Барон сыйға берген қыз

Ауыл жақтан: «Терезя апай қайтыс болды», деген хабар келді. Былтыр Ресейдің көршілес Волгоград облысына осы кісіні арнайы іздеп барған едік. «Терезясы кім?» деп отырған шығарсыздар? Әңгімені әріден бастайық ендеше…

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында Геннадий Оспанов деген дәрігер болған. Көбі есімін қазақшалап Ғафу дейтін. Кейбірі тіпті Құспан, кейде Құсайын деп те атай берген. Керемет білімді, күрделі операцияларды ауылда-ақ жасай беретін әскери дәрігер. Ол алдына келген науқастардың тамырын ұстап та ауруларын айтып беретін болған. Сырқаттарға бір жапырақ қағазға диагнозын жазып, өзінің «Оспанов» деген жазуы бар мөрін соғып береді екен. Саратовтың ауруханасындағы дәрігерлер ол кісінің жазып берген қағазымен қаралуға барған науқастан қайта анализ алмай-ақ, бірден емдеуге қабылдайтын болған. Жәнібектің халқы бұл ағайды әлі күнге құрмет тұтады.

Ауылдағылардың аузынан түспейтін Ғафуды зерттеп жүрген – Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің редакторы Ахмедияр Батырханов деген азамат. Ол кісінің аузынан да Оспанов жайлы көп мәлімет естідім. Оның өмірі мен қызметі мені қатты қызықтырды. Мың рет естігенше, бір рет көр деп, Ахмедияр аға екеуміз былтыр Оспановтың көзі тірі кемпіріне барған едік. Терезя деген, міне, сол кісі.

* * *

60-шы жылдардың соңында Геннадий Оспанов Саратовтың Питер ауданында дәрігер болып жүріп, сол жерде тас қашап жүрген сығандардың бір сәбиін өлім аузынан аман алып қалған. Геннадийдің білікті дәрігер екеніне риза болған табор басшысы келер жылы оны Закарпатьеге қонаққа шақырады.

– 1967 жыл. Жаз. Сығандармен бірге маң даладағы маздаған отты қоршай отырмыз. Бас қонағымыз Геннадийге мені қарама-қарсы оттың келесі жағына тұрғызып қойды. Ол маған үнсіз 10-15 минут қарап отырды. Жасы елуден асқан ол маған қарт болып көрінді. Ал мен болсам 14 жастағы бойжеткенмін. Оған ұнатпай қарадым. Бірақ өз ойымды ашық айтуға сескендім. Ал, Геннадий Оспанов болса менің жаратпай тұрғанымды түсінсе керек, кері бұрылып, топтың арасынан шығып кете барды. Мен таборда қалдым. Алайда қуанышым ұзаққа созылған жоқ, – деді күліп Терезя апай бізбен әңгімесінде. – Келер жылы жазда Геннадий Федорович біздің елге тағы да келді. Бұл жолы мені қолымнан ұстап, Қазақстанға алды да жүре берді. Біздің венгр сығандарының басшысы ұлын ажалдан аман алып қалғаны үшін мені Геннадий Федоровичке сыйға берген екен. Қарсылық білдіруге дәрменім болмады. Себебі, сығандардың заңы бойынша барон мені сол жерде табордан қуып жібереді немесе өлім жазасына кеседі. Сөйтіп, бұрын көрмек түгілі естімеген Қазақстандағы Орал облысының Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылына келдім.

Ғафу мен Терезяның некесінен Марина, Елена, Екатерина, Нина, Ангелина, Сергей, Владимир есімді ұл-қыздары бар. Балаларының барлығы да қазіргі уақытта Мәскеу қаласында болса, Терезя әжей жұбайы жерленген Кайсацк ауылында жалғыз тұрды.

– Үйде Геннадий балаларымен неміс, ағылшын, француз тілдерінде сөйлесіп отыратын. Өзі еркін сөйлейтін, балаларын да білімді қылып өсірді. Ұлттарының – қазақ, руларының қазанқұлақ екенін қайта-қайта айтып отыратын, – деп еске алды Терезя.

Аты аңызға айналған Оспанов қандай адам?

Былтыр жоғарыда айтылып өткен Ахмедияр ағаның облысымыздың «Дана» журналына Оспанов жайлы мақаласы жарияланды. Автор архив деректерімен нақты зерттеу жасады. Ол анықтаған мәліметтер Геннадий Оспанов Ұлы Отан соғысы кезінде II Украин майданы құрамында маршал И.Коневтің қарамағында әскери дәрігер болғанын растайды. Соғыс жылдары жараланған жауынгерлер мен офицерлердің аяқ-қолдары іріңдемеу үшін әскери хирургтар жараланған жерді кесіп тастай беретін болған. Ал Оспанов болса, оқ тиген аяқ-қолды екінші жағынан тесіп, оқты алып, арнайы дәрі-дәрмектермен жуып-шайған, сөйтіп, жараланған жауынгерлердің дене мүшелерінің кесілмей, аман қалуына әрекет жасаған. Жауынгерлер жараланып жатып, оған Оспановтың ота жасауын өтінген.

Геннадий Оспанов 1946-1960 жылдары аралығында Владивосток, Находка қалаларындағы госпитальдерде, әскери кемелерде дәрігер бола жүріп, қызмет барысында бүкіл Еуропаны аралап, сонымен қатар Солтүстік Америкада, Сахалин және Камчатка аралдарында, Баренц теңізінде, Атлант, Үнді, Тынық мұхиттарында, Жапонияның Хонсю, Хоккайдо аралдарында болған. Ұзақ сапарларға аттанатын әскери кемеде жүріп ол «теңіз ауруына» ұшырайды. Приморье өлкесіндегі әскери госпитальде ұзақ жатып науқасынан емделіп шығып, өзінің дерттен айығуына сеп болған дәрігер орыс қызына үйленеді. Одан үш баласы болған.

– Геннадий қайтыс болардан бір жыл бұрын Владивосток қаласындағы сол ұл-қыздарына барып келді. «Өз жолымды қуған қызым барына ризамын. Нинамен неміс, француз, ағылшын тілдерінде тілдестім. Ол маған қытай және жапон тілдерінде сұрақ қойғанда жауап бере алмадым. 12 ұлттың тілін меңгерген қызыма ризамын. Енді менің арманым жоқ деп келді», – деген еді Терезя апай.

Брежневтің жеке дәрігері

Кейін Геннадий Оспанов белгісіз себептермен отбасынан ажырасып, достарының шақыруымен Мәскеу қаласына келеді. Сол кезеңде КСРО Денсаулық министрлігінде қызмет ететін әріптесінің қолдауымен ол Бурденко атындағы әскери госпитальде, кейін «Қызыл крест» қоғамында, содан соң Кремльде Л.И.Брежневтің жеке дәрігер терапеві болып жұмыс жасаған. «Кремльден кету себебім, шынымды айтсам, «үлкен кісінің» таңертеңнен кешке дейін қан қысымын өлшеуден жалықтым», – деп ол кезінде күйгенкөлдік Хаумет Сапаровқа айтқан. Өз өтініші бойынша жұмыстан босаған Оспанов Саратов облысына қоныс аударып, сол жақтың ауруханаларында дәрігер болып абыроймен еңбек еткен. Онда кейіпкеріміз екінші рет украин қызына үйленіп, бес ұлдың әкесі атанған. Бүгінде Алексей ға­рыш зауы­­тында инженер, Александр құрылысшы, Сергей неміс тілінен аудармашы, Владимир трамвай жүргізуші болып еңбек етсе, Василий бала күнінде қайтыс болған.

Герингтің «Фордын» тақымдаған

Геннадий Федорович әйгілі вермахт қолбасшыларының бірі Герингтің жеңіл автокөлігіне ие болған. Ол машинаның да өзіндік тарихы бар. Үкімет Герингтің автокөлігін Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғанда К.Е.Ворошиловқа сыйға берген. Ол кісі машинаны бір генералға сыйға тартқан. Ал, кейін сол автокөлікті жұртқа «Тополя» әнімен таныс Геннадий Колесников иеленген. Содан соң бұл неміс машинасы тоқсаныншы жылдары Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылына қарасты Өнеге елді мекенінде тұрған Г.Оспановтың жеке көлігі болған. Кремльден жеке саяжайды алмай кеткен Оспановқа осы көлік сыйға берілген деседі. Оны Геннадий Федоровичтің айдап жүргенін өз көздерімен көргендер әлі күнге бар.

Ауылда ота жасап, ағылшынша газет алдырған

Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының соңында Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылының аумағында Мәскеуден келген геологтар зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Экспедиция құрамында жұмыс істеп жүрген бір орыс ұлты өкілінің басына жоғарыдан құлаған темір тиіп, Г.Оспанов әлгінің айырылған басына ауылда ота жасап, аяғынан тік тұрғызған.

Көзін көргендер Оспановтың шайдың орнына қайнатылған су ішіп жүре бергенін айтады. Арақ-шарап, сыра дегендерді мүлдем татпаған. Темекі тартпаған. Адам ауырып жатыр деген хабар естіген ол Күйгенкөл ауылынан 12 шақырым жердегі Көлтабан, 9 шақырым жердегі Құрсай, 22 шақырым жердегі Өнеге бөлімшелеріне қысы-жазы тәуліктің қай мезгілі болса да жаяулап-жалпылап жүре берген. Көктем шыға дәрілік шөптер теріп, далаға кететін болған. Оспанов садақаларда ауыл молдаларының Құран оқығандарына риза болмай, өзі оқитын. Ауылдастары әсіресе оның айтқан сөзін қалайда орындайтын қасиетін ерекше айтады. Берген дәрілерін аурулардың ішіп жүргенін қатты қадағалайтын болған.

– 1970 жылы Күйгенкөл учаскелік ауруханасында жатқан мені құяң ауруынан Оспанов емдеді. Арқамның 12 жеріне ине шаншып, бұл тәсілін оның «блокада» деп атағаны есімде қалды. Содан бері ол сырқат мені мазалап көрген емес, – дейді бүгінде Жәнібек ауылында тұратын зейнеткер Нұрболат Тәжіғалиев.

«Оспанов Т.Жароков кеңшарындағы учаскелік ауруханасында істеп жүрген кезінде ағылшын тілінде шығатын «Moskow news» газетін судыратып оқып отыратын», – деп кезіндегі әріптесі Қансұлу Жамбылова апай жиі айтады.

Жерлестері жыр етіп айтатын Геннадий Федорович Оспанов 1997 жылы 30 желтоқсанда 82 жасында Волгоград облысының Палласовка ауданындағы Кайсацк ауылында қайтыс болған. Сол елді мекенде жерлеген. Бірақ мұсылмандар зираты бүгінде шекараның бер жағында, Жәнібек ауданы аумағында.

* * *

Терезяны жерлеуге, анасымен қоштасуға Мәскеуде үлкен қызметте жүрген ұл-қыздарының бәрі келді. Аспанды жамылып, көк шөпті жастанып, тау-тасты кезіп, басы ауған жағына қаңғып, еркіндікті сүйген сыған халқының қызы қазақтың шаңырағын ұстап, қазақтан ұл-қыз туып, ең сонында оқымысты балаларынан жырақ ауылда қайтыс болды. Ауылдастары мен жәнібектіктер оның атақты Оспановтың жары болғандығы үшін сыйлады.

Суреттерде: 1) Ғ.Оспанов пен Терезя. 1968 жыл. 2) Отбасы. 1982 жыл.

egemen.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста