Неге екенін білмеймін, шетелге іссапарға шығу туралы сөз болса, мен Моңғолияға барып келейінші деп сұранатынмын. Көп тілші Европа сияқты дамыған елге барғысы келгендіктен, менің бұл ұсынысыма күлетін. Бірақ сәті түсіп осы арманыма қазанның аяғында жеттім. Білетіндер бұл уақытта қара суық түсетінін айтты, видеоға ілінер қызық болмайтынын ескертті. Сонда да бір күш сол жаққа тартты да тұрды. Енді осы жерден сәл үзіп мына жолдарды жаза кетейін. Мысалы, журналист, турист ретінде шетелге шығу керек болса бірден сол қала, ел туралы интернеттегі ақпаратқа жүгінеміз. Орысша бәрі сайрап тұрады. Билет алудан бастап, қонақ үй, қыдыратын жерлер, шопинг...кете береді. Ал қазақша «Википедия» ғана құп-құрғақ ақпарат береді де қояды. Сол себепті осы блогты жазуға бел шештім. Әрі сапардан естелік те болып қалады. Сонымен, бастайын. Бұл жерде билет алудан бастап, сол елдің естіген-білген тарихы, әлеуметтік жағдайы бәрі аралас баяндалады.
Моңғолия! Астанасы Ұлан Батыр. Қазақтар көп шоғырланған аймағы Баян-Өлгей. Баян Өлгей мен Ұлан Батыр арасы 1600 шақырым. Ұшақ бар. Барып қайту үшін билет құны 80 мың теңге. Жеңіл көлікпен 2 күн жүресіз дейді. Жолдың біраз жері әлі жөнделмеген. Ал Баян –Өлгейге Астанадан аптасына бір рет әуе рейсі бар. «БекЭйр» компаниясы сынама ретінде әзірге ұшақтарын жіберіп тұр. Егер өзін-өзі ақтаса, болашақта да әуе қатынасы жалғаса бермек. Түсінікті, қатесіз қазақша жазуларына қарап компанияға разы болдым. Кейбір компания сияқты «құтқару кеудешесі күрсіңіздің астында» деген шала сөйлем жоқ. «Құтқару кеудешесі орындығыңыздың астында орналасқан» деп қойыпты. Әрі пилоттары мен стюардессалары өте сыпайы екен. Қасымызға осы ұшақтың инженері Кеңшілік деген жігіт отырды. Авиация саласы туралы көптеген қызықты мағлұматтар айтты. Өзі Баян-Өлгийден екен. Сол жақтағы қазақ-түрік лицейін бітіріп, Түркияда оқыпты. Ағылшын, түрік тілдерінде жақсы сөйлейді. Бір жақсысы, қасымызда отырған кісілер де біздің әңгімеге еркін араласа кетті. Жатсыну, қабақ шыту деген жоқ. Жанымызға жайғасқан жігіттің бірі Тілеубек болды. Моңғолияға құрылыс материалын тасымалдау туралы келісім жасамақпын дейді. Жолай танысқан кісілермен бір-бірімізді «фейсбуктен» тауып алайық деп жылы қоштастық. Әуежай өте тар. Ешқандай заманауи құрылғы жоқ. /Мына тәтті баланы сол жерде түсіріп алдым.
Әуежайдан бізді Баян-Өлгeй аймағы әкімдігінің баспасөз хатшысы Нұрболат деген жігіт тосып алды. Ол жерде таксилер де толып тұрады. Баға 500 -700 теңге. Тіпті ешкім болмаса, сол жерде үйлеріне кетіп бара жатқан кісіге жай-жапсарыңды айтсаң өздері ала кетеді. Әуежайда ақша айырбастайтын жер жоқ. Таксистер теңгені де ала береді. Өйткені ақша айырбастайтын орындар тек орталықта. Қобда өзінен басып өтіп, орталыққа келдік. Біздің шағын аудан орталықтарына ұқсайды екен. Жан-жағын сары-қоңыр таулар қоршап тұр. Баян Өлгий Алтай тауының арасында. Бейне бір қазаншұңқырда орналасқан сияқты. Бізді әкімдік ішіндегі қонақ үйге орналастырды. Өзге де қонақ үйлер көп. Бағалары қымбат емес. 3-18 мың теңге аралығында. Ақшамызды айырбастадық. Ондай жерлер бізде бірнеше қабат әйнекпен, темір тормен қоршалатын еді. Мұнда кәдімгі үй сияқты жерде орналасқан. Мейірімді апалар мен ағайлар. Жай-жапсарыңды бәрін сұрайды. Ешқандай чек бермейді. 5000 теңгеңіз 50 мың төгрөк болады. Әйтеу бір нөлі кем. Кафелер көп екен. Соның біріне кірдік, орталықтағы. Сірне мен ұн қуырдаққа тапсырыс бердік. Порциялары өте мол. Бір адам жеп тауысу мүмкін емес. Ал шайларын үйренбеген адам іше алмайды. Сүті көп, шайы аз болады. Әрі тұз бен қаймақ, май қосады. Ақымақ жегенін айтады деп сөге көрмеңіз, кез келген жолаушы үшін маңыздысы осы ғой. Бағалары қымбат емес. Екі адамға шамамен 1200-1300 теңге шығады. Кез келген дәмханадағы баға осы. Әрі дәмді, әрі тез, әрі көзіңді тойдыратындай мол әкеледі.
Біз Қытайдың жүрмейтін жері жоқ деп жиі айтамыз. Бірақ қазіргі кезде түріктің жүрмейтін жері жоқ сияқты. Баян-өлгийде де, Ұлан Баторда да түрік асханасы бар. Осы жақтарда моңғол түрік лийцелері де бар екен. Жағдайы жеткендер балаларын сол жерде оқытуға тырысады. Өз басым Түркияда оқыған 3 кісімен таныстым. Түріктің сериалдарын да біраз талқыладық. Біздің қыздар сол кинодан көріп, жігіттеріне ғашық болып, ұсыныс болса қол ұстасып кетіп қалады. Бірақ өмір деген кино емес қой деп қынжылады. Осы жерде айта кетейін, ол жақтағы қазақтар моңғолдарға қыз беріп, қыз алыспайды. Тіпті бола қалған жағдайда үлкендер біраз қарсы болады екен. Әрі келін не, күйеу бала моңғол азаматы болса, оны «үлкен ауылдың» баласы дейді. Қалай дәл тауып айтылған! Ал үлкен ауыл балалары тек өз тілінде сөйлейді, аздап ағылшыншасы бар. Орыс тілін керек те қылмайды. Туристер өте көп келеді екен. Қыста сәл саябырсыйды, мамырдан бастап арқасына жолдорбасын артып, тау-тас аралағандар көбейеді. Моңғолдар туралы аз сөз, естігендерімді жаза кетейін. Негізі өте жуас, кең, ақкөңіл халық. Жұмыстың бәрін ертеңге ысыра береді дейді. Қайтар кезде ұшақта қазақстандық екі жігіт Азат пен Мирхат Ұлан-Батор сапары туралы айтты. Жол сапасын бақылайтын жеке компаниялары бар екен. Қазір ел астанасынан басқа аймақтарға жол салынып жатыр. Бірақ дейді, Азат, құжат жүзінде жұмыс бітіру тіпті мүмкін емес. Олар құжаттан гөрі, сөзге сенетін халық. Жұмысқа 10 нан аса келіп, түскі асқа кетіп қалады. Кездесулердің көбі 4 ке қарай болып жүрді деп күліп отыр. Қайда асығасың, ол жұмыс ертең де бітеді ғой деп жүре береді екен. Асықпайтындары соншалық, шенеуніктер шілдеден бастап қазанға дейін демалады. Ол уақыт аралығында ешкімді таппайсыз. Бірақ айтқанынан қайтпай қоятын қайсарлықтары және бар. Тағы бір қызығы, олар жер қазуды күнә деп есептейді. Әлі күнге дейін қайқы бас аяқ киім киетіндерінің мәні бар, жүргенде жерді қазбай жүру керек. 50- жылдардан бері КСРО бірнеше кен орындарын тауып, жұмыс жүргізгендер бірде-бір моңғол азаматы ол іске бармапты. Күрек, қайла ұстағанның бәрі қазақ. Бір жағынан олар қазақтарды жақсы көреді, қандай жұмыс болсын ерінбей үйіріп әкетеді, әрі өте ұқыпты істейді деген пікір бар. Айтқандай, бұл халық 20 жылдан бері ғана мүрдені жерге көму дәстүрін қалыптастырған. Оған дейін, «Құбылай», «Шыңғыс хан» киноларындағыдай өгіз арбаға таңып, айдалаға жіберген. Мәйіт неғұрлым тезірек ит-құсқа жем болса, соғұрлым ол адам жұмаққа тез жетеді деген түсінік болыпты мыс. Мен іссарамен барғандықтан, тақырыбымның бірі, Моңғолиядағы тау-кен өндірісі болды. Баян-Өлгийден 130 шақырым жерде екен. Тау-тастың арасымен жүрдік. Өте сұсты, солай бола тұра өте сұлу. Бейне бір тау арасынан моңғол әскері шыға қалып шайқаса кететіндей қорқынышты. Дала суық. Қар ұшқындап тұрады. Біз барған кен орнынан вольфрам шығады. Шахтаға түскім келіп еді, рұқсат бермеді. Негізі стратегиялық нысан ғой, бірақ өздерінің нанымы солай. Кен орнын ашқан кезде бір дәстүрлерін жасатып, тау иесінен рұқсат-алыпты мыс. Сонда оның иесі сұлу, жас жігіт екен, әйел адамды онша жақтырмайды екен, тау аумағына ішімдік жолатуды құп көрмейді, тек тәтті жеу керек депті-мыс. Осылайша шахтаға түсе алмадым. Мәрмәр шығарып жатқан қазақ кәсіпкермен де таныстық. Инвестор болса, көп кәсіпті бірлесіп жасауға болар еді дейді. Іссапардың бір күнін малшы ауылдарды аралауға жұмсадық. Өмірімді бірінші рет қодас (як) көрдім. Бауыр жүні жалбыраған, жартылай жабайы мал екен. Суыққа өте төзімді. Малшылар қыстауға шыққанда қары қалың немесе мұзы көп жерге жатады дейді. Оның жүнінен қазір Моңғолия шұлық, байпақ тоқып, экспорттап жатыр. Негізі бұл жануарды Тибеттен жабайы күйінше әкелген дейді. Адамдар таспен атқылап, қораға қамап қолға үйретіпті. Содан бұл байғұстың бойында бір үрей қалып қалған. Жерден тас алған адам көрсе қорқып қашады екен. Мөңіремейді, ыңыранған, әлде ыңқылдаған дыбыс шығарады. Бірақ сүтінің майлылығы өте жоғары. 7,5 процент. Бізше, қаймақ. Сүтінің дәмін көрдім. Ұнады. Негізі сүт атаулысын ұнатпайтын едім, бір иіс шығып тұратын сияқты көрінетін. Бірақ сарлық (моңғолша) сүтін жиіркенбей-ақ ішіп алдым. Малшылардың ішкені айран, қымыз, сүт. Жегені ет. Бәрі таза тағамдар. Бұл жақтың қазағы соғымға 1 жылқы, 1 сиыр, 10 қой сояды екен. Оның бәрін өзіміз жемейміз, жартысынан көбі қонаққа деп сақталады дейді. Шәй ішу дәстүрі қызық. Қазанға суды қайнатады, оған 2-3 литр сүт қосады, және аз-маз шай салады. Болды! Шәйді қазаннан шәугімге құйғанда тұз салып жібереді. Оған үй иесі кесеге құйғанда сары май мен қаймақ және араластырады. Шынымды айтайын, іше алмадым. Турист ретінде барсаңыз, малма шай (пакетик) ала жүріңіз. Шәй жақсы ішіледі. Климат құрғақ, үнемі жел соғып тұрады. Беті-қолдың жарылып кетуі де сондықтан. Түрлі кремдер алып барса артық болмайды. Сосын, Баян-Өлгий, Бесбоғда деген жерлер теңіз деңгейінен 1300-4300 метр биіктікте жатыр. Сондықтан қысым жоғары. Түнде ұйықтау қиын. Түн ортасында жүрегіңіз тарсылдап оянуыңыз да мүмкін. Мен өзім қорқақ болғандықтан солай шығар деп ойлап жүргем. Тіпті жатқан жерімді аластап, үкі де іліп қойдым. Одан емес екен. Қазақстаннан барған кісілер де осыны айтты. Демек қан қысымын қалпына келтіретін шөпшай ішсе де артық емес. Қыста қар жатпайды, бірақ қара суығы оңай емес. Малшы ауылдың тіршілігі ұнады. Маздатып от жағады. Мал бақтым деген аты ғана. Өріске апарып тастаса өздері жайылады. Ұры-қары жоқ. Барлығында телефон бар, есіктерінің алдында бір жүк машинасы, бір мотцикл, бір джип не УАЗик тұрады. Теледилар көрсетеді. Үйлеріне спутник не «Отау» орнатып алғандар көп. Балалар «Балапан» көреді. Осы тұста бір философия айта кетейін... ренжімей оқи салыңыз...Негізі телевидение насихат құралы. Оған салынған қаржы ешқашан ақталмайды. Келе жатқанда әлгі жол қарайтын балалар сұрады, сонда сіздердің бірнеше мың шығарған іссапарларыңыз қалай ақталады? Ешқалай дедім күмілжіп. Біз насихат жасаймыз, көрген-білгенді өзге жұртқа көрсетеміз. Шетелдік бір командировка кем дегенде 500 мың теңгеге шығады. Бір адамға. Қалай ақталады? Дұрыс сұрақ. Ақтау керек. Ұлттық Арна басышығына разы бола отырып, тым болмаса сюжеттерден тыс осы блогты жазуға бел шештім. Өзінің миссиясын мінсіз атқарып отырған бір арна бар ол «БАЛАПАН»! Баян-Өлгий қазақтары сөз арасына моңғолша қосады. Оларды түсінуге болады. Өзге елде отыр. Ал балалары көп сөздерді қазақша атай бастапты. Ұмыт бола бастаған кейбір сөздерді үлкендердің өзі балалар аузынан естіп разы болып жатыр екен. «Балапанға» мен де разымын. Біз қазақ арасында отырып, баламыздың тіліне бақылау жасай алмаймыз. Бірақ баласы «Балапан» көретін көп ата-ана қазақ тілінде өздері сөйлей бастады. Философия тәмам. «Балапанға» бәрі разы. Суретте қыстаудағы балалар, теледидар көріп отыр.
Малшылар бай тұрады. 1000 бас қой, 40-50 ірі қара бар. Бірақ қой бағасы он мың, жылқы 100 мың теңге болады. Бізбен салыстырғанда арзан. Еттері тәтті. Жеген шөбі құнарлы дейді. Әрі мал қорада тұрмайды. Қысы-жазы жайылады. Экзотика іздесең Өлгийге кел. Бірақ олар бұл тұрмысты экзотикаға баламайды. Кәдімгі өмір. Кез келген үйден пұшпақ (бас киім) табылады. Оны түлкінің пұшпағынан тігеді. Біздің бас киімдердей жұмсақ емес, төбесі қап-қатты. Онысы аттан құлаған жағдайда басты қорғау мақсатында жасалған екен. Яғни каска! Бұл бас киімді керей пұшпақ дейді. Шалдардың бәрінде күміс белбеу бар. Бізге бас-көз боп ертіп жүрген Төлей Рахметұлы деген ағамыздың «үлкен үйінде» бір ғасырлық белбеу бар. (Сурет) Технологияның дамымаған заманында алтынның буына ұсталған күміс бедерлі дүние жасау шеберліктің шеберлігі! Тағы бір міндетті түрде болатын киім әйелдің елтірі жүнді, мәлін жағалы, қара торғын тоны. Жеп-жеңіл. Әрі өте жылы. Киіп едім, шешкім келмеді.
Менің қыстық киім деп киіп шыққан курткамды көрген бір ата әбден ренжіді. Өлесің мынандай киіммен дейді. Өлмесең де, ауру боласың. Рас та шығар. Ал әлгі ішікті қыз ұзатылғанда міндетті түрде жасау ішіне қосып береді екен. Бұл жақта қыз деген сөзді айтпайды. Қонағым деп қатты сыйлайды. Дұзым, тұзым (дұзка) деп айтады екен. Қызық иә. Мен көрген қызық, тіпті мен білмейтін тағы бір салт бар. Ол таңғы ас алдында кеселерін бір біріне тигізбей, жоғары көтеріп «бұйырсын» деп тілек айтады екен. Бұйырсын деп бізде қымыз іштік. Халық ақ көңіл, мейірімді. Егер Баян-Өлгийге барып, қонар жерім жоқ, жолаушымын деп екі түнде есік қақсаңыз кез келген үй құдайдай күтіп алатынына мен кепіл. Жұмыс бабымен Ұлан-Баторға ұшатын болдық. Ұшақ таңғы 9 да. Оператор тіпті 7 болмай шығып алды. Таксиге отырып, бұрқылдап сөйлеп барам, тым болмаса шай ішпедік деп. Таксист ата жылдамдығын сәл азайтып, жүріңдер онда үйге барып шәй ішіп алыңдар дейді!!! Мұндай таксистен қалай айналып кетпейсің. Әрине, барған жоқпыз. Бірақ осы бір ауыз жылы сөз бойды жылытып, ұйқыны шайдай ашты. Әнеки қандай адамдар. Суық деп айттым ғой, ол жақ. Малшы ауылды аралар алдында жылы етік іздедім. Базарда болады деді. Таксимен жеттім. Жан-жағыма алақтап келе жатсам, бір кісі жылы ұшарап амадасты. Ұшақта сіздермен келгем дейді. Етік іздеп жүргенімді айтып едім, менімен бірге 1 сағат ол да жүрді. Ақ табан етік нашар болады, қазір көбісі үйінде қолдан тігеді дейді. Бір апайдан етік алып едім, 15 минут жүрген соң аяғымды қыса бастады. Ұялмай қайта бардым. Жүре алмаймын, үстіне 1000 теңге қосып басқасын алайын дедім. Киілген нәрсені қалай алам деп ренжіді. Бірақ басқасын берді. Ақшасын берсем алмайды, сен жолаушысың, жолаушы мүсәпір, оған қиянат қылуға болмайды деп. Базарда бір таң қалғаным көөөп бильярд столы бар. Сауда болмаса сатушылар биллиард ойнайтын болғаны ғой. Моңғолиядан ою салып тігілген таза тері әмиян, жылы носкилер алуға болады. Оны кез келген дүкеннен табасыз. Ал ешкі жүнінен (шерсть) жасалған дүние қымбат. Кофталардың өзі 20 -40 мың арасында. Есесіне өте жылы дейді. Жақсы бұйымдар Ұлан-Баторда көп. «Гоби» деген сауда орталығы, түрлі дүкенер бар. Ал түйе жүннен тоқылған киім арзан. Бұл жерден Астанада таппай жүрген нағыз үкі сатып алдым. Біздегілер не екені белгісіз қанаттар ғой. Ал мынау таза үкі. Қазақтар үкі атпайды. Сондықтан, оны моңғол жігіттерге аттырып алады. Бірақ өздері пәле-қаледен қорғайды деп іліп қояды. Әр үйде түлкі, қасқыр, белдік, мылтық ілініп тұрады. Қонаққа барған мына үйдегі апа мен атаның төсегі таң қалдырды. Қырлап жиналған. Екі жағына кесте тұтқан. Және біздегі қызыл кілемнің екі шетіне жұрт баспасын деп іліп қоятын керме жіп тәрізді түп түзу, кестеленген бау тартыпты. Ол неге десем, ешкім отырмасын деген белгі екен. Қандай тектілік! Ас-суы мен жатар орнының тазалығына ерекше мән берген ғой, қазақтар. Жас-кәрісі бірдей әңгімешіл, қалжыңбас. Керек десеңіз штативті көтеріп кете береді, әне жерден түсірсең әдемі сурет аласың деп операторға кеңес беріп тұрады. Тіпті стендап (тілшінің кадрға кіріп сөйлеуі) кезінде былай десең дұрыс болады деп ақылдарын айтып тұратын редактор. Әртістіктері де бар. Кез келгені сөзге шешен. Жастар білімді. Тарих, әдебиетті, математиканы жақсы біледі. Өкінішке орай, біздің қоғамда «оралмандар жалқау, мемлекеттен сұрағанда ғана біледі» деген пікір қалыптасқан. Тағы бір келеңсіз сөз, біздің ата-бабамыз аштықтан қырылғанда, олар қашып кеткен, енді заман тынышталғанда қайта келді... Ешкім ренжи қоймас, бірақ өзім де солай ойлап жүруші едім. Баян Өлгийде 100 мың адам тұрса оның 91 мыңы қазақ. Бұл жаққа халық 1859-60 жылдары көшіп келген. Келген себептерін анық тарқатып айта алмаймын, тарихшы емеспін. Егер естігендерімді жазсам түрлі пікірлер туындауы мүмкін. Алтай асқан қазақтар жоқшылықты, қиындықты көп көрген. Қазіргі келгендері ата қоныс, түбіндегі ел осы деп келді. Ал ішінара жалқаулар да болады ғой, ел болған соң. Мысалы былай түсінемін, егер айдың жанында қазақтың ежелгі ата қонысы бар екен, жағдай жақсы екен десе, осында бір кебісті бір кебіске тығып, сөз аңдып, қоғамды жамандап отыратын біраз жалқау қазақ үдере көшер ме еді. Ондай-ондай хан қызында болады. Ал жалпы сол жақта қалған қазақтың тұрмысы жақсы. Жайлауды жақсы көреді. Маусым, шілдеде барлығы кигіз үй тігіп сонда отырады. Тіпті Өлгийде тұратын қазақтар да бие байлап, қымыз ішеді. Есігінің алдына кигіз үй құрады. Бәрін айт та, бірін айт дейді...менің айтарым көп. Сол жақта танысып, бізді тау-тасқа алып қасымызда бірге жүрген кісілер туысымдай болып кетті. Қимай қоштастым. Мен қайта айналып келем дедім. Әуежай, абыр-сабыр халық. Ұшақтан Астана көрінгенде алғаш келе жатқан біраз адам толқып кетті. Әлгі Хан шатыр қайда сұрап жатыр, қауқылдасып, қуанып жатыр. Подождите, соблюдайте очеред!!!деген қатқыл дауыс шықты. Паспорт тексеретін орысшалау қыздар дала қазағының көңілін нілдей бұзды. Алғашқы психологиялық қысым. Арсылдап, айқайласқан өмірге біздің ет үйренген ғой. Мөп-мөлдір көк аспан, даладай кең көңілді қазақы орта...оны айырбастап сұр қаланың сұрқай тірлігіне қайта араластым. естелік болсын деп жазғаным ғой. Әйтпесе ол жаққа қазір кім бармай жатыр дейсің...
Астана – Ұлан Батыр – Баян-Өлгей – Астана