Баукең мен Хиуаз апа айтқан әңгіме ешқашан да ұмытылмайды

Бұл күн бұдан дәл 45 жыл бұрын – 1965 жылдың сәуір айының 30-ы болатын. Ол кезде мен Алматыдағы екі жылдық Жоғарғы партия мектебінің тыңдаушысы едім. Кеңестер Одағы халықтарының Ұлы Отан соғысындағы Жеңісіне 20 жыл толу мерекесінің таялып қалған күндерінің бірінде партия комитетінің хатшысы келіп, Бауыржан Момышұлымен осы күні кездесу өтетінін хабарлады. Бірақ Баукеңмен бірге кездесуге басқа кімнің келетіні туралы айтылмады. Бауыржан Момышұлы туралы Алек­сандр Бектің «Арпалыс» повесі­нен, басқа да көптеген мақалалар мен әңгімелер­ден естіп, Баукеңнің өзінің қаламы­нан шыққан туындыларын оқып, аты аңызға айналған батыр еке­нін, арнайы Батыр атағы берілмегені­мен халықтың оны қаһарман деп атап кеткенін білетіндігімізден Баукеңді көруге, онымен кездесуге бәріміз де өте ынталы едік. Сол сәт, міне, енді іске аспақ. Кездесу сағат 10-ға белгіленген болатын.
Менімен курстас жолдасым-досым Бердіғали Өмірзақов деген жігіт екеуміз Баукеңді жақыннан көріп, жақсы тың­дауды ойлап, бұрын барсаң орын бар дегендей, алдыңғы қатардан орын алдық. Қағаз, қаламымызды да бір керегі болар деп ала бардық. Көп ұзамай залға өзге тыңдаушылар да жинала бастады, зал лық толды, қайсыбіреулерге түрегеліп тұруға тура келді.
Сағат 10-ды соқты. Күткен кісіміз келе қойған жоқ. Оннан 10 минут кетті, 20 минут кетті, жарты сағат өтті, әлі де күтудеміз.
Залдағылар арасында тыныштық бұзылып, есік жаққа көз салушылар көбейді. Бердіғали екеуміз осындай беймазалау шақта отырып аңғармай қалыппыз, бір кезде әр жерден соғылған шапалақ үнін ести сала есік жаққа қарасақ, бір топ кісі алдында түр-тұлғасы келісті, ашаңдау жүзді, кең иықты, қалың қара мұртты, қара костюм киген ұзын бойлы кісі келе жатыр екен. Бұл кісінің Баукең екенін бірден таныған залда отырған тыңдаушылар бір кісідей орындарынан тұрып, ду қол шапалақтап қарсы алды. Баукеңмен бірге оның сол қолынан қолтықтай ұстап, омырауы орден, медальдарға толы аласалау келген, биязы өңді, жүзінен мейірім төгілген бір әйел келе жатты. Олардың соңынан Жоғарғы партия мектебінің ректоры Қ.Оспанов, тағы басқа бірнеше адам көрінді.
Келген кісілер президиумға көтерілді. Партком хатшысы қонақтарды таныстырып өтті. «Сіздермен кездесуге Ұлы Отан соғысының қан майданында ерліктің та­маша үлгісін көрсеткен гвардия полковнигі, жазушы Бауыржан Момышұлы, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Хиуаз Доспанова келіп отыр, қарсы алыңыздар», – деді ол. Біздер жаңағы ордендері жарқырап келе жатқан кісінің Хиуаз апай екенін енді білдік. Ол кісі туралы бұрыннан да естуіміз бар еді. Оның қазақтан шыққан жалғыз ұшқыш қыз екені, жау тылын сан рет бомбалап, фашистерге ойран салғаны туралы оқығанымыз бар болатын. Оның үстіне Жоғарғы мектептің деканы, біздің сыйлы ұстазымыз Шәку Әміровтің Хиуаз апайдың сүйген жары екенін де естігенбіз. Хиуаз апай Оралдың қызы болғандық­тан, Шәкең жезделік ретпен біздерге жеңіл әзіл айтып та қоятын. Енді, міне, апайдың өзін көріп, сөзін де естігелі отырмыз. Партком хатшысының таныстыруынан кейін зал тағы да ұзақ қол соқты.
Мінбеге бірінші болып Хиуаз апай көтерілді. Апайымыз нәзік де­не­лі, қараторы кісі екен. Жәй басып кел­генімен айрықша екпінмен шымыр сөйлеп кетті. Соғыс кезінде, бейбіт өмірде өткен жолдарын жеткізіп айтуға деген құштарлық байқалып тұрды.
– Орал қаласында он жылдықты бітіріп, Мәскеудің медициналық инс­титутында оқып жүрген кезімде фашис­тердің жауыздықпен біздің бейбіт елімізге басып кіргенін естідім, – деп бастады өз сөзін Хиуаз апай. – Халқымыздың басына ауыр күн туып, Отанымызды қатыгез жаудан қорғау әрбір азаматтың қастерлі борышы болған сол бір шақта мен де өз еркіммен сұранып, соғысқа аттандым. Менің атақты батыр Марина Михайловна Раскова ұйымдастырған әйелдер авиаполкіне баруыма мектепте оқып жүрген кезімде аэроклубқа қатысқаным, Саратовтағы әскери училищеде оқығаным себеп болды. Ол кезде жер бауырлап ұшатын ПО-2 ұшағымен жау тылын тек түн ішінде бомбалайтынбыз. Осындай бомбалауларға 300 рет қатыстым. Ол бір өмір мен өлім шайқасқан кез еді. ПО-2 өте төмен ұшатын болғандықтан зенит оғына жиі кезігетін. Сондықтан да жау тылына аттанған әрбір сапарымыздың соңғы болуы мүмкін екенін біліп жүрдік. Қарулас құрбы-достарымның қатары көз алдымда азая бергенін көру өте ауыр еді. Қандықол басқыншылардан олардың кегін алуға қалғандарымыз әркез серт беретінбіз. Жаудың тылын, шебін талқандау жөніндегі сан ал­уан әскери тапсырмаларды орындау кездерінде менің де үш рет өмірмен қоштасу жағдайында болғаным, айлап госпитальдерде жатып емделіп, аман қалғаным бар.
Бірде жаудың шебін бомбалап, тапсырманы тыңғылықты орындап өз аэ­родромымызға қонуға бағыт алып келе жатқан кезімізде кенеттен ұшағымыз қатты соққы алып, қасымдағы Юлия деген қыз екеуміз не болғанын білмей қалдық. Көзімді ашсам, мен қираған ұшақтан аулақта, ал Юлия оның ішінде жатыр екенбіз. Бұдан кейін мен тағы да не болғанын білмей қалып, есімді тек госпитальде жинадым. Соңынан білсем, қимас досым Юлия о дүниелік болып кетіпті. Мені құтқарған ұшақтағы орындыққа таңылуды ұнатпай еркін отырғандығымнан (нұсқауға қайшы) соққы кезінде терезеден ұшып кеткенім екен…»
Жалындап сөйлеп тұрған Хиуаз апайдың авиаполк қыздарының ше­тінен батыр болғанын, олардың ішінен 23 қыз Кеңес Одағының Батыры атағын алғанын, Дуся, Юлия, Раиса сияқ­ты майдандас-дос қыздарының Ота­нымызды жаудан қорғау жолында жас өмірлерін қиғанын айтқан кезінде кө­ңілінің босап кеткенін байқадық.
– Сонымен, – деді бұдан әрі Хиуаз Доспанова, – елге Ұлы Отан соғысының екінші топтағы мүгедегі болып оралдым. Медициналық институтқа түсемін деп ойлаған едім. Бірақ тағдыр маған халық­қа қызмет етудің басқа жолын жаз­ған екен. Партияның жоғарғы орын­дары­ның ұсынысымен Қазақстан комсомо­лын басқара жүріп, бүкіл еліміздегі жас­тар тәрбиесіне, олардың қоғамдық өмір­дегі рөлін арттыруға күш салдым. Бұл кездерде біздер демалыс дегенді білме­дік. Алматы қаласын көркейту үшін, жасыл желекке бөлеу үшін жас шыбықтарды отырғызуға жастарды жұмылдырғаным, бұл іске өзімнің де қолдап араласқаным әркез есіме оралады.
– Біздер соғыста қан кешіп жүрдік, мақсатымыз фашистерді тезірек жеңу болды, – деді бұдан әрі Хиуаз апай. – Соғыстан кейін қираған, экономикасы әлсіреген елді қалпына келтірудің қиын кездерінде де аянбай еңбек еттік. Аға ұрпақтың осы ерлік істері мен маңдай терлерінің нәтижесін қазіргі жайнаған өмір көрсетіп отыр. Демек, біз атқарған істер халқымыздың ойынан шықса, ұрпаққа үлгі бола білсе, еңбегіміздің босқа кетпегені.
Мені қазақ халқының зиялы аза­маттарының бәрі дерлік біледі, сыйлайды. Солардың ішінде Ұлы Отан со­ғысының батыры, алдыңызда отырған Баукең ағамыз айрықша сыйлап, құрмет көрсетіп келеді. Осының бір айғағы – сіздермен бүгінгі кездесуім. Жоғарғы партия мектебінің тыңдаушыларымен кездесуге бірге барамыз деп телефон шалуы Баукеңнің маған көрсеткен тағы бір құрметі еді. Сол үшін, аса құрметті Бауыржан аға, Сізге шын жүрегімнен үлкен рахмет айтамын, – деп Хиуаз апай президиумда отырған Баукеңе аса бір ілтипатпен мойнын бұрды.
Біздер Доспанова Хиуаз деген кісіні жаңа танып-білгендей болдық. Бұл кісінің әрбір сөзінен тура айтар, қайсар мінезі, қолға алған ісін жеріне жеткізбей тынбайтын жігерлілігі аңғарылып тұрды. Хиуаз апайдың сөзі аяқталысымен тың­даушылар ұзақ қол соғып, қошемет көрсетті.
Бұрын жалпы естігеніміз болмаса батырлық жолдарын, әсіресе, соғыстан кейінгі өмір жолдарын жете білмейтін Оспанова Хиуаз жайлы соңынан білгеніміз: Қазақстан Жастар одағы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметінен тура айтатын, тайсалмай әділ сөйлейтін қайсар мінезі үшін мүгедектігін желеу етіп мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығарылып, еленбей, атаусыз қалған кісі екен.
Хиуаз апаймен кездесіп, сөзін тың­дағаннан кейін біздер соғыс жыл­дарындағы өмірі қаһарман ерлік­ке толы жаужүрек қазақ қызын бұ­лайша ұмыт болуға дейін апару билік басындағылардың шектен тыс әділет­сіздігі екен деп түйдік.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында «Егемен Қа­зақстан» газетінің бетінде көптеген авторлар мақала жазып, Хиуаз Оспа­нова­ның соғыс кезіндегі ерлігі оған «Халық қаһарманы» атағын беруге әбден лайық деген пікірлер білдірген болатын. Осы ұсыныс-пікірлердің негізінде, мезгілінен көп жылдар кешіксе де, Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың шешімімен қазақ халқының ержүрек майдангер қызы Хиуаз Оспановаға соғыс кезіндегі ерен ерлігі ескеріліп, желтоқсан айында, Тәуелсіздік күніне орай «Халық қаһарманы» атағы берілді. Әділдіктің ақ туындай болған бұл шешімді бүкіл еліміз үлкен қуанышпен қарсы алды.
Хиуаз апамыздан кейін мінбеге көтерілген Баукең бірден: «Біздердің кешігіп келуімізге кінәлі – ана кісі» деп мойнын бұрмастан, сол қолының бас бармағын иығынан асыра нұсқап, президиумда отырған, біз оқып жатқан Жоғарғы мектептің ректоры Құрман­ғали Оспанов ағайды көрсетті. Ағайы­мыз бұрын Қазақстан Компартиясы Орта­лық Комитетінің хатшысы болып істеген, өте жайлы, сабырлы кісі болатын. Баукеңнің сөзін естіген ол: «Иә, кінәлі менмін» дегендей, ишаратпен ақсия күліп, басын изеді. Баукеңді аңызға айналған батырлығымен бірге мәрт мінезді, бетің бар, жүзің бар демей тіке айтатын кісі деп естуші едік. Александр Бектің «Арпалыс» атты кітабын жазарда оған қойған талабын да оқығанымыз бар болатын. Ректорымызды әлгідей жолмен сынағанын көріп, батыр Баукең туралы айтылып жүрген әңгімелердің шындығына көзіміз жеткендей болды және оны ешкім артық болды-ау деп ойламаса керек.
Бұдан кейін Баукең танадай үлкен өткір қара көздерінің жалынды жанарын тыңдаушыларға аударып: «Жазып алған сөзімді оқиын ба, әлде қағазсыз-ақ айта берейін бе?» деді де, костюмінің қойын қалтасынан бір буда машинкаға басылған қағаздарды шығарып: «Сіздер мені алдын ала дайындалмаған екен деп ойлап қалмаңыздар, мен бұл кездесуге әдейі дайындалған кісімін» деп залға тіктеп қарады. Біздер «Бауке, қағазсыз-ақ айта беріңіз, сол жақсы деп әр жерден пікір білдіріп жаттық. Әркім Баукеңнің әрбір сөзін құлаққа құйып алғысы келгендей пейіл аңғартып, залда тек шыбынның ызыңы естілгендей тыныштық орнады.
– Мен, – деді бұдан кейін Баукең, – дүниежүзілік соғыстарда айрықша із қалдырған екі қолбасшыны білемін. Оның бірі – соғыстың механикалық кезеңіндегі қолбасшысы Шыңғысхан да, екіншісі – машиналық кезеңіндегі қолбасшысы Иосиф Виссарионович, – деп бастады Баукең өзінің әсерлі әңгімесін. – Әскери қызметте қатарынан жиырма бес жыл болдым. Соғыс кезінде ел намысын қорғап, фашистермен 207 рет айқасқа түстім. Сондықтан да соғыстың не екенін айқын білемін. Соғыс – бүкіл адамзаттың қасіреті, ол – жазықсыз жандардың көз жасы, бұл аштық пен қайыршылық, бұл – адам баласының қолымен жасалған құндылықтарды қа­тыгездікпен жою деген сөз.
Мен батальон, полк, дивизия бас­қарған кездерімнің барлығында да өзімнің солдаттарымды шайқасқа сал­ғанда олар жауды жеңсін деймін. Солдаттарымның бірде-бірін шашау шы­ғармай аман алып қалуды ойлап, өзім де шайқасқа кіріп отырамын. Жау­мен шайқаста жеңіп шығу көбіне командирлер тарапынан берілетін бұй­рықтарға тікелей байланысты. Ко­мандир – ұрысты ұйымдастырушы, жеңіске қол жеткізуші тұлға. Менің бұйрыққа қояр талабым: бұйрық беру үшін алдымен терең ойлану, бұйрықтың орындаушыларға түсінікті болуы және соғыстың әдіс-айласын, тәсілін түсіндіру. Бұдан кейін әрбір бұйрықтың орындалысы міндетті түрде тексерілуі керек. Ойланбай, талданбай берілген бұйрықтар еш Жеңіске жеткізбейді, орындалмай қалады. Ал орындалмаған бұйрық үшін, әрине, солдат жазаланады. Мен болсам, жеріне жеткізбей, ойланбай бұйрық берген командирлерді жазалаймын. Қатаң тәртіп бұзылмаған жағдайда ғана соғыста жүрген әрбір солдат, әрбір командир шыңдалып, батылдана түсетін болады.
Соғыс кезінде талай оқиғалар болып жатады. Соның бірі – алғашқы кезде, біздің Армияның шегінуі кезінде менің шапалақ жеуім еді. Ол былай болды. Дивизияның артиллерия начальнигі, генерал Панфиловтың сенімді серігі Марков келіп: «Тағы да кейін шегініп, жау қолына түсерлік дүниелердің бәрін өртеу керек деген бұйрық бар» деді. Бұйрықты орындау – міндет. Өртшілеріміз біздер тоқтаған деревняны өртей бастады. Түн ішінде жалын құшағында қалған үйлерден қолға түскен нәрселерін алып жүгіре шыққан адамдар аласұрып жан-жаққа қашуда. Осы кезде бір бурыл шашты әйел қасымызға келіп, «Бұларың не?» деді булыққан ашулы үнмен. Менің түсінік беруімді күткен жоқ, «Сіздерді де офицер дейді-ау» деп мені шапалақпен тартып жіберді. Әйел түгіл, еркектен таяқ жеп көрмеген адаммын ғой, өшімді кімнен аларымды білмей, қасымда мойны салбырап келе жатқан Марковке: «Дұрысында, шапалақты сіз жеуіңіз керек еді, біз деревняны өртеу жөніндегі сіздің бұйрығыңызды орындадық қой» дедім. Бұған қарсы сөз айтпаған Марков: «Бұдан былай деревняларды өртеуді тоқтатайық, жоғарғы жақ алдындағы жауапкершілікті өз мойныма алайын», – деді кінәлі кісіше. Шынында, кінә Марковте де емес еді.
Баукең бұдан әрі өзінің майдандас достарының – тапсырмасын орындап жүрген жолдастарының жанқиярлық ерліктері туралы біраз әңгімелей келіп: «Өкініштісі сол – олардың көбінен айырылып қалдық. Атақты қолбасшы, генерал Иван Васильевич Панфиловтың оққа ұшуы аса ауыр қаза болды. Қадірлі ге­нералдан айырылу біздер үшін, ол басқарып жүрген дивизия үшін үлкен сын еді» деді үлкен толғаныс үстінде. – Менің ойымша, Жеңіске арналған мерекелерді, кездесулерді әдемі залдарда емес, елге жеңіс сыйлаған, қазір ортамызда жоқ ерлердің қабірлері басында өткізу керек. Сонда ғана біздердің арымыз таза болмақ», – деген Баукең ағаның пікіріне тыңдаушылар қол соқты.
Сұрапыл соғыстың не екенін ке­ңі­нен түсіндіре келіп, өзі қан кешкен кейбір оқиғаларды соншалықты айқын, шынайы бейнелеп, оның адамзатқа келтірген барлық қайғы-қасіретін көз алдымызға елестете білген Баукеңнің айтарлықтай шешендігіне де тәнті болдық.
– Майдангерлермен кездесу, олардың жанқиярлық еңбегін, ерлігін білу барлық жастарға, келер ұрпаққа қаншалықты қажет болса, соғыс тақырыбын терең зерттеп, кең көлемде әрі нанымды етіп халыққа жеткізіп отыру журналистердің, газет-журнал редакцияларының, барлық қалам ұстаған азаматтардың басты борышы деп білемін, – деп жалғады сөзін Баукең бұдан әрі. – Мен турасын айтайын: соғыс туралы «Социалистік Қазақстан» және «Лениншіл жас» газеттері «Казахстанская правда», «Ленинская смена» газеттеріне қарағанда анағұрлым кең, нақты да нанымды фактілермен жақсы жазады. Бұл менің ұлтшылдығым емес, шындық осылай. Біреулер менің бұл пікіріме қарсылық білдіріп жатса, партияның Орталық Комитетіне дейін барып, осы ойымды дәлелдеп шыға аламын. Сіздердің – партия мектебі тыңдаушыларының менің бұл айтқанымды білулеріңіз керек, ертеңгі қызметтеріңізде ескеріп жүрулеріңіз міндет деп білемін.
Мені таңғалдыратын, қайсыбір кездерде ауыр пікірталасына дейін апа­ратын бір жай – ол біздің кейбір өздерін оқымыстымыз деп санайтын милаулардың халқымыздың тарихын бұрмалап, бабаларымыздың ке­меңгерлік, ерлік, даналық қасиеттерін мансұқ етіп, әдебиетін, мәдениетін жоқ­қа шығаратындары немесе білім­дері жетпей, зерделей білмейтіндері, –деп шамырқанды Баукең. – Олар осы бағытта елімізде қол жеткен сәл жақ­сылық болса, оны коммунистік пар­тияның, Кеңестер Одағының арқа­сы деп даурығады. Бабаларымыздың бар­лық жақсы қасиеттерін естен кетіруді көздеген мұндай жала, өтірік, қиянат сөздер айтқан «оқымыстыларға» тиісті тойтарыс беру қажет деп есептеймін.
Мен соғыс кезінің өзінде Қазақ Ке­ңес­тік Социалистік Республи­касының төрағасы Н.Оңдасыновқа, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысына хаттар жазып, қазақ тілінің мүшкіл жайына назарларын аударған болатынмын. Осы кезге дейін ана ті­лімізді сақтап қалуға бағытталған елеу­лі қимылдың байқалмай отырғаны өкі­нішті-ақ. Бұлай бола берсе, әуелі тілін, одан кейін өзін жоғалтқан халық боламыз деген осы емес пе?! – деп Баукең сұраулы пішінде залға назар аударды.
Бұл сөздерді тыңдай отырып, сонау соғыс жылдарының өзінде өмір мен өлімнің ортасында жүріп, ана тіліміздің мәртебесін көтеру мәселесін қозғаған Баукеңнің халқының болашағын терең ойлай білген ұлы адам екендігіне көзіміз жете түсті.
Залдан «Волоколам тасжолы» по­ве­сінде Боранбаев деген қазақ жігі­тін қашқын болғаны үшін аттырып тас­тағаныңыз айтылады, осы рас сөз бе, оқиға қалай болған еді?» деген бір тыңдаушының сұрағына Баукең: «Алек­сандр Бектің бұл – ойдан шығарған фантазиясы. Осы үшін оның өзін қатаң жазалау керек еді, әттең, кітап шығып кетті» деп қысқа жауап берді.
Соғыс кезінде батальон, полк, дивизия командирі болған, дивизия ко­мандирлеріне дәріс берген, соғыс ісінің тәжірибесіне жетік, теориясын терең білетін, ересен ерлігі мен білімділігі сол кездерде, кейіннен де газет, журнал беттерінен түспеген Бауыржан ағаға батыр атағы да, генерал шені де берілмеді. Баукеңді тыңдай отырып, бұның өзі жоғары билік орындарының батырға орынсыз қақпай көрсеткен қиянат әрекеттерінің салдары екен деген ой келді біздерге. Бірақ одан Баукеңнің беделіне нұқсан келген жоқ. Халық оны шын мәніндегі қаһарман батыр деп таниды. Осы жерде аса дарынды ақын Мұқағали Мақатаевтың мына бір төрт жол өлеңін келтіре кетуді жөн көрдім:
Алтын да, алмас та емес
жарқылдаған,
Бір сый бар, аға, саған тартылмаған.
Ұрпақтар аңыз етіп айта жүрер,
Сыйдан да он есе артық даңқың маған.
Міне, Мұқағали ақын дөп басып айтқандай, Баукеңнің даңқы дүниенің төрт бұрышына жайыла берді.
Даңқы осылайша биіктеп тұрған күннің өзінде де толарсақтан қан кешіп, Ұлы Отан соғысында фашистердің тас талқаны шығып жеңілуіне сүбелі үлес қосқан қолбасшы, әрбір күні ерлікке толы батыр Бауыржан Момышұлының орасан зор еңбегі дұрыс бағаланбай, 45 жыл бойы мемлекет тарапынан батыр атағын ала алмауы көріне әділетсіздік болатын.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Президент Н.Ә.Назарбаев халық­тың көп жылдар бойғы арманын жүзеге асырды. Осылайша Ұлы Отан соғысында ерен ерліктің, халқына берілгендіктің айқын үлгісін көрсеткен Баукеңе Кеңестер Одағының Батыры атағы бе­рілді. Бұл шешім тек қазақ халқын емес, Баукеңді білетін алыс-жақын бүкіл жұртшылықты қуантты.
Айтулы батыр, есімі бүкіл дүниежүзі халықтарына белгілі Баукең ағаның ес­тен кетпес әңгімелері аяқталған кезде шынайы риза болған біздер орындары­мыздан тұрып, ұзақ қол соқтық. Біздер­дің бұл қошеметіміз Баукең президиумдағы орнына барып, қолын көтеріп белгі бергеннен кейін ғана тоқтады.
Осылайша халқымыздың екі бірдей батырымен өткен тамаша кездесуіміз араға қаншама уақыт түскеніне қарамастан, күні кешегідей есімізде сақталып келеді.

Дүйсенбі Әріпов,
ардагер, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері
АҚТАУ

anatili.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста