Бұл күнді қастерлеп, қадір тұту - біздің азаматтық, адами парызымыз. Себебі, бұл соғысқа қатысып, қан майданда басқа ұлттармен бірге тізе қосып шайқасқан бір миллион, бес жүз мың қазақстандықтар болды. Ата ерлігі – ұрпаққа мұра демекші, біз бабалар ерлігін мақтан етеміз. Сондықтан да, қалам алып, жерлес аталарымыздың ұрпағы өнеге болған өмірінен сыр шертпек ойым бар. Сөзіме арқау болып отырған жандар – Шығыс Қазақстан облысының Марқа өңірінің Қалжыр ауылының үлкен, әрі текті әулеттерінің бірінің отағасы мен отанасы Дүсіп ақсақал мен Зәйтүнә апа.
Балалық шағы Кеңес үкіметінің қалыптасу жылдарына дөп келген бала Дүсіп жастайынан еңбекке араласып, ерте шынықты. Енді ғана оңы мен солын тани бастаған, болашағынан үміт күттірер ер жігіт бойын түзеген кезде ел басына күн туды. Кеңес әскерінің қатарын толықтырған, елдің бейбіт аспанын күзетуге аттанған балаң жігіт алда төрт жыл қырғын майдан күтіп тұрғанын сезді ме екен?..
Майдандағы алғашқы күндері Новгород облысының Сольцы станциясында басталған ол қасындағы жерлестері Жұпархан Тоқтарбаев пен Кәметай Қыстаубаевты медеу тұтып еді, сұм соғыстың сапары олардың жолдарын екіге айырып кетті. Солтүстік Батыс майданы бағытындағы 248-ші дербес зенит артиллерия құрамында шайқасты бастаған жас жігіт Дүсіп аз уақытта шебер артиллерист атанып, әуе күштеріне қарсы қолданылатын зенитті пушкада көздеуші болды. Бұл дивизия құрамындағы 64-ші дербес батальон еді. 1941 жылдың желтоқсанында олар Москва-Ленинград темір жолдарының бойымен жаудың самолеттеріне қарсы шабуылға шықты. Көз алдында жау оғынан жер жастанып жатқан отандастарының кегін қайтару үшін қатардағы жауынгер Дүсіп Таңыраев жаудың қарақұстарының қаншасын жер құштырды. Осылайша майдан шебіндегі ұрысқа толы естен кетпес ауыр күндер жалғасып жатты. Ал 1943 жылы бұл дивизия Калинин майданы бойымен келіп, Белогое қаласында бекініс жасап, жаумен арпалысты. Күші басым фашистік әскердің тегеурініне тойтарыс беру оңайға түспеген қиын-қыстау күндерде наурыз айында келіп қосылған күш бұлар үшін қарлығаштың қанатымен су сепкендей болып, Жеңісті жақындатқандай қуантты. Дәл осы көмекке келген қолдың ішінде жігерлі жас қазақ жауынгерінің өмірлік серігі Зәйтүнә Марданқызы бар еді. Әскери ас үйге үш қыздың келгенін хабарлап үлгірген әзілқой майдандасы старшина Чкаладзе үлкен бір әулет бастау алған қос көгершіннің махаббатының сауапкері болғандай. Жаны да, өңі де нәзік, діні мен тілі бір татар қызын жас жігіт бірден ұнатты. Қан майданда табысқан қос тағдыр тізелесе жүріп, сұрапыл соғыстың тегеурініне төтеп берді.
Отанына деген адалдығы мен ержүректілігін ескерген саяси жетекші Михаилов пен Карачиновтің кепілдіктерімен жауынгер Дүсіп 1944 жылы компартия қатарына қабылданды. Өз ісіне берілген коммунист партияға адалдығын қан майданда ғана емес, бейбіт күндерде де, саналы ғұмырында дәлелдеп өтті.
Ал Зәйтүнә апамызға келер болсақ, сол кездегі Татар АССР-нің Шамардан стансасында туып-өскен жас бойжеткен ел басына күн туғанда өз еркімен соғысқа аттанған Отан патриоттарының бірі еді. Әскери асханада жұмыс істеу оңай болмағаны анық. Оқтын-оқтын оқ жаудырған жау ұшақтары бірде олардың палаткадан құралған асханасын жермен жексен етіп те кетті. Соғыс шебінде бүкіл әскерді ауқаттандырып жүрген ержүрек қыз-келіншектердің ерлігі зеңбіректі кеудесімен жапқан батырдың батылдығына пара-пар еді. Өмірлік жарын жолықтырған Зәйтүнә апамыз араға жыл салып ұлы Ахметті дүниеге әкеледі де, өз Отанына қайтарылды.
Соғыс аяқталып, Жеңістің туы желбіреген шақта елге аман-есен оралған Сәулебайдың жалғызын қаз-қалпында көріп қуанған әз ана Ұлжан, немерелі болғанын естіп, шексіз бақытқа бөленеді. Сөйтіп, ақ батасын беріп, ұлын татар еліне аттандырады.
Зәйтүнә апамыздың әкесі Мардан жай адам емес, қиын-қыстау күнде отбасын ғана емес, бүкіл ауылға талғажау тауып беруге шамасы бар ауқатты диқан еді. Үйінің жанынан қазылған үлкен дән қамбасы соны айғақтағандай.
Күйеу баласын сынағаны ма, әлде шынымен жүрегін жарып шыққан перзентін қимағаны ма, Мардан ақсақал түсіп келген Дүсіпке «Мына Зәйтүнәдан басқа екі қызым бар. Соның бірін алып, үлкенімді өзіме қалдыр» деп наз айтыпты. Оған жүрекке әмір жүрген бе, қос ғашық ата-ананың батасын алып аттанған екен. Қызын ұзақ та қайтпас сапарына аттандырып тұрған анасы: «Барған жерің қандай болады? Қиын күн болса бір әжетіңе жаратарсың», - деп көп шүберектің қиқымдарын берген екен. Сол қиқымдар кейін жас отаудың ақ төсегінің сәнін келтірген қапқа айналыпты. Түскен шаңырағының керегесін кеңінен кере жүріп, бір әулеттің түтінін өрбітіп, өмірге 3 ұл, 4 қыз әкелген Зәйтүнә апамыз келген жеріне судай сіңіп, балдай батып, өз еліне аяулы әке-шешесін жер қойнауына тапсыруға 1948 және 1959 жылдары ғана ат ізін салыпты.
Зәйтүнә ана отағасының сүйеніші бола жүріп, майдандағы кәсібін жалғастырып, аспаз болып еңбек етті, бала-шаға тәрбиесімен айналысты, үйдің шырайын кіргізді. Өзін қызындай көріп, алақанына салған енесі Ұлжанды 1964 жылы арулап, ақтық сапарына аттандырды.
Өмірінің соңына дейін үлкен әулеттің, жәлмембет руының бірегей ақылгөй анасы, немере-шөберелерінің аяулы әжесі болып, жүрген жеріне мейірім шуағын шашып, шаттық пен қуанышқа бөлеп өтті. Өз Отанына деген сағынышын Зәйтүнә апамыз сырмақ сырып, ою ойғанда татар әндерін айтумен басушы еді.
Зәйтүнә апамыздың өмірлік серігі Дүсіп ақсақал соғыстан кейінгі тұралап қалған тұрмысты аяғынан тұрғызуға, социалистік қоғамды нығайтуға саналы ғұмырын сарп еткен азамат. Қалжыр кеңшарының Талапкер, Шеңгелді бөлімшелерінде ферма меңгерушісі, құрылыс басшысы болып, тағы да кезек күттірмеген шаруалардың басы-қасында біте қайнаса жүріп, еңбек майданында да терін төкті. Бірге өсіп, біте қайнасқан достары Баян, Сақаба, Тергенбай, Сәдуақас ақсақалдар секілді ел азаматтарымен бірге заманында елінің жыртығына жамау боп жамалып, қисығына шеге боп қағылды. Қосағымен қоса ағарған Дүсіп ата ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Үлкені Ахмет ветеринария ғылымдарының кандидаты, Мұхамет – автомеханик, Кулима – қаржы инспекторы, Кубира – терапевт, Бактикамал мен Бақыты – педагог, ең кішісі Әлімхан – механик болып кәсіп етіп, өмірден өз орындарын тапты.
Тағдырдың өкпек желіне қарсы жүзген қос аққу жұбайлық өмірдің 50 жылдық ыстық-суығын бірге арқалап, 1995 жылы Алтын тойларын жасады.
Ұлы Отан соғысы табыстырған қос тағдыр мәнді ғұмыр кешіп, 7 баласынан 21 немере, 21 шөбере сүйіп, Зәйтүнә апа 83 жасында, Дүсіп ақсақал 85 жасында өмірден озды. Осынау жұртына үлгі болар ұлағатты өмір өткізген атамыз бен апамыз тек ауылымыздың ғана емес, еліміздің тарихынан өз орындарын ойып алар ерен жандар. Топырақтарыңыз торқа болғай, өнегелі ғұмыр иелері!