Моңғолия қазақтары

Баян-Өлгей аймағының «Бесбоғда бүркіттері» атты палуандар одағының төрағасы, аймақтық саңлақ атбегі Нұрлат Қожабергенұлы  өз өлкесінің палуандарының таяу мерзімде мемлекеттік атақ алуын басты мақсат еткен ол еңбеккерлігімен  өзгелерге үлгі болып, халықтың ықыласына бөленіп жүрген жігерлі азаматтардың бірі. Ендеше моңғолша күрес палуандары мен жүйрік ат баптау ісімен пейіл қоя шұғылданып, айтарлықтай табысымен аз уақытта аймағымызға, ел көлеміне атақ-даңқы мәшһүр болып келе жатқан осы азаматпен өткізілген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
    - «Бесбоғда бүркіттері» одағының палуандары басқа аймақ палуандарынан жас мөлшері жағынан кенже деуге болады. Палуандар одағы құрылғаннан бері 10-ға жуық палуан аймақтық атаққа ие болыпты, осыған жаттығу үлкен ықпал етеді-ау сірә?
     - Иә солай, біздің одақ 2010 жылы орнаған. Содан 2 жыл өткенде туған аймағымызда ашылу салтанатын өткізген едік. Одақтың жаттықтырушы мұғаліміне Тұлба сұмынының азаматы аймақтық арыстан К.Қанат жұмыстады. Алғашында 30-ға жуық палуан жаттығу жүргізді. Одақ орнаған кезден бастап аймағымыздан аймақтық атағы бар 10-ға тарта жас палуан туып шықты.
       Моңғолдың ұлттық палуандар одағынан ұйымдастырылатын маусымдық күрестерге де нәтижелі қатысып келеді. Бірнеше жас палуанымыз мемлекеттік атақ алуға жақындай түскені қуантады. Мұның өзі палуандар үшін шама-шарқынша қолдау көрсетіп, бірге жұмыстап, талпыныс жасап келе жатқан Баян-Өлгей аймағы Әкімінің іс басқармасы, палуан құмар қауымның еңбегінің арқасы  деп бағалаймын.
     - Баян-Өлгей аймағынан  мемлекеттік атақ алған бес-алты палуан болған екен: Әбдіғажы, Қожағапан, Нұрқадыл, Мөнхбүрэн, Ожоон және Бақыт. Олардан бері біршама жылдар өткені көңілге селкеу салғаны да мәлім. Солардың жалғасы болып жуық жылдары мемлекеттік атақ алатын палуандар шығады дегенге сеніммен қарайтын көрермендер де аз емес көрінеді.
      - Мемлекеттік піл, қаршыға, лашын атағы бар палуандар болған. Мемлекеттік қаршыға О.Бақыт, аймақтық арыстан Ш.Мұрат ағаларымыз қазірде палуандарға үлгі өнеге болып, кеңес беріп жүреді. Одақ құрылған кезден бүгінге дейін 40-қа жуық палуан дайындық жасауда. Таяу мерзімде біздің әсіресе жаңа талап жас палуандар мемлекеттік жоғарғы атақ алады деген сенімдемін.
      - Қазақ  ежелден қажымас қайсар, еңбекшіл халық. Сол қасиетіне сай дайындықтарын жақсы жасайтын шығар. Сондай-ақ ынтымақ-бірлік те табыс ұйтқысы болмас па?
       - Біздің палуандар ғана емес барша халқымыздың ең бір ерекшелігі осы еңбеккерлігі. Ата-бабамыздан жалғасып келген бұл ғұрып бойымызға сіңген. Сонымен бірге үлкендері сыйлап, құрметтеу атадан балаға жалғасып қанға сіңген ізгі салтымыз. «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деп жастар өзара да сыйласып, көмектесіп селбеседі. Осы сыйластық, береке-бірлік табысқа жетуге айрықша әсер ететіні белгілі.
     - Ұлттық палуандар күресінің сыртында басқада спорт түрінен зор нәтиже көрсетіп, табыс шығарып жүргендер де аз емес. Соның ішінде аймақ арыстаны Б.Серік Жүдо күресінен 100 келі салмағы бойынша Н.Түвшинбаяр чемпионның ізбасары болып келеді ә?
      - Әрине, аймақ арыстаны Б.Серік спорттың табыс төріне өрлеумен келе жатқан жас арыс.. Өткен жылы мемлекеттік чемпион сыналту бәсекесінде Н.Түвшинбаяр чемпионмен алтын медаль үшін бәсекелескен ғой. Жуықта АҚШ-ның Майами қаласында болған әлемдік чемпионат сыналту бәсекесіне қатысты.
     - Жүдо күресінің әуесқойлары оны 2020 жылы Токио қаласында өтетін олимпиадаға қатысады деп үкілеп жүрген көрінеді?
     - 2016 жылы Риодада өтетін олимпиадаға да қатысатын мүмкіндігі бар деп сенеміз.
    - Солайы солай. Айып етпеңіз, Н.Түвшинбаяр чемпионның бәсекелесу мүмкіндігі жоғары болғандықтан солай сұрадым.
     - Иә Н.Түвшинбаяр чемпионның күші мығым. 2016 жылы да табысқа жететін шығар. Алдыңғы орындардан көрінері сөзсіз. Ал оның ізбасары Серік деп ойлаймын.
      Сол қатарлы бірнеше рет әлемдік чемпионат, олимпиада бәсекелеріне қатысатын мүмкіндгі бар. Өткен жылы әлденеше рет халықаралық үлкен сайыстарға, жастардың самбо күресінен әлемдік чемпионат,  мемлекетік чемпионат сайыстарына табысты қатысты. Үлкен үміт күттіретін келешегі бар жас спортшы. Жалпы Баян-Өлгей аймағынан Олимпиада, Әлем чемпиондары топ-тобымен шығады дегенге шүбаланбаймын. Ол үшін қазіргі қарқын, беталысынан танбауы керек.
      - Спортта табыс шығаруда отбасылық жағдай да маңызды ғой. Тұрмысы оңалмай жатса азамат оған қарамастан спортпен шұғылданып жүре берер ме?
     - Талап пен еңбектен тыс үй-тұрмыс, қаражат мәселесі аса маңызды. Менің де өзімдік бизнесім бар. Сондықтан да палуандарға ай сайын тұрақты айлық жалақы беремін. Үйіп-төгіп мол қолдау көрсетпесем де өздеріне, отбасына жағдай жасаймын. Сондай-ақ палуандарға деген көзқарасы дұрыс Баян-Өлгей аймағының басшыларына, Моңғолдың ұлттық палуандар одағына, жерлестер алқасына, палуанқұмар халық көпшілікке айтар алғысымыз шексіз.
      - Мемлекеттік атақ алуға жақын палуан деп кімдердің есімін ауызға алар едіңіз?
       - Баян-Өлгей аймағының палуандары басқа одақтардың палуандарына қарағанда жас мөлшері жағынан кіші, кенжелеу.  Сондықтан жастарды қолдап мемлекеттік атағы бар палуан шығару басты мақсатымыз болып отыр. Одақтың мұғалімдері, басқарушылары, қазірге дайындалып жатқан палуандар барлығы да жастар. Мемлекеттік атақ алуға жақындаған палуандар баршылық. Аймақтық арыстан М.Еркебұлан, Б.Баатарцол, Б.Серік, Н.Мұстафа, Аманбек қатарлы палуандарды айрықша айтуға болады. 
      -  Палуандықпен шұғылданып табысқа жету үшін барлық спортпен шұғылдану керек екендігін жаттықтырушылар көбірек айтады. Баян-Өлгейдің палуандырының спортпен шұғылдану мүмкіндіктері қандай?
           - Қанағатсыз емес. Қолдау көрсететін мекеме, жеке адамдар бар, солар өзара бірлікпен жұмыстаса спорт залы, оның жасау-жабдығы сынды қажетті нәрселерді толық қанымдайтын мүмкіндік бар.
      - Сізді жұртшылық ең әуелгі кезекте палуандарға жанашыр болғандығыңыз арқылы жақсы таниды. Енді атбегі бапкерлігіңіз екінші қырынан әйгілей бастады.
      - Біз көшпенділердің өрен-жарандарымыз. Моңғол, Қазақ халықтары атам заманнан атқұмар. Сол қан менде де бар-ау деп ойлаймын.  Бала кезімде жазғы демалысымда ата-анам ауылға жіберетін. Жылқы малына жақын өстік. Жүрісті жүйрік ат мінген сайын көңіл өсіп, ерте ержетіп келе жатқандай сезінетінмін. Атқа осылайша құмар болдым. Ал бапкер болғаныма аса көп уақыт бола берген жоқ.
      - 2010 жылы аймақтық үлкен тойда сіздің баптаған жүйрігіңіз топ жарып алда келген деп естідім?
     - Бапкерліктің қыр-сырын ұққаныма тым ұзақ уақыт бола берген жоқ. Баян-Өлгейдің 70 жылдық мерейтойы сол кезде болды. Сүхбаатар аймағынан  да аттар әкеліп тойға қосты. Азамат тойда үш кезең ағалап, мерекеде үш ән айтар болар деп моңғол ағайындар айтпақшы иық тіресіп күреспесем де жүйрік атымды бәйгеге қосайын деген бір ойдың жетегіне ердім. Міне қызық, ат шаппайды бап, әлде бақ шабатыны рас шығар, сәтіне жарай ең алдынғы ретте шапқан құла дөненім бәйге алды. 101 нөмірмен бәйгеге қосылып көмбеге жалғыз қара болып жетті, жануар. Содан бастап жігерленіп ат баптау өнерімен айланысып келемін.
     - Бұл өнерді сізге кім үйреткен?
    - Сүхбаатар аймағының Түшинширээ сұмынында тұратын аймақтық саңлақ ат бапкері Энхтайваннан жүйрік ат баптау тәсілін үйрене бастадым. Оның қажымас еңбекшілдігі менің қысқа уақытта үйренуіме негізгі себепкер болды. Жылқы малына жақын болатын нағыз моңғол адамы қандай болатынын сол кісіден үйренген едім.
     - Ат баптағаныңызыға көп уақыт болмаса да «жинаған ұпай» аз емес көрінеді. Өлкелік, аймақтық жарыстарда 30-ға жуық бәйге алу деген үлкен табыс қой?
      - Бес жылдың жүзінде аймақтық, жергілікті жарыстарда біраз бәйге алғаным рас. Ең соңғысы аймағымызда өткен Ер Жәнібек батырдың 300 жылдық мерейтойында жүйріктерімді қосып жуан аттардан бас бәйге және екінші орынды қатар алдым. Ата-бабалар аруағы, туған халқымның ақ ниеті қолдауы болар. Бәйгесі солардың үлесіне тиді. Өкіметтік тойда қосқан аттарым 20, 35-орындарда келгені жүздеген жүйріктен озғандығы еді. Бұл турада менде үйренсем деген, үйренетін нәрселер толып жатыр. Көздегеніме жетсем баптаған аттарым аламан бәйгелерде топ жарып еңбегімді ақтайды дегенге сенімім зор. «Жылқы жануар жығылған иесіне жалын төсейді» деген емес пе дана халқымыз.
     - Дундговь аймағында өткен орталық аймақтардың зоналық тойына қатысыпсыз ғой?
     - Иә, бесті атым алтыншы болып көмбеге жетті. Және Сүрэнхор марқұмның атында өткен тойда бас бәйге иеленіп жылдан жылға сәйгүліктерім ысылып келеді
      - 2012 жылы саңлақ ат бапкері болдыңыз. Үйренудің әурешілігімен жүргеніңізбен табыс төрінен көріне білдіңіз. Бұл жалықпай үйренудің берген жемісі болар?
     - Жылқы малына, жүйрік атқа жақын болғаным үшін жылқы иесі Қамбар ата қолдаған шығар,не ойласам сол орындалатынына шүкіршілік етемін. Мен қалалы жерде өссем де бала кезімнен осы түлікке ықыласым ауа берді.
      - Атақ-абырой дегенді не деп түсінесіз?
    - Мен адал еңбекті, халық алдындағы адамдық қасиетімді өмірлік ұстаным еткен адаммын. Адам еңбектеніп табысқа жетсе, халқынан ризалық алса атақ-абырой дегеніміз сол болар. Алайда ешқашан атақ-абырой, мәнсап-мәртебе үшін жанымды сала жүгірген емеспін. Ел-жұртқа зәредей де болса септігім тисе екен, солардың намысын қорғасам екен деген үміт, сеніміммен келдім. Бір сөзбен айтқанда атақ деген өз еңбегіңнің нәтижесі, жемісі ғой.
      - Моңғол елінің «Маңдай алды бас атбегі» атағы жақын ба?
     - Аймақтық саңлақ ат бапкері атағым бар. Бұл да «тақияға тар» емес. Ал аймағыңның абыройын өзге жұрттың алдында, ел абыройын халықаралық ақ бәйге, жарыстарда алдында асырар болсаң бір ғанибет. Палуандарды демеп «қызылжінік» болып жүргеніміз де сол үшін.  Адам қандай бір нәрсеге мақсатпен, ізенумен жетеді ғой. «Маңдайалды бас бапкер болмаса да ел дәрежелік бапкер атағы жақындады-ау деп ойлаймын.
      Жалпы адам «аққа құдай жақ» дегенді терең түсініп жақсы жолмен жүрсе барлық нәрсе ойдағыдай жүзеге асады ғой. Алла қаласа өкіметтік тойда жүйрік аттарымды алдыңғы бес орынға жеткізсем-ау деген ой жетегінде келемін.
      - 2013 жылы алғаш рет өкіметтік аламан бәйгеге ат қостыңыз. Сондағы көңіл күйіңіз қандай болды екен?
      - Бұрынғының атышулы сыншылары жарысатын аттарды аралап бір шолып шыққан соң ғана «әнеу ат келеді» деп дөп басып айтады екен. Ал біз болсақ өз атым келіп қалар деп қана үміттенеміз емес пе. Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе дегендей келіп қалар, келсе екен деген ғана күйде болдым. Алғаш рет өкіметтік тойда ат қосқаным сол еді. Жалпы моңғол жұртының ұлттық той күні қандай тамаша! Туыс-туған, дос-жарандарым келіп «ат бәйгелі болсын» айтысып, мәре-сәре ақ жол тіледі. Алғашқы жылы қосқан атым үлкен оза шаппаса да ырду-дырду жақсы тойлаттық. Өткен жылы маусымның 10-күні «Хүй долоон худаг»-та болған жуан ат жарысында 30-орын, дөненім 28-болып көмбеге жеткен еді.
      Моңғол халқының ұлы мерекесі үкіметтік той шілде айының 9, 10-нан басталса, бапкерлер тойы одан ерте маусым айы шыға басталып кетеді. Тойдың алдындағы түнінде елеңдеп ұйқы келмейді. Содан таңертең ерте тұрып ат байлайтын жерге барып тұрған сәт тым ерекше әсерлі.
      - Осы ел көлемінде қазіргі кездегі үздік бапкер деп кімнің есімін атар едіңіз?
      - Үздік бапкерлер көп. Соның ішінде Моңғолияның маңдайалды бас бапкері Даваахүү, Онондарды құрмет тұтамын. Әйгілі сәйгүлік Сары айғырдың иесі Эрдэнэчулуун, соңғы кездері Дуграа қатарлы мықты-мықты бапкерлердің атағы жер жарып жүр ғой. Бапкерлер дегеніміз бір-бірінен үйреніп, тәжірибе алмасып, ой ортақтасатын белгілі өнер иелері ерекше қауым деуге болады.
         - Өзіңіз атын атаған Д.Онон шабандоз баланы  өз баласындай аялап, бәйгені де онымен  бөлісу керек дейді екен...
      - Кәсіпкер атбегі тұрғысынан Онон ағайдың осы жақсы мінезін құптап, құрметтеймін. Жуырда біздің аймақтық Алтай сұмын азаматы даңқты атбегі Б.Баттөмөр ағай атақты жүйрігінің даңқын белгілеп, ол атты шабандоз балағы бергені туралы тамаша хабар естідік. Мәрттік деп сондайды айтатын болар. «Жақсы малды асырасаң аузы-мұрныңды май етеді» деген халық даналығы осындай аламан бәйгелер кезінде еріксіз еске түседі.
       Мен шабандоз балама қолдау көрсетіп, отбасына мүмкіндігімше жәрдем, көмек көрсетуге тырысамын. Осыған байланысты бір ой туындайды маған.  Қалада кейбір жастар жұмыс табылмады деп босқа сенделіп жүреді. Қырға шығып мал бақса жақсы тіршілік сонда ғой. Барлық адам жоғарғы мектеп бітіріп бастық бола беретін мүмкіндік қолға келе бермейді. Әркім әліне сай еңбектеніп адал өмір сүруге талпынса осы елде айтарлықтай тіршілік ететін  мүмкіндік бар.
         - Сізде қанша жүйрік ат бар?
       - Жан-жақтан жинаған жүйрік тұқымды жеті айғыр үйір жылқым Сүхбаатар аймағының Түвшинширээ сұмынында.
      - Шабандоз бала, атбегі және жүйрік ат үшеуі бір-біріне сәйкескен жағдайда  той-тойға ұласады дейді екен. Сіз осы пікірге қосыласыз ба?
      - Ат иесі, шабандоз бала, жүйрік ат өзара жымдасып, қыр-сырын білген кезде табысқа жетеді. Ең негізгісі шабандоз бала ғой. Моңғол балалар тым ерекше. Кішкентай қыз баланың шабандоздығына таң қаласың. Келешектің әйгілі ат бапкерлері солардан шығары анық. Менің  алғашқы атымды шапқан бала 11-сыныпта оқып жүр. Сол баланы бірге туған бауырымдай көремін. Отбасына қарайласып, білім алуына мүмкіндігімше көмек жасаймын. Арықарай да солай болады.
       - Палуандық өнеріңіз де бар. Сонымен қатар сәйгүлік бапкері. Сонымен бірге бизнес саласында танымал болып келе жатқан алғы қатардағы іскерсіз. Осыншама қат-қабат жұмысты қалай үлгеріп жүрсіз?
      - Палуан мен жүйрік атты қатты қызықтаймын. Оларға еңбек, уақыт жұмсаған сайын көңіл серпіледі. Палуандықпен аздап айланыстым. Ержеткеннен кейін өзімді «ұмытып» өзімнен зор шығатын өзге палуанды қолдап Баян-Өлгей аймағынан мемлекеттік атағы бар палуан шығару менің басты мақсатыма айналды.  «Ат-ер қанаты» дегендей тоқымы кеппейтін тұлпарларға, жалпы жылқы малына құмар болғандықтан одан алыстай алмадым.Ал сауда менің отбасымды асырайтын әкеден жалғасқан несібем. Сондықтан осының әр қайсысын үлгеру үшін құлшынамын.
       Ж.Цэцэгмаа, Өглөөний сонин (моңғол тілінен аударған Шынарбек Сейітханұлы).

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста