Кремль құпиясы немесе Яков Джугашвилидің жұмбақ өлімі
И.В. Сталинннің ұлы Яков Джугашвилидің қызы Галина өзінің “Көсем отбасының құпиясы” атты кітабында қайсыбір деректер мен ақпарлар негізінде өзінің әкесі неміс тұтқынында болмаған, ол шайқас кезінде алған жарақаттан қаза тапқан деп дәлелдейді. Яковқа қатысты құпия құжаттармен жалпақ жұрттың танысуына әзірше рұқсат берілген жоқ. Десе де, 1977 жылғы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жабық түрде шығарылған жар-лығымен Яков Джугашвилиге өлгеннен кейін “Фашистік неміс басқыншыларымен шайқас кезіндегі ержүректігі мен тұтқын кезіндегі табанды мінез-құлқы үшін Отан соғысының I дәрежелі ордені” берілді.
Сталиннің ұлының тұтқында болғанын жарнамаламау үшін де әлгі жарлық жабық түрде шығарылған-ды. Ал, марапаттау Яковтың немістермен ынтымақтастықтың бәрінен бас тартқандығын дәлелдеу үшін керек-тін.
Яков майданға немістер КСРО тер-риториясына тереңдей еніп, ұйым-дасуы нашар жүз мыңдаған Кеңес әскерлерін бірінен кейін бірін тұтқынға алған соғыстың бастапқы кезінде аттанған болатын. Бірден алғы шептегі майданның қайнаған ортасына тап болған артиллериялық батареяның аға лейтенанты Яков Джугашвили 1941 жылдың 16 маусымында тұтқынға түс-ті. Қызыләскер Лопуридзе сонау 15-і маусым күні-ақ Яков екеуінің шаруа киімін киіп, құжаттарын жерге көміп тастағанын айтады. Сосын Лопуридзе алға қарай жылжып, Джугашвили демалу үшін сәл аялдап, артта қалған көрінеді. Бірақ, біраз уақыттан кейін ол немістердің қоршауында қалып, өзіміздің әскерлерге өтуге әрекет жасау кезінде немістердің қолына түседі. Немістер Яковты әскери тұтқындар лагеріне жіберіп, ол онда өзін басқа есіммен атайды. Бірақ немістердің арнайы қызметі соғыс бастала салысымен әскери тұтқындар арасынан өздеріне агентура тартуға қатысты жұмысты мүлтіксіз жолға қойған еді. Сондай бір сатқын Яков туралы нағыз шындықты немістерге жайып салады. Сталиннің ұлының тұтқынға түскендігі туралы хабар әлемде қаншалықты саяси дүрбелең тудыратынын жақсы түсінген Яков көп уақытқа дейін бәрін жоққа шығарып баққанмен, абвердің бұлтартпас дәлелдерінен кейін өзінің Кеңестер Одағы басшысының ұлы екендігін амалсыз мойындауға мәжбүр болады. Немістердің Яковты Сталинград түбінде Кеңес әскеріне берілген фельдмаршал Ф.Паулюске айырбастау туралы жасаған ұсынысына Сталин: “Қатардағы жауынгерді фельдмаршалға айыр-бастамаймын”, — деген көрінеді-мыс. Айта кетер жәйт, Сталинград түбіндегі қырғын шайқаста неміс әскерлері күйрей жеңіліске ұшырағанда, Германияда Паулюс қаза тапты деген ақпар жарияланып, оны салтанатты түрде жерлеу рәсімі өткізілген-ді. Сол рәсімде Гитлер ішібос табыт қорабы қақпасының үстіне бриллиантпен апталған маршал асатаяғын қойған деседі. Берлинде тұратын румын әйелінен 1944 жыл-дың сәуір айында Италияда ұлының қаза тапқандығы туралы жазылған хат алып, сол жылдың 20 шілдесінде Гитлерге жасалған қастандық іске аспай қалғаннан кейін фельдмаршал радио арқылы фашистерге қарсы мәлімдеме жасап, кеңестік билікпен ынтымақтаса жұмыс істей бастайды. Оның Германиядағы отбасы тұтқынға алынады. Соғыстан кейін Паулюс шектелген, бірақ тәп-тәуір жағдайда КСРО-да өмір сүріп, 1953 жылы босатылып, ГДР-ға кетеді.
Шындығында Гитлер Сталинград жеңілісінен кейін Яковты өзінің сүйікті жиені, Сталинград түбіндегі шайқаста тұтқынға түскен сапер әскерінің лейтенанты Лeо Раубальға айыр-бастағысы келген болатын. Оның шешесі Ангела Гитлердің немере қарындасы еді. 1906 жылы дүниеге келген Лео өзінің көкесі фюрерге керемет ұқсайтын-ды. Лeо Раубаль айырбастаудың мүмкіндігі болғанын тек 1967 жылы ғана біледі. Кеңес тұтқынында, сосын түрмеде отырған кезде оны Гитлер және оның туған-туысқандары туралы сұрақтармен қатты қинайды. Лeоны тек 50 жылдардың орта шенінде ғана босатып, ол бірден ФРГ-ға кетеді. Немістер Яков радио арқылы не баспасөзде кеңестік биліктің күні бітуге таяу деген мәлімдеме жасаса, оған полковник атағын, бұған қоса қора-қопсысымен аумақты жекеменшік үй-жай беруге уәде беріп, тіпті, оған судай жаңа полковник мундирін әкеліп көрсетеді. Бірақ, Яков бұл ұсыныстардың бірде-бірін қабыл алмай, Отанын сатудан бас тартады. Заксенхаузен лагерінде онымен қатар бөлмеде тұтқында болған Черчильдің жиені Томас Кучинн көп жылдардан кейін бірде өзінің жүзі қуқыл тартқан Джугашвилидің қанатта ілулі тұрған дауыс күшейткіш арқылы Берлиннен берілген радиохабарды тыңдап тұрғанын көргенін жазады. Әлгі хабарда Сталиннің: “Орыстарда әскери тұтқындар жоқ, тек орыс сатқындары ғана бар”,— деген мәлімдемесі оқылған болатын. Ал, Яковқа байланысты Сталин өзінде ондай ұл жоқ екенін мәлімдеген-ді. Т.Кучинн осы хабардан кейін Яков өзін Отанын сатқан сатқын ретінде сезініп, өзін-өзі өлтіруге бекем бел байлады деп есептейді. 1943 жылдың 14 сәуірі күні сағат 20. 00-де Яков барақ маңында жерді жапырақты бұтақпен сабалайды. Сосын ол орнынан тұрып, жер бетінде тартылған сым желісінен асып түсіп, сақшы Конрад Харфигті оқ атуға мәжбүр етеді. Конрад оған ойлануға мұрсат беру үшін бірнеше метрге бір бүйірге шегінеді. Сол кезде Джугашвили жоғары кернеулі ток жүргізілген сым қоршауға екі қолымен бірдей жармасады. Мұны көрген Харфиг ережеге сәйкес, алты-жеті метр жерден Яковты бастан атып, ол сымға артылған күйі қимылсыз қалады. Берлиннен келген медициналық сарапшылар Джугашвилидің ток соғудан мерт болғандығын, ал мылтық тек содан кейін ғана атылғанын дәлелдейді. Олар бұл — Яковтың қашуға әрекет жасауы емес, өзін-өзі өлтіруге шешім қабылдауы деген қорытынды жасайды. 2003 жылы қыркүйек айында ФРГ Қорғаныс министрінің орынбасары Д.Дженнингс Яковтың қызы Галинаға оның әкесінің концлагерьден қашуға әрекет жасау кезінде өлтірілгенін дәлелдейтін трофейлік құжаттарды береді. Рас, бұдан басқа немістер Яковты кеңес әскері Заксенхаузен концлагеріне жақындап келген кездің қарсаңында атты деген де мәлімет бар. Бір сөзбен айтқанда, Сталиннің ұлы Яков тағдырына байланысты құпиялар мен қарама-қайшылықтар жетерлік. Бар құпия қазіргі күні мұрағатта жатқан құжаттармен танысуға рұқсат берілгеннен кейін ғана толық ашылары хақ. Тек сол күнге жеткізгей...