Адамзат тарихында өшпестей орын алған, барша әлемді дүр сілкіндірген Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталуына өзіндік үлес қосқан қаншама боздақ жанын қиып, Отан үшін отқа түсті. Алайда, майданға қатысқан ардагерлеріміздің қатары жыл санап сиреп бара жатыр. Ал соғыста етігімен от кешіп жүріп елін, жерін, ата-анасы мен жарын, балаларын қорғаған ардагерлердің бүгінде сол кездегі бастарынан өткерген қиын-қыстау жағдайды айтып беруге жарайтындары тіпті некен-саяқ.
Жамбыл ауданындағы Айымжан ауылының тумасы, соғыс ардагері Сағдат Өркешов елімізді қорғауға аттанғанда мұрты жаңа тебіндеген 18 жастағы бозбала болыпты. 90-ға толған ардагердің сұм соғысты еске алғысы да келмейтіні байқалады. Оның үстіне соғыста алған контузиясы жылдар өткен сайын дендеп, көп дүниені ұмытқан сыңайлы. Соғыс туралы, ондағы ерлігі туралы сұрағанымда ұзақ үнсіздіктен кейін қинала отырып жауап берді.
– Ел шетіне жау тигенде ауылда алаңсыз жүрген бала едік. 1942 жылы әскерге шақыртылып, шамалы уақыт әскери дайындықтан өткен соң бірден Сталинград майданына кірдім. Сұрапыл жылдары ешқайсымыз қара басымыздың қамын ойлап, сыналар шақ келгенде шегініп қалған жоқпыз, – деп ауыр күрсінді қарт жауынгер.
Ардагер ағамыздың Сталинград үшін кескілескен майданда талай жаумен қоян-қолтық келгендегі бар арман-тілегі ел-жұртын аман алып қалу болған. Ол 92-ші атқыштар дивизиясында минометші бола жүріп, ерен ерлік көрсеткен. Қарша бораған от пен оқтың астында талай адам ажал құшқанының куәсі болған. “Төбемізден жерге қарай саулаған бомба, үстімізге құлаған үйлер талай адамның өмірін қиды. Сталинград үшін өліспей-беріспейтін соғыстың нағыз қызған шағында ауыр жарақат алып, госпитальға түстім”, – дейді ол.
“Кебін киген өледі, кебенек киген келеді” демекші, жанқиярлықпен күресіп, соғыстың сын сағаттарында қажымас қайрат, жасымас жігер көрсеткен ардагер Сағдат ағамыз контузия алғаннан кейін 1943 жылы елге қайтарылады. Петропавлдағы педагогикалық училищені сырттай оқып бітіріп, Айымжан ауылында 40 жыл бойы жас жеткіншектерді білім нәрімен сусындатқан. Сонда істеп жүріп, зейнеткерлік демалысқа шыққан. Ардагер әкесі жайында Ләйла Сағдатқызы да өзі білетіндерін әңгімеледі.
– Әкем соғыс жайлы көп айта бермейтін, біз де оның тың кезінде сұрап алмағанымызға өкінеміз. Бүгінде құлағы нашар естіп, есте сақтау қабілеті де төмендеген. Әкеміз өте сабырлы, артық сөзі жоқ, осы отырған бойы. Ешқайсымызға дауыс көтерген емес, – деп Ләйла Сағдатқызы жанында отырған әкесіне ерекше бір жылылықпен қарап қойды.
Өмір бойы туған ауылы – Айымжанда тұрып келген әкесін осыдан 6 жыл бұрын аналары дүниеден өткеннен соң қалаға көшіріп алған балалары қазір оған қамқоршы. Соңынан ерген алты баласының үшеуі әке жолын қуып, ұстаздықты таңдаған. Ардагер өзіне берілген бір бөлмелі үйде қызы Ләйламен бірге тұрып жатыр. Басқа балалары да апта сайын келіп, әкелерінің амандығын біліп, үйлеріне алып кетіп тұрады. Сағдат ағаның төрт ұлы мен екі қызы еліміздің түкпір-түкпірінде қажырлы еңбек етіп жүр. Ұлдың үлкені – Ғалым Өркешов Петропавлдағы күрес мектебінде директор, Алмас – осы қалада такси жүргізушісі, физика-математика пәндерінің мұғалімі мамандығын меңгерген Ләйла қазір аудармашы, Руслан – Аққайың ауданындағы Ленин орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Алматы қаласында тұратын ұлы Дулат – құрылыс маманы және қызы Ғалия – кондитер.
Сағдат ағамыз соғыста көрсеткен ерлігі үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен, “Ерлігі және Германияны жеңгені үшін”, “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін”, “Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков”, “Астанаға 10 жыл”, Жеңістің 20, 40, 55, 60, 65 жылдық мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
– Балаларымның арқасында кемдік көріп отырған жоқпын. Бәрі бар, көйлек көк, тамақ тоқ дегендей, барлығына ризамын, тәубе. Алладан енді тілеріміз: патшаларға татулық, ел-жұртқа тыныштық, – деді Сағдат Өркешев.
Мен де сұрапыл жылдардың куәсіне айналған тірі тарих иесі, ардагер ағамызға амандық тілеп, қоштастым.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.