1991 жыл болатын. Бұл, еліміз тәуелсіздігін жария етіп, мәре-сәре күй кешкен ерекше кезең. Елбасының үндеуінен кейін әлемнің әр түкпіріндегі қандастарымыз ат басын атажұртына бұрып, көш көлігін қамдай бастағаны да осы тұс. Алғашқы болып Монғолиядағы қазақтар қозғалды. Солардың бірінші легін Үштөбе қаласынан қарсы алып, Қапал ауданына қоныстандырғандардың қатарында мен де бар едім. Байырғы Отандарына сағына жеткен жұртшылықтың қуанышында шек жоқ. Жергілікті билік өкілдері де алыстан жеткен ағайындардың көңілінде дық қалмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, қонақжайлылық танытып-ақ жатыр.
Үштөбеде автобустарға отырған ағайындардың алғашқы ат шалдырған жері Қапалға кіре берістегі Шыңбұлақ деп аталатын көрікті тау аңғары. Сылдырлап аққан бұлағы, жабайы өрік-алмасы, бүлдіргені тұнып тұратын сұлу-ақ жер. Өткен-кеткен жолаушылар тынығатын арнайы орындар да жасалынып қойған. Осы жерге қазақ үйлер тігіліп, қазан-қазан ет асылып, жергілікті өнерпаздар әсем әндерін әуелетуде. Алыстан келген ағайындарды бірден дастарханға жайғастырып, алдыларына ас қойдық. «Қолдары – дәмде, құлақтары – әнде» дегендей, мәре-сәре болып жатырмыз. Әншілеріміз эстраданың сүйемелдеуімен Есенғали Раушановтың сөзіне жазылған Әбүйірбек Тінәлиевтың «Қара бауыр қасқалдақ» әнін шырқай жөнелді. Сол кезде бұл ән біздің қоғамда ерекше ілтипатқа ие еді ғой. Әннің қайырмасы айтыла бастаған. «Қара бауыр қасқалдақ, кері қайт. Ұя қалса иесіз, айдын үшін сол қайғы. Қаңғып келген шөрегей, көлге пана болмайды...». Кенет дастархан басында отырған әйелдер жылан шағып алғандай шар етіп жылап, ойбай-аттанға салмасы бар ма. Біз түк түсінбей әлекпіз. Жаңа ғана сый-құрметімізге риза болып, жайдары отырған қонақтарымызға не жазғанымызды білмейміз. Бір уақытта біреуі тілге келіп: «Сендер бізді қаңғып келген шөрегейге теңедіңдер. Ондай болса кері қайтарыңдар!...» – деп қарап отыр. Сонда барып мәселенің мәнісін ұққанбыз. Бәріміз жабылып, бұл әннің 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының орын алуына себеп болған Колбин деген келімсек басшыға арналып шығарылғанын, тікелей айтуға болмағаннан кейін ақын мен композитордың тұспалдап жеткізгенін түсіндіріп әлекпіз. Ағайындардың өкпесін басу оңайға түскен жоқ. Алғашқы ашулары саябырсығанымен, алдындағыдай жаймашуақ ахуалды қайтара алмағанымыз белгілі.
Осы бір оқиға, сондағы көрініс көңілімде қалып қойыпты. Әсіресе, алыстан арып-ашып ата жұртына жеткен ағайындардың бізді кәдімгідей медет тұтатынын аңғарғанмын. Өз Отаны дегенімізбен, олардың бөтен босағаға келген баладай жәутеңдей қарайтыны да сезілген. Олардың жүдеу көңілдері бізден жылы қабақ, жақсы сөз, қолдау мен қамқорлық күтетіні де түсінікті болған.
Содан бері де ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті. Тәуелсіз Отанында дүниеге келген жас сәби бүгіндері ат жалын тартып мінетін жігіт болды. Ағайындар жаңа ортаға сіңісіп, мұндағы менталитетке бейімделіп қалған. Әлемнің әр түкпіріндегі бір миллионға жуық қандастарымыз 40-тан аса мемлекеттерден Қазақстанға көшіп оралған. Шаңырағын ата жұртында көтеріп, отбасының отын алаулатуда. Жалпы, Қазақстан Израиль мен Германиядан кейінгі қандастарын тарихи Отандарына шақырып, оларға жан-жақты жағдай жасап жатқан үшінші мемлекет екені белгілі. Ол мәселе жиі айтылып жүргендіктен тоқталмай-ақ қоюды жөн көрдік.
Бір қарағанда бәрі қалыпты сияқты. Алайда, ел арасында Отанына оралған бауырларымыз турасында түрлі мазмұндағы әңгімелерді жиі естіп жүргендіктен оның сырына үңілуге тырыстық. Ең алдымен олардың «Оралман» деген анықтамаға үрке қарайтыны, көп жағдайда ашу шақырып, ренжитіні аңғарылады. Оқырман менің де бұл сөзден қашып, бірде «қандастар», енді бірде «ағайын-бауырлар» – деп, айналсоқтап отырағнымды байқаған болар. Жалпы, анау бір жылдары көші-қон комитетінің бастамасымен зиялы қауым өкілдері бар, ағайындардың өздерін қосып осы бір «оралман» сөзінің баламасын таппаққа әрекет жасалынған. Әркім әртүрлі пікір айтып жатты. Ақыры, баршасы «оралман» деген сөз Отанына оралған ағайындар үшін ең дұрыс анықтама деген пәтуәға тоқталған. Әділіне келгенде, заңдық тұрғыдан оларды белгілі бір сөзбен атау қажет екені түсінікті. Жоғарыда мен келтірген анықтамалар жанама айтуға ғана жарайды. Ендеше ата жұртына оралғандарды «оралман» дегенде не тұр?! Оралу... келу... қайту...мәселенің мәнісін ашса, «ман» сөзі Роман тілінен алғанда «адам» деген ұғымды білдірмейді ме. Демек, Отанына оралған адам деген сөзден арланудың қажеті қанша? Бұл жалғыз менің пікірім емес екенін ескерте кетейін. Айтпақшы, өткен ғасырдың 50-ші жылдары ҚХР-дан қайтқан ағайындарды күні кешеге дейін «қытай» деп келгеніміз жұрттың жадында. Олардың жанында «оралман» дегеніміз, «айналайын» дегенмен бірдей сияқты болып көрінеді.
Ендігі бір мәселе, бауырларымыздың мінез-құлқына, іс-әрекетіне, қылықтарына қатысты туындайды. Адамдардың өздеріне ұқсамайтындарға үрке қарайтыны, көп жағдайда жақтырмайтыны, тіпті шеттетуге тырысатыны қазаққа ғана тән қасиет емес. Германияға бізден көшкен қандастарын жергілікті немістердің келген жеріне орай «орыс» немесе «қазақ» дейтінінен хабардармыз. «Көршің соқыр болса бір көзіңді қысып жүр» – дегенді айтқан қазақ әркімнің жүрген ортасына бейімделетінін, бара-бара соларға ұқсап кететінін де меңзеген. Бәлен ғасыр бойы ортақ үйімізді орыстармен бөліскен біздердің бойымызда соларға тән қасиеттер қалыптасқаны ешкімге құпия емес қой. Ендеше, түрлі мемлекеттерде тұрған ағайындарды менталитеті басқа деп кінәлау, жұмсарта айтқанда ағаттық болар еді. Мысалы, зерттеушілер оралмандарды мәдени ортасына қарай «моңғолдық», «қытайлық», «кеңестік» және «исламдық» деп төрт топқа бөліп қарастырады екен. Бұл жерде алдыңғы үшеуі түсінікті болса, исламдық деп Иран, Түркия, Ауғанстаннан келгендерді атайды. Осы аталған мемлекеттердің әдет-ғұрпы, салт-санасы, діни ұстанымдары, мәдени құндылықтары, көзқарастары әртүрлі болғанда, ол елдерден келгендерден бірегейлікті талап еткеніміз дұрыс болар ма екен?! Өзгені қойғанда, Өзбекстаннан келген қазақтар мен Ресейде туып-өскен қандастарымыздың мінез-құлқындағы айырмашылық жер мен көктей емес пе? Соның бәрін бір арнаға тоғыстырып, ортақ құндылықтырды қалыптастыру үшін уақыт керек.Төзім мен шыдамды жанымызға серік етсек, ол күннің ауылы да алыс емес.
Мен бауырларымыздың ата жұртына оралуын жан-тәнімен қолдаушылардың қатарындамын. Бұл сезім, Сабыр Адай айтқандай, «Әр қазақ менің жалғызым...» – деген сүйіспеншіліктен ғана туындап отырған жоқ. Бұл, елімнің қуаттылығын, жерімнің бүтіндігін, тілімнің тазалығын армандаудан бастау алған мүдделілік. «Көп қорқытады, терең батырады»– дейді қазекем. Бір жағымызда құмырсқадай қаптаған қытай, екінші қапталымызда ормандай көп орыс отырғанда бейқамдық бізге жараспайды. Тәуелсіздік алысымен Елбасымыздың әлемдегі қандастарымызды жатпай-тұрмай жинау саясатының дұрыстығын бүгін Украинада болып жатқан оқиғалар дәлелдеп берген жоқ па. Қатарымыз 70 пайызға жетіп, жарылқап қалдық. Әйтпесе, өз жерінде аз ұлт болып есептелген біздің сөзімізді кім елер еді. Қиыр жайлап, шет қонып жүрген ағайындардың алғашқы легі өткен ғасырдың 50-ші жылдары оралды деп әлгінде айттық. Олардың келуімен орыстанып бара жатқан тіліміз бен салт-дәстүріміз, мәдениетіміз бен дініміз қайта бір жаңғырған. Ал, кейінгі келген толқын ұлттық болмысымызға соны бір леп әкелген жоқ па. Монғолиядағы қаймағы бұзылмаған халықтық дәстүр мен әдебиет, Қытайда еркін дамыған ғылым мен мәдениет отандық ортақ қазынаны жаңа биікке жетеледі десем, ақиқаттан алыс кете қоймаспын. Әнші Майра Мұхаметқызы, биші Шұғыла Сапарғалиқызы, Спортшы Мұстафа Өзтүрік, тарихшы Зардыхан Қинаятұлы сынды көптеген қандастарымыз ел абыройын асқақтатып жүр. Ендеше неге біз олардан бойымызды аулақ ұстауымыз керек?...
Біз, несіне жасырайық, қолымызға портфель ұстаған бастық болғанды ұнататын халықпыз. Балаларымызды оқытқанда да сот, прокурор, әкім болсын деп оқытамыз. Өзімізге жетпей жатқанда оралмандарға бастықтың орнын кім бере қойсын. Сондықтан олар хал-қадірлерінше күнкөріс қамын жасап бағуда. Қолдарынан келетін кәсіппен айналысатын да солар. Монғолиядан келгендер мал өсіру мен ұсталыққа бейім болса, қытайдан оралғандар жер өңдеуге жақындау. Өзбек ағайындардың тәрбиесін алғандар құрылыс пен сауданы шырқ айналдырады. Осы салаларда алға озғандарын көрген осындағы бауырлардың кейбірі қызғаныштың қызыл отын тұтатып, байбаламға басып жүр. Менің бір досым өзі куә болған бір жайды әңгімелеген: «Ауылға ата-анасы мен ағайындарын Қытайда қалдырған бір жас бала келді. Алғашында таныстарының үйін жағалап жүрген ол аз уақыт өткеннен кейін өзі сияқты оралман қызбен тағдыр біріктірген. Қуанышқа жиналған туыстары екеуіне баспана сатып әперіп, жөндеріне кете барды. Бір күні әлгі жігіт үйін сатыпты деп естідік. Өзге жаққа көшетін болар деп ойлағанбыз. Жолаушылап келе жатқанымда, көлік күтіп тұрған сол жігітті жолықтырып, жөн сұрасқанмын. Сөйтсем, үйден түскен қаражатқа тау бөктерінен жайылымдық жер сатып алып, енді қора-қопсы мен өздері тұратын баспана тұрғызып жатқан жайы бар екен. «Үй қайда қашар дейсің, аға, – дейді ол сонда. – Алдымен жер алып, мал басын құрап алсам, қалғаны бола жатпай ма...». Екі жастың біріне келмеген баланың жасап жатқан тірлігі осындай». Мен өзімнің қолымнан мұндай шаруа келмейтінін ұғына отырып бейтаныс бауырым үшін шын қуандым.
Енді Отанына оралып жатқан ағайындардың сапалық құрамына келейік. Біздегі бар деректерге жүгінсек, 825 мың оралманның 41 мыңы жоғары білімді маман, тағы 93600-інің арнаулы орта білімі бар, еңбек жасындағы адамдар екен. Олардың тек 4 пайызы ғана зейнеткерлер. Яғни, мемлекетке масыл болмайтындары анық. Ағайындардың отбасында бала туу көрсеткішінің жоғары екенін ескерсек, еліміздің демографиялық ахуалын жақсартуға сүбелі үлес қосып жүргенін байқаймыз. Сондықтан, кішкентайынан еңбек пен білімге құштар етіп тәрбиеленген жастар күні ертең өзгелерден озық шығып жатса, оған оралмандарды кінәлаудың еш қисыны жоқ.
«Бір рет көшкеннен екі рет өртенген артық» – дейді орыс ағайындар. Өртке шалынғанның несі жақсы дейсің, салыстырмалы түрде айтқандары болар. Ал, жылына әлденеше рет қоныс аударып үйренген қазекем үшін бұл дәстүрлі дүние. Десе де, араға мемлекет салып, талай ұрпаққа құтты қоныс болған мекенін қалдырып, ауа көшу қашанда қиын. Осы жерде қайсыбір азаматтардың шет елдердегі қазақтарды қиыншылық туғанда Отанын тастай қашқандар деген пікірлерінің жаңсақ екенін де ескерткім келеді. Әрине, қызыл қырғын жаппай етек алғанда қара қазан, сары баланың амандығын ойлап, шекара асқандар да болған. Алайда, олардың басым көпшілігі Қытай мен Ресей арасындағы шекара бөлісінен кейін амалсыз ағайыннан ажырап қалғандар екенін тарихтан хабары бар әркім білсе керек. Сондықтан бүгінгі оралмандар – ұлты мен ұрпағының қамын ойлап кезінде шекара асып, елі тәуелсіздік алғанда Отанын гүлдендіру үшін жайлы қоныстарын тастай көшу арқылы екі рет көзсіз ерлік жасаған жұрттың жұрағаты. Күнделікті тіршілікте әлдебір түсінбестіктен туындаған дау шыққанда таразы басына осы бір жайды да салған жөн шығар.
Әрине, бес саусақ бірдей емес. Көптің ішінде бір қарын майды шірітетін құмалақтардың да жүруі заңдылық. Жақсыларымыз бен жайсаңдарымыз бәле қуған арызқойлардың кесірінен жаппай атылып, біреуді сыртынан көрсетуді сатқындық деп ұғатын біздер үшін домалақ арыз жазу адамгершілік ұғымымен қиыспайды. Өкінішке орай, қип етсе қағаз-қаламын ала жүгіру оралмандар арасында қалыпты тірлікке ұқсайды. Ол әрекеттері әділдікке бастаса жөн ғой, өздерінің айтқаны бола қоймағаны үшін ғана «тисе терекке, тимесе бұтаққа» – деген оймен домалақ арызды дөңгелете салатындар жетерлік. Өкінішке орай, мұны сауалнама жүргізілген жұртшылықтың түгелге дерлігі тілге тиек етеді. Бұл, енді, жүре келе арылатын жеңіл дерт деп түсінейік.
Бір ғана мақалада оралмандарға қатысты барлық мәселені айту мүмкін емес. Көші-қон саясатының жағдайы ғана үлкен бір әңгімеге жүк болары анық. Біз тек ел арасында жиі айтылып жүрген, тақырыптың үстінде жатқан жайларды қарастырып, өз пікірімізді жеткізуге тырыстық. Және оны өзгелерге күштеп таңудан да аулақпыз. Ойлы оқырман керегін алып жарамсызын тастар. Тек, «Ата жұртым, қазағым!» – деп келгенде оларды «қаңғып келген шөрегей» емес, айдынына оралған қаны бір бауырымыз – қара бауыр қасқалдақ деп қарағанымыз жөн болар еді. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды», ат төбеліндей азғана қазақты алдымен жүз бен руға, содан соң бай мен кедейге, келе-келе оралман мен жергіліктіге бөле берсек, ел болмағымыз қайдан, ағайын!
Abai.kz
Қара бауыр қасқалдақ
Последние статьи автора