух, ұлттық са­на төңірегінде болғандықтан, маған да бі­рер ауыз сөз айтуға тура келді, – деп әңгі­месін онан әрі жалғастырды Ноғайбай інім. – Бұ­рын қазақ халқы қандай еді, еркін­дік аңсаған ұлтымыз жөнінде не білеміз де­ген­ді түсіндірмек болып:
– «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан ел­міз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау шаппасын деп, най­за­ға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басын­баған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз. Ас­қақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды. Анадан қыз туса, күң бо­ла­мын деп тумайды» деген екен Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз. Көрдіңдер ме, қа­лай?! Міне, қазақ деген қандай бол­ған! – дедім.
Отырыс, басқосу орайына қарай айт­қан осы бір жолдарды қойын кітапшасына тәптіш­теп көшіріп алып, жаттап алғанша Қайра­тым­да маза болмады ғой.
Бірде көңілді, бірде көңілсіз әңгімеге ауыса отырып, үш күндей дәмдес, сырлас, мұңдас болған жайда Қайраттың 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, алаңда болған қақтығыстар кезінде Савицкий деген жа­сақшыны өлтірді деген жалған жала жауып, Жоғарғы сот коллегиясының 1987 жылғы 18 маусымдағы үкімімен өлім жа­засына кесіліп, артынан кешірім жасалып, ол 20 жыл бас бостандығынан айыру жа­за­сымен ауыс­тырылғандығын, ал келесі жыл­дың 21 мамырында «Қ.Рысқұлбеков өзі­не-өзі қол салумен өлді» деген ресми жо­рамал жа­сал­­­ғандығынан хабардар бол­дық. Бұл, әрине, мейлінше түсініксіз жайт.
Содан да болар, сұрқия саясаттың қор­лауы емес пе, бақи дүниеге аттанған Қай­рат­тың қашан, қайда жерленгені де құ­пия­ға айналды. Марқұмның ата-анасына жай көз қылып қана жеделхат жіберіл­гені­мен, үш әріптің үндеместерінің шарт қойып қор­­қытулары және қатаң бақылауы нәти­жесінде үстемдік құжат жасалып, мәйітті жерлеуге не елге алып кетуге ешкім бара алмайтын болып шығады.
Тоталитарлық жүйенің сорақылығы, бо­дандық құрсауының қазақ халқын сон­шалықты қор, мазақ етуі емес пе? Қайрат­тың қабірінің басына баруға ата-анасы, бауырлары, ағайын-туыстары келгенде, қатаң тапсырмамен шырмалған құқық қор­ғау органы қызметкерлері ақылға қо­ны­м­­сыз сылтау айтып, мәйіттің жер­лен­ген орны жөнінде тіс жарып ештеңе айт­паған. Ал кейінірек кейбір сол кездегі билік ба­сын­дағылар (аттарын атап, түстерін түстеп жатудың дәл бүгін қажеті жоқ шы­ғар) марқұм Қайраттың қала сыртындағы зиратына барып қайтуға көлік сұрай бар­ған анасы Дәметкенге:
– Уақыт басқа, заман өзгерді, соны түсін­бейсіз бе? – деп құрғақ сөзбен шыға­рып салған да болатын. Бұл жай Дәмет­кеннің есінде болар...
Қазақстанды әкімшілік-территория­лық аймаққа балап, республикамыздың дер­бес Компартиясын бастауыш ұйым дәре­жесінде санап, оның басшылығына осын­дағы жергілікті ұлттың тарихи даму ерек­шелігінен мүлдем бейхабар біреуді отыр­ғыз­бақ болған үкімет туған жері­нің, ата-бабасының, елінің Тәуелсіздігі мен егемендігі үшін шовинистік пиғылға қар­сы үн қатып, қыршын жасын құрбан еткен боздақтың жатқан жерінің топырағын си­пауға әке-шешесін, ағайын-туыстарын зар етті.
Уақыт қашанда өз заманына, өз дәуі­ріне төреші емес пе?! Замандар бойына отаршыл озбырлар қанша күш салса да, рухымызды сындыра алмапты. Желтоқсан алаңына шыққан жас буын өкілдері, зия­лы қауым атсалыса жүріп, ержүрек ұлы­мыз Қайраттың қабірі табылды. Ескерткіш орнатылды. Орта мектепке аты берілді. Кө­ше аталды. Әкімшілік әміршілдік жүйе­нің құрбаны болған Қайрат Ноғай­байұлы Рысқұлбековтің басына қойыл­ған белгі тасқа:

Қазақ деген затым бар,
Қайрат деген атым бар.
«Еркек тоқты құрбандық»
Атам десең, атыңдар!

– деген батыр ұланның ұлтжандылықтан, әділет жолын­дағы күрескерлік сезімнен оянған патриот­тық өлең жолдары қашалып жазылды.
Батыр ұлдың әкесімен өз басым үш рет жолығыппын. Ең соңғысы, Алматы қа­ла­сын­дағы Абай мен Достық даң­ғыл­да­ры­ның қиылысындағы жерасты жолының дәл түсе берісінде. Түсі сынық, өңі жүдеу екен. Мен білген қырауланған шашы мүл­дем ағарайын депті.
«Ауруханада ұзақ жаттым. Кеше ғана шықтым. Бірер күнде елге қайтам. Дәрігер таза ауаға, аққа барғаныңыз дұрыс болады дейді», – деді. Ұмытпасам, бұл 1993 жыл болуы керек.
Тәлім-тәрбиелі, ұлағатты, отаншыл, ұлтжанды ұл тәрбиелеген ініммен қазақша төс қағыстырып, құшақ жая құшақтасып қоштастым.
Қайран бауырым, сүйікті ұлыңның ор­ны толмас қайғысы сені әбден сорып, мұ­жыған екен-ау деген оймен ол көзден таса болғанша көз айырмай қарап тұр­дым.
...Артынан естідім, Ноғайбайдың ден­саулығы түзеле қоймапты. Көп кешікпей қайтыс болыпты. Өкініші, әрине, көп. Тым болмағанда баласы Қайраттың Халық Қаһарманы атағына ие болғанын ести алмай кетті ғой.
Ауызекі тілде «өкінішті», «өкініші жоқ» дегенді айтып жатамыз. Осы ретте қадай айтарымыз, Халық Қаһарманы Қай­рат Рыс­құлбеков өмірден жастай кетті. Күре­сі­нің жемісін өз басы көре алмады. Бірақ ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аң­саған еге­мендікті, Тәуелсіздікті «мың өліп, мың ті­ріл­ген қазақ» халқы көріп жатыр.
Тәуелсіздіктің небәрі 20 жылында Қа­зақстан дүниежүзі таныған және мо­йын­­даған мемлекетке айналды. Егеменді елі­міз­дің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың басшылығы арқа­сында республикамыз әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына қосылды. Демократия­ландыру бағытын берік ұстанған еліміз Тәуелсіздігіміздің бүгінгі 20 жылдық ме­рей­тойын ауыз толтырып айтар мерейлі табыстарымен қарсы алып отыр. Респуб­ликамыздың түкпір-түкпірлерінде аталып жатқан бүгінгі салтанат сол кешегі Жел­тоқсан жаңғырығының, көпұлтты рес­пуб­лика халқының ынтымақ, береке, күрес­керлік берік ұстанымының жемісі, жеңісі деп есептейміз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста