Мамания мектебі

Жәдиттік білімге деген сұраныс
Халифат кезеңіндегі фатх жорықтарынан кейін Ислам әлемі саяси-экономикалық һәм мәдени-рухани әр алуандылықты бастан кешірді. Дәулет пен байлыққа масаттанған Ислам бекзадалары өзгелерден үстем тұруды көксеп, атақ-даңқ пен қу нәпсінің құлына айналып, дін ақиқатын танып-білуді кейінгі кезекке ысырды. Иман байлығын емес, саяси мұратты алға шығарған Ислам қоғамы әрі-сәрі күй кешіп, рухани тұтастығына жарықшақ түсіріп, алтыбақан алауыздыққа ұрынды. Бөтегесі бүлкілдеп дін ақиқатын дүние рахатына айырбастаған мұсылман жұрағаты ғасырларға созылған рухани мешеулікті басынан өткізді. Яғни фатх жорықтары һәм ренессанс дәуірінен кейін қарқынды дамуы тежеліп, Ислам әлемі жорықтан қайтқан батырдай ұзақ уақыт ұйқыға шомды.
Ал қайта өрлеу дәуірінен бастап дүниелік ғылым-білімге басымдық беріп, саяси басқару мен әскери өнерді дамытқан Батыс елдері Ислам әлеміне өз үстемдігін жүргізе бастады. Бір-бірімен қырқысып, әбден титықтаған Ислам мемлекеттері батыстың басынуына бөгеу қоя алмады. Батыс алпауыттары мұсылмандардың бірлігіне сына қаға отырып, Ислам дүниесін біртіндеп жәукемдей түсті. Осы сын сәтте дін қайраткерлері вестернизация үдерісіне тойтарыс беретін һәм жүздеген жылдарға созылған тоқыраудың көбесін сөгетін сәулелі жолды іздей бастады.
Түйсігі ояу, көзі ашық деген ерендеріміз тығырықтан шығудың жолы ретінде түрлі ой-тұжырымдарын ортаға салды. Соның бірі реформаторлық көзқарастағы ағартушылардың Батыспен тереземіз тең тұру үшін жәдидтік оқу жүйесіне өтуіміз қажет деген ұсынысы еді.
Қарағаштағы алғашқы медресенің салынуы
Медреселерде исламдық пәндермен қатар жағрафия, астрономия, математика, физика т.б. позитивті пәндерді оқытатын жәдиттік оқыту әдісі Қазақ даласына ХІХ ғасырдың екінші жартысында тарай бастады. Еліміздегі алғашқы жәдидтік бағыттағы оқу орындарының қатарына Бөкей ордасындағы Жәңгір хан мектебін, Орынбордағы Хусайния медресесін, Торғайдағы Ыбырай Алтынсарин мектептерін жатқызуға болады. Ал Жетісу жеріндегі алғашқы жәдиттік мектепті атақты Маман құттың ұлдары салдырған болатын.


Маман құттың ұлы Тұрысбек екі мәрте қажылыққа барып, Ақсуда 18 жыл болыстық қызмет атқарған, өз дәуірінің алды-артын дәл болжай білген сұңғыла кісі еді. Ол қажылық сапарында әлемде болып жатқан игі жаңалықтарға куә болып, оқу-білімсіз елдің болашағы бұлыңғыр екеніне көз жеткізеді. Өз бауырлары Сейітбаттал мен Есенқұлды, ұлдары Құдайберген, Тәңірберген, Исмайылды Семей, Омбы, Уфа қалаларында оқытып, халқына қызмет етуге баулиды. Өзі Ақсуда болыс бола жүріп, медресе ашып бала оқытады. Осы еңбегін елеген Патша үкіметі оны 1876 жылы Станислав лентасына тағылған үлкен «күміс» медальмен, 1880 жылы Анна ленталы «алтын» медальмен марапаттайды.
Тұрысбек қажы Қарағаштағы 1899 жылы ауыл медресесін үш жылдық Маман медресесі етіп өзгертеді. Медреседе тегі Тройцкілік татар Хасен мен Зайсаннан келген Омар атты молда дәріс береді. Сол кезде үш жылдық бұл медреседе 102 шәкірт оқиды. Оның ішінде Біләл Сүлеев, Ғали Орманов, Ілияс Жансүгіров сынды арыстарымыз да Маман медресесінде оқып білім алады.
Көлбай Тоғысов Тұрысбек қажы туралы Айқап журналында: «Марқұм Тұрысбек қажы Маманов қазақ ішінде данышпан кісілерден саналып, тіршілігінде қолында барын миллат жолына жұмсаған адам екен. Өзі тірі күнінде Құдайберген, Тәңірберген есімді балаларын һәм Есенғұл деген інісін оқытып, замана жайын қазақтан бұрын түсінген татар қандастарымыздың жақсы саудагерлігіменен таныстырып, балаларын саудаға үйреткен. Марқұм 80-жылдарда бұл жақта қазаққа бірінші мектеп ашып, Қапал халқына жаңа жол көрсетіп келе жатқанда дүниеден қайтып кеткен. Марқұм 18 жыл болыс болып, бір тиын пара алмай, лауға жүретін бір ат мінбей, орынсыз қазақтың бір қойын жемей, бұл күндегі болыстардай қазақты жылатып малын алмай, жұртын сатпай өткен екен. Орыны ұжмақта болсын!» - деп жазып, оның Қазақ қоғамына сіңірген еңбегін ерекше бағалайды.
Медресенің жәдиттік бағытқа ойысуы
Тұрысбек қажы қайтқан соң інісі Сейітбаттал қажы 1905 жылы жеті жұрттың тілін білетін Файзрахман Жиһангаровты Ыстанбулдан алдыртып, Мамания медресесін жәдиттік білім беретін төрт жылдық оқу орнына айналдырады. Алғашқыда Файзрахман Жиһангаровтың жәдиттік бағыттағы білім беру үрдісін қадымша оқытатын ескі ұстаздар құптай қоймайды. Сейітбаттал қажы молдаларға діни біліммен бірге дүниелік ғылымды игерудің де маңызы артып тұрғанын түсіндіріп, арадағы күңкіл сөз, кикілжіңге тоқтау салады. Сейітбаттал қажы медресемен қатар Қарағаштағы ескі мешітті де кеңейтіп, жаңа үлгіде тұрғызады.
Маман құттың ұлдары медресені одан ары қарай жетілдіру үшін Уфадағы Ғалия медресесінің үлгісін негізге ала отырып, 1909 жылы медресені сегіз жылдық білім беретін оқу орны етіп қайта салдырады. Жаңа мектеп салуға Уфа, Ташкент, Алматы, Семейден шеберлер шақыртса, құрылысқа Семейден қызыл кірпіш, Өскеменнен қарағай, Омбыдан көк қаңылтыр алдыртады.
Кайр университетін бітірген тұңғыш қазақ, өзі заңгер, тарихшы, филолог һәм философ Ғабдулазиз Мұсағалиев меңгеруші болып тұрған осы кезде Мамания медресесінде әйгілі реформатор-ғалым Барлыбек Сыртанов, жәдитші-ғалым Файызрахман Жиханғаров, Мұстахым Малдыбаев, Мұхамедхали Есенгелдин, Бисембай Кедесов, Михаил Назаров, Берікқұл Кішібаев, Нұрқасым Жетікбаев дәріс береді. Мамания түлектері Жетісудағы өзге уездерде мектеп ашып, жәдиттік бағытта діни білім беруді ары қарай жалғастырады.


Маман құттың ұлдары медресе жанынан қыздар бөлімін ашып, онда Уфадан шақыртылған Фатима Есенгелдина мен атақты әнші Майра Уәлиқызы сабақ береді. Фатима Есенгелдина сабақтан бөлек мектеп жанынан тігін цехын ашып, қазақ қыздарын ісмерлікке баулыса, Майра Уәлиқызы өнер пәнінен сабақ береді.
Сол кезеңдегі алғадай Қазақ баспасөзі - Айқап журналының 1913 жылғы кезекті санында К.Найманский атты бүркеншік аттағы тілші Маманов Тұрысбек қажы туралы айта келіп: «Балалары Құдайберген, Тәңірберген әфенділер һәм інілері қажы Сейітбаттал менен Есенғұл әфенді марқұмның көрсеткен жолынан айырылмай, 25 – 30 мың сом ақша шығарып, «Мамания» есімінде мектеп салдырып, ол мектепте алты мұғалім алдырып, қараңғы тұманда қалған қазақ бауырларының қайғысын ойлаған сабаздардан болып тұр екен. Алты мұғалім байлардан жылына екі мың бес жүз (2 500) сом жалование алады, пәтер һәм байлардан. Бас мұғалім Ғабдүлғазиз әфенді менен Мұхамедғали әфенді» деп Алаш баласына Мамания мектебін озық оқу орны ретінде таныстырады.
Бірінші жаһан соғысының қарсаңында Қазақ даласында Мамания мектебі теңдессіз, бірегей оқу орнына айналып үлгерді. Жетісудағы оқу-ағартуға қозғау салып ғана қоймай, қазақ зиялыларының бір шоғыры Қарағаштағы осы Мамания мектебінен түлеп ұшты. Қазақ қоғамы үшін бұл мектептің аса маңызды рөл атқарғандығын сол кезде Сабыржан Ғаббасов: «Қазақтарда бір Мамановтар мектебінен басқа мектеп, медресе жоқ. Тіпті оқыту үшін қайғырушы бір адам жоқ», - («Айқап», 1912 жыл, № 3) деп жазған болатын. Алайда 1918-1920 жылдардағы ақтар мен қызылдардың қырғыны кезінде Мамания медресесі өз жұмысын тоқтатады. Ақтар атаманы Анненковтың қарамағындағы Бедарев пен Осипов отрядтары Қарағашқа бекініп, 1920 жылы Қытайға кетерінде мектепті өртеп кетеді.
Түйін
Мамания мектебі – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Жетісу өлкесіне діни һәм заманауи ілім-білімнің нұрын төккен сәулелі ошақ болатын. Маман құттың ұлдары Қарағаштағы жәдиттік мектепті салдырып қана қоймай, Айқап журналына тұрақты демеушілік жасаған һәм алғашқы Қазақ романына бәйге жариялаған қаранар азаматтар еді. Яғни сорабы нән, тағдыры тағылымға толы Маман ұлдарының ғұмырлық шежіресі Қазақ тарихының бір парасы екенін ұмытпағынымыз жөн. Әсіресе олардың мешіт-медресе салу үрдісінің бүгінгі күні де аса өзекті тақырыпқа айналып отырғанын білуге тиістіміз.
islam.kz сайтынан алынған

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста