НҰРҒИСА МЕН МҰҚАҒАЛИ

Әйгілі сазгер Нұрғиса Тілендиев пен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев арасындағы жарасымды сыйластық туралы кейде әркім әртүрлі пікірлер айтады. Бірі олардың «ерке» мінездері мен өршілдігін, енді біреулері шығармашылық жолдағы жарасымды сыйластықтарын… Қалай дегенде де, талант табыстырған қос тағдырдың бүгінгі ұрпаққа керек кереметтері жоқ емес секілді.
– Ойпыр-ай, адамға бас имейтін Мұқағали Нұрағаңның алдынан қия өтпеген дейді…
– Оны айтасың, екеуі бір ай бойы бірге болып, Нұрғиса ағамыздың шаңырағында отыздан аса ән жазған екен. Бірі өлеңін, екіншісі әнін шығарып…
– Адам сенбейді. Сонда отыз күн бойы Мұқағали қалай ғана тордағы арландай боп Нұрағаңның үйінде қамалып жатқан?!.
Осындай-осындай сұрақтарды естіген сайын сол шындыққа қалай көз жеткізсем деген іңкәрлік мазамды алған. 1992 жылдың қоңыр күзі болатын. Марқұм Мұқағали ағамыз туралы естелік кітап құрастырып шығуды парыз санап, бұл жұмысты қалай бастау керек деген сауалды алдымен өзіме қойып, одан соң ақын Мақатаевпен тіршілігінде жақсы араласқан белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлымен ақылдасуды жөн көрдім.
– Ниетің жақсы екен, бала! Бірақ, бұл естелік кітап өзгелерден нашар болса, онда арыңа сын. Ал естелікті кімнен бастамақсың? – деп сұрады.
Бұған дейін Әбділда Тәжібаев, Сырбай Мәуленов, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, генерал-майор Әбдіқайым Исабаев секілді елге танымал біраз адамдардан шағын естеліктер алғанымды, кейбірінің әлі жазылып жатқанын айттым.
– Беке-аға, бар ғой… генералға батылым жетсе де, Нұрғиса Тілендиев ағамызға осы бұйымтайды қалай айтудың жөнін таба алмай-ақ қойдым. Шынымды айтсам, сахнадан жиі көріп, талантына бас иіп жүргеніммен, бетпе-бет көрмегем. Оның үстіне, «мінезі» қандай екенін…
Бекең мұртының астынан ғана жымиған болды:
– Жан тәтті, ә, бала. Егер бұл кітабыңа Нұрағаң кірмесе, онда мұны тұзсыз ас дей бер. Кітап шығады ғой. Бірақ, Мұқағали тағдыры, әсіресе, өмірінің соңғы сәттері ашылмай қалады. Осыны ескер. Тартынатын ештеңе жоқ. Алдымен, Нұрағаңа барып, осы бұйымтайыңды айт. Қарсы бола қоймас. Бала, біліп қой, ол кісі саған күнделікті өзі жазып бере қоймайды-ау… Келіскен соң, әңгімелес. Қайталап сөйлес, сырлас. Қайтадан әңгімелес. Содан соң өзің отыр да жаз. Бейнеттенбеген адам кітап шығармайды. Ал іске сәт. Нұрағаңа жолыққан соң хабарлас, – деді Бексұлтан ағам.
Арада үш күн өткен соң Нұрағаңның «Отырар сазындағы» жұмыс кабинетіне келдім. Қызметші қызға Мұқағали туралы естелік кітап құрастырып жатқанымды, соған Нұрағаңның естелік әңгімесін қоссам деген ойым барын, мүмкін болса 5 минөтке қабылдауын сұрадым. Әлгі қыз ішке кіріп кетті де, кешікпей қайта шықты.
– Сәл күте тұрыңыз. Өзіміздің екі әртіс отыр екен. Босаған соң кіресіз, – деді.
Бір түрлі, мазам болмай тұр. «Сөзді неден бастаймын?.. Шарт ете қалса қайттім?..»
– Әй, әлгі Мұқағалиды жоқтағышың қайда? Шақыр! – деді іштен Нұрғиса ағамыз. Бір жас жігіт пен бір қыз шыға берді. Мен ішке кірдім.
– Ассалаумағалейкум, аға!
– Уәлекүмм салам!.. Ал сөйле! Қайдан келген баласың? Әй, осы сен қай ауылдың баласысың өзі?..
Мен бар бұйымтайымды айттым. Нұрағаң креслосын қозғалтып, кабинетінен Абылайхан көшесі жаққа қарап, көзі бал-бұлдап… біраз отырып қалды.
– Әй, менің Мұқағалимен жақын жүргенімді қайдан естідің? – деді біраздан соң.
Мен бір айда туған отыз ән туралы газеттен мақала оқығанымды айттым.
– Иә, солай болған, бауырым?! Әне, өтті де кетті?! Мақұл. Мен келістім. Телефонды жазып ал да, хабарласып тұр. Бір сәті түскен күні үйге келесің… Асықпай отырып сөйлесеміз сонда. Ескертіп қояйын, мен сенің «секретарь-писарың» емеспін. Мұқағалиға қатысты не білгің келеді? Сұра. Мен айтып беремін. Ал сен дұрыстап жаз. Кейін маған ұнамайды екен… Ренжіме! Төрт айырып қолыңа берем? Ұқтың ба?!
Алғашқыдай емес, өңі қатуланып, дауысы ашылып барады. Іштей қорқып тұрсам да, сыр бермей, таяуда хабарласатынымды, қажет сұрақтарымды ала келетінімді айтып, кабинеттен шықтым.
Дереу Бексұлтан ағаммен хабарласып, Тілендиевпен жолығып, уәдесін алғанымды айттым. Ол кісі де қуанып жатыр.
– Абай бол, бала! Ағаңның мінезі – «бірде – көл, бірде – шөл» дегендей… Қысқасы, ұрысса да, соқса да шыдайсың енді. Кірісе бер.
Есіл-дертім, бар ойым – Нұрғиса ағаның табалдырығын аттау. Мұқағали екеуінің отыз күн қалай бірге болғанын естіп, қағазға түсіру. Күні бұрын әзірлеген сұрақтарға жауап табу. Қайтсем де Нұрағаңмен сөйлесу.
Арада бір аптадан аса уақыт өткен соң ол кісі маған телефон арқылы келісімін беріп, түстен кейін үйіне шақырды.
Нұрағаңның қара шаңырағы Алматының қақ ортасындағы бұрынғы Карл Маркс көшесі мен Киров көшелерінің (қазіргі Бөгенбай батыр мен Қонаев) күншығыс жақтағы қиылысындағы ерекше сәнмен, жартылай дөңгелек қабырғалы, 4-5 қабатты әдемі үйде тұрады екен. Бұған дейін көп болмаса да тілші ретінде бірталай жерде болып, не бір елге танымал ағаларыммен әңгімелескем. Шыны керек, бұл жолы өзіме өзім келе алмай, бір түрлі қысылатындаймын…. Толқып келемін. Келіскен уақыттан 7-8 минөт ертерек келіп, автокөлігімді ыңғайлы орынға қойдым да, кабинада біраз отырдым.
«Нұрағаның «көңіл-күйі» қандай екен?..»
Тәуекел деп дәл келісілген уақыт болғанда есіктің қоңырауын бастым. Есікті жас шамасы өзім құралпас әдемі келіншек ашты. Қарындасы немесе балдызы шығар деп ойладым.
Жарты керегесі қазақ үйдікіндей үлкен асхананың ңақ төріндегі емен ағашынан жасалған үлкен үстелдің дәл төрінде Нұрағам отыр. Дастарқан мәзірінің бәрі бар. Қысылғанымды сездірмей, батыл барып амандастым.
– Кәне, қол шаясың ба? Дастарқанға кел! Әй, Дахан! Әлгі мен айтқан бала – осы. Мұқағалиды жоқтаймын дейді… Анауыңнан балаға… – деп, сол қолының саусағын сырт-сырт еткізіп еді, жаңа мен қарындасы деп ойлаған ару дереу рюмка алып келді. Мен қатты састым. «Іш дейтін шығар» деп.
– Аға, мен мәшинемен келіп ем… Оның үстіне, бұған онша…
– Маладес… Мынау деген у ғой. Керегі жоқ сендерге! Солай ма, Дахан?!
Сол қолына ұстаған әлгі дәмді алып тастаған соң, біраз үнсіз отырып қалды. Жанары жасаурап барып басылды.
– Інім, мына тіршілігің маған ұнап отыр. Бір-бірімізді боқтап жүрмей, жоқтап жүрейік. Сол дұрыс болады. Осыны әлгінде жеңгеңе де айттым. Мұқағали деген соң ғой. Әйтпесе, өстіп үйде отыратын кез бе қазір. Жұмыс бастан асып жатыр. Жаңадан концерт қою, гастрольге дайындық… Кеңседе көрдің ғой. Бірі кіріп, бірі шығып жатады. Үйде жөндеп сейлесейік дегем. Ал жүр, – деп, мені өзінің жұмыс кабинетіне бастады. –Кәне, не білгің келеді?
– Мұқағали ініңізбен ай бойы бірге болып жұмыс істеу идеясы неден туды, аға?..
– Бұл өзі ұзақ әңгіме. Мен тоқ етерін айтайын… 1975 жылдың күзі болатын. Жазған баланың өлерінен бір жылдай ғана бұрын ғой. Мұқағали еш жерде жұмыс істемей, үйінде шығарма жазып жатыр дегенді естідім. Бауырдан қатты азап көріп, ауырып жүргенін де білем… Неге екенін қайдам, інімді арнайы іздеттім. Нені жырласа да жеріне жеткізе, құлақ құрышын қандыра, жүрегіңді тербете айтатын ақынның сөзіне ән жазғым келді. Оған осы пікірімді айттым. Ол жауабын бірден ашық айтпады.
– Аға, мен бұған дейін әнге арнап көп өлең жазған емес едім. Ешкім қолқа да салмаған… Қалай болар екен? – деп, сәл тартынғандай болды. Тектілік қой. Әйтпесе, Нұрғиса деген атым бар. Маған сөзін өткізе алмай жүрген ақындар аз ба?.. Не керек, екеуміз келісімге келдік те, бірден біздің үйге бет түзедік. Ол кезде мен Алматы қаласының бұрынғы Коммунистический – қазіргі Абылайхан көшесі мен Гоголь көшесінің қиылысындағы «Қаракөз» кафесінің үстінде тұратынмын. Үйге келе салып, Мұқағалидың үйіндегі келінім Лашынға телефон арқылы мән-жайды түсіндірдім. Ағалы-інілі екеуміз, біріміз – композитор, екіншіміз – ақын ретінде бірлесіп жұмыс істейтінімізді айттым. Оған: – «Екі тентек» бірігіп, араңдайды деме. Ол менімен бірге. Үйімде болады. Бәрі менің мойнымда», – деп, ашығын айттым. Не керек, бала, өстіп ол екеуміздің бірлескен шығармашылық жұмысымыз басталып кетті. Бірінші күннен-ақ сәтті басталды. Жақсы басталды!..
Әңгіме барысыңда Нұрғиса ағамыз «Сарыжайлау», «Сәлем берем Жетісуға», «Сөнбейді, әже, шырағың», «Болмасын, соғыс, болмасын», «Кел еркем, Алатауыма», «Домбыра – досым», «Есіңе мені алғайсың» және басқа да отыздан аса әннің қай күні қалай, ненің әсерінен, қаңдай сәтте туғанын ерекше бір әсермен әңгімеледі. Мен жазып отырмын. Ол кез диктафонның журналистер қолына тие қоймаған тұсы болатын. Қолымның талғанына қарамай, лекция жазғандай, кейбір сөздерді қысқарта отырып, шамам келгенше үлгеруге тырысамын.
– Бала, мен саған «Мен сендерді іздеймін» деген әннің қалай шыққанын айтайын. Мұқағали екеуміз өндіре жұмыс істеп, күніне бір, кейде екі әнді өмірге әкеліп жатқан кез. Бір күні ініммен бірге Бауыржан Момышұлы ағамызға сәлем беріп келуіміз керек болды. Масқара болғанда, уәделі уақыттан бірер минөт кешігіп қалыппыз. Бәукеңнің үйіндегі жеңешеміз бізге ескерту жасады:
– Ағаларың күтіңкіреп қалды. Айқайлап алуы әбден мүмкін. Шыдаңдар.
Айтқаны айдай келді. «Сөгісімізді» алдық… Артынан батыр ағамыз жазылып сала берді. «Екі тентек» інісін жек көрмейтін.
Бәукеңнің бөлмесі көгала түтін. Біздің қиналғанымызды сезді ме, жарықтық қолындағы мүштекке салынған темекіні көрсетіп тұрып:
– Сендер білемісіңдер?.. Мен мына шылым деген пәлені неге жиі шегемін?.. Неге ана пәлені?!. Қан майданда қасымда жүріп, қас-қағым сәтте оққа ұшқан боздақтарды ойлаймын ғой! Сағынамын соларды! – деп қалды.
Мен Мұқағалиға, ол маған қарап, «дәл осыны жазу керек» дегенді көзбен ұктырдық бір-бірімізге.
Бауыржан батырдың үйінен шығып, біздің үйге жеткенше Мұқағали да, мен де өзімізбен өзіміз болдық. Ол өлең жолдарын, мен ән ырғағын іздеппіз ғой, сөйтсем. Үйге кіре, күйсандыққа отырдым… Ал Мұқағали Дариғаға:
– Маған асхананы бересіз бе. Жазуым керек, – деп, ол да отырыпты.
Міне, сөйтіп дәл сол күні «Мен сендерді іздеймін» деген тамаша ән дүниеге келді. Дереу белгілі әнші Нұрғали Нүсіпжановты іздеп, әннің дайын нотасын қолына ұстаттық. Кейін күллі Қазақстанға әлгі ән Нұрғалидың орындауында кеңінен таралды.
Егер біз сол жолы Баукеңе сәлем бере үйіне бармасақ, әлгі тамаша ән туар ма еді, жоқ па қайдам?.. – дейді, әңгімесін сабақтаған Нұрғиса аға.
Мен бұл жолы әйгілі сазгер Нұрғиса мен ақиық ақын Мұқағалидың отыз күн бірге жүріп жазған әндерінің бәрін санамалап, қайсысы қашан жазылғанын тәптіштеуден аулақпын. Ерекше қызықтыратыны – қос дара талантты табыстырған өнер деген құдіретті күштің, маңдайға жазылған тағдырдың «жұмбағы», көлеңкесі мен шуағы. Неге Нұрағаң Мұқағалидан басқа ақынды ай бойы үйінде баласыңдай мәпелеп, ішіндіріп, қажет болса киіндіріп, бірігіп жаңа әндер тудырмады?.. Анау-мынау ноқтаға басы сыймайтын «ерке» сазгер, ерен тұлға – Нұрғиса Тілендиев елден ерек Мұқағалиға ағалық жылы құшағын неге ашты?.. Бәлкім, талант табыстырған тағдыр деген осы болар?!. Егер, ардақты Нұрағаң ақын інісіне осындай мейіріммен қарап, өндіре жұмыс істеуге жетелемесе, Мұқағалидың артында мәңгілік әнге айналған осыншама ән-мұра қалар ма еді, жоқ па?..
– 1976 жылдың 27 наурызында Мұқағали дүниеден өткеннен кейін, қатты күйзелдім, – дейді Нұрғиса аға. – Ең соңғы рет оның нұрлы жүзін өз үйімде көремін деп ойлап па едім?!. Бір күні Мұқағали шарт сынғандай мінез танытты.
– Нұраға, еңді мені босатыңыз? Айдан аса үйіңде болдым. Алғыс! Мына «Сарыжайлауымыз» қазақтың гимніндей әніне айналды!.. Сол жетеді маған. Мына бауырым құрғырдың «ұстамасы» қайталайын деп тұр. Мен кеттім! – деді де, үйден шығып кетті. Екі-үш күннен кейін ауруханаға түсіпті деп естідім. Дахан анда-санда тамақ кіргізіп тұрды. Бір барғанында Мұқағали маған өлең хат беріпті. Өзім ауырып жүрген соң, «жүрегіне жүк түсер, кейін беремін» деп, Дариға әлгіні маған көрсетпеген ғой… Кейін Мұқаш інім бұл дүниеден озған соң, қолыма тиген әлгі өлең – «Есіңе мені алғайсың» еді. Көзімнен жасым сорғалап отырып, Мұқағали қасымда жоқта сол әнді жаздым, інім, – деп, жүрегі езіліп отырған сазгер жанарынан мөлдір моншақтарды төгіп-төгіп алып: – Дахан! Әкелші әлгіңнен, – деді…
Бұл – ұлы сазгердің ұлы ақынды жоқтауы екенін дәл сол сәтте мен толқып отырып толық аңғара да алмай қалыппын… Шіркін, өмір-ай?!. Сөйткен Нұрағамыз да Жамбыл тәтесінің жанында өмір уілін, заман сазын тыңдап, маужырап қана жатқандай!
Айтақын ӘБДІҚАЛ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты.

almaty-akshamy.kz сайтынан алынған

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста