Атам Қарсыбай батырмен бірге соғысқан...
Әжем Орынтай соғыста хабарсыз кеткен тұңғышы (әкемнің ағасы) жайлы арманын о дүниеге ала кетті. «Мінезі момын еді, әскерге кетерінде бір жәшік кітабы қалып еді...» — деп жиі-жиі ауызға алғанын естігенде, көкірегі сағыныштан қарс айырылған кейуананың жан дүниесіне үңілген кім бар дейсіз. Сәждеден бас алмай өткен қайран ана «өлді» деген хабарын естімегендіктен, баласының аруағына дұға да арнай алмады...
Қазір соғыста хабар-ошарсыз кеткендерді іздеушілер көп, бірақ көпшілік жұрт іздеу жұмыстарын қалай жүргізуді білмей жатады. Хабарсыз кеткен атам жайлы өзім тапқан деректерді жұртшылыққа бір пайдасы тиіп қалар деген ниетпен «Алаш айнасы» порталына жіберіп отырмын.
Бала күнімде Күлшария тәтем: «Ағамыз атты әскерде болған, соңғы хатында «атымның шылбырынан ұстап жазып отырмын» деген екен» деп естелік айтқанда, соғыста тек танк пен самолет қана болады деп ойлаған мен «осы тәтем қай-қайдағыны ойлап табады, атты әскері несі» деп іштей сөгіп, тыңдамай қоятын едім.
Тоқсан үш жасында әжем, одан екі жыл өте әкем дүние салды. Әкем қайтыс болғаннан бір-екі апта өткен соң біздің қолымызға баспадан біраз бұрын ғана шыққан «Боздақтар» атты кітап тиді. Онда «Айтыш Қадыров 1942 жылғы 26 қаңтарда қаза болып, Волгоград облысы Ольхов ауданындағы Шарнутовск хуторында жерленген» деп жазылыпты.
Осы кітапты көзімнің қарашығындай сақтаған мен кейін атам жатқан жерді тауып, туған жердің бір уыс топырағын апарып, әжемнің арманын орындауға бел будым. Сөйтіп, Волгоград облысының әскери комиссариатына хабарлассам, ондағылар Шарнутовск деген хуторды мүлдем естімеген болып шықты. Және мәліметтерінде атамның аты-жөні де жоқ. Дегенмен, комиссариат басшылары маған соғыстан кейінгі жылдары Сталинград облысының Калмыкия АССР-інің құрамына берілген елді мекендерінің қатарында Шарнуты селосы болғандығын айтып, Калмыкия республикасына жөн сілтеді. Бірақ Элиста қаласында орналасқан Калмыкия республикалық әскери комиссариатында да маған қажет мәлімет болмай шықты.
Енді кітаптағы мәліметтердің қайдан алынғанын анықтау қажет болып, атам соғысқа аттанған Баянауыл аудандық әскери комиссариатының мұрағатына бардым. Мұрағаттан 1942 жылы келген «хабарлама» табылып, екі қызықты мәлімет белгілі болды: бірі – атамның атты әскер дивизиясында болғандығы, екіншісі – көршілес Егіндібұлақ ауылының тұрғыны Доскен Сүлейменов деген кісімен бірге соғысып, бір күнде хабарсыз кеткені. Бірақ қағазда атамның есімі Айтыш деп анық жазылмапты. Оның үстіне, «Боздақтар» кітабындағы «26 қаңтар» дұрыс емес, «26 қараша» болуы керек. Кітапты құрастырушыларға әр адамның дерегіне жіті үңіліп, тексеріп жату оңайға соқпағаны анық, әйтпесе Сталинград шайқасының 1942 жылғы 17 шілде –1943 жылғы 2 ақпан аралығын қамтығаны белгілі ғой.
Осы деректерді негізге ала отырып, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивіне сұрау салдым. Ол жақтан Айтыш Қадыров пен Доскен Сүлейменовтің 4-ші кавалериялық корпус 61-ші кавалериялық дивизиясының 13-ші жеке атты артиллерия дивизионында соғысып, екеуі де 1942 жылдың 26 қарашасында хабарсыз кеткені туралы мәлімет келді. Бірақ кейін ауылдастарынан сұрастырып білсем, Доскен Сүлейменов соғыстан аман-сау оралып, 50-ші жылдардың соңына дейін Баянауыл ауданында тұрған көрінеді.
Дегенмен, Доскен Сүлейменов туралы мәліметті таппағанымда, атам туралы ештеңе білмей қалады екенмін. Өйткені қазақ солдаттарының аты-жөндерінің өзі соғыс құжаттарына қалай болса солай тіркеле беріпті. Мәселен, менің атам барлық құжатта Аншвин деп жазылған. Менің еш дерекке қол жеткізе алмай жүргенім де осыдан болса керек. Доскен ата бізге бағдаршам секілді болып, барлық мәліметке жол ашып берді.
Сөйтіп, Мәскеу түбіндегі подольскілік архив қызметкерлерін қайта-қайта мазалай жүріп, «13-ші атты артиллерия дивизионы 1942 жылдың 26 қарашасында Волгоград облысы Котельников қаласынан солтүстік-батысқа қарай 56 шақырым қашықтықта орналасқан Шарнуты, Жутов-2 елді мекендері маңында ұрыс жүргізді» деген дерекке қол жеткіздім. Атамның әскери шені құжаттарда «номер орудийный», Доскендікі «номер коновод», «ездовой» деп жазылыпты. Бастапқыда бұларды қару нөмірлейтін, атқа нөмірлеп таңба басатын қызмет екен деп ойладым. Бірақ бұлар атты әскерге тән шендер болып шықты. Мәселен, әскери салада «расчет» деген ұғым бар, бұл бір-бірімен байланыста атқарылатын жұмыс кешенін орындайтын кіші-гірім штаттық құрылымды білдіреді. Жоғарыда аталған шендер де осындай құрылымға кіреді, мәселен, «номер орудийный» деген артиллериялық қаруды дайындау, атуды жүзеге асыратын адам болса, «номер коновод» - атты қарап, күтумен айналысатын, «ездовой» - атқа мінетін жауынгер шені.
Архив құжаттарын асықпай қараған мен 13-ші дивизионның 1942 жылғы 20 қараша – 1943 жылғы 10 қаңтар аралығында хабарсыз кеткен және қаза болған жауынгерлерінің, яғни, «қайта оралмағандар» тізімін көшіріп алдым. Онда хабарсыз кеткендерге көк белгі, опат болғандарға қызыл сиямен сызық қойылып отырған. Тізімдегі шәһид 227 сарбаздың бір ғана 26 қарашада 31-і жер құшып, 179-ы із-түзсіз кеткен. Ең сорақысы, онда қандастарымыздың аты-жөндерінің жазылуында қате көп, мәселен, Қайырбек – Каверсек, Сұлтан Сұлшан, Мақтым Мактвен болып кетіпті. Іздеген адамдардың олар туралы мәліметтерге жете алмайтын себебі де осы!
26 қарашадағы қанды қырғында 210 жауынгер (бәлкім, одан да көп!) қынадай қырылғанымен, олар қорғаған Шарнуты хуторындағы мемориалды тақтаға аттары басылған 11 жауынгердің ғана тұсында « 26 қарашада опат болды» деген белгі бар. Мұны Калмыкия Республикасының әскери комиссары Ю.Казаков айтты.
Ерінбей-жалықпай, жоғарыда аталған 227 адамды «Боздақтар» кітабымен салыстыра отырып, Майқайың поселкесінде туып, әскерге Баянауыл әскери комиссариаты арқылы шақырылған Мәжит Қожахметовтің де аталмыш дивизионда болғанын білдім. Бірақ «қайта оралмағандар» журналында ол Кожехметов Межит деп тұр. Ал «Боздақтар» кітабында ол туралы «Волгоград облысы Садовск ауданында жерленген» деп көрсетілген. Бұл – қате. Рас, Садов ауданы – қазіргі Калмыкия Республикасындағы Сарпины ауданы. Алайда опат болғаны жайлы деректер белгілі болса жерленген жеріндегі тасқа бұл кісінің есімі жазылар еді. Ал менің қолымдағы Орталық архив құжатында 13-ші дивизионның жауынгері Мәжиттің де (шені – «номер оруд». – Ж.Қ.) дәл 26 қарашада сол Шарнутыда хабарсыз кеткені жазылған. Тағы бір дерек – өзім жинаған құжаттар ішінде Баянауыл аудандық әскери комиссариатынан алған «Жоғарғы Кеңес Президиумының Қаулысына сәйкес пенсия аударуға жатқызылған әскери қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің тізімі» журналының бір парағының көшірмесіндегі Айтыш, Доскендердің қатарында осы Мәжит Қожахметов те тұр. «Мекенжайы» деген бағандағы «М-зол» деген жазу Майқайың-алтын екені анық, ал түсініксіз жазылған мекенжай жазбасын «Буденная, 5» шығар деп болжадым. Бұл журналдағы пенсия алуға тиісті адам туралы деректен «отец» дегенге қарап, Доскенді соғысқа менің атам сияқты үйленбеген күйі аттанған деп топшыласам, Мәжиттің тұсындағы «жена» деген жазу оның артында әйелі қалғанын білдірді.
Енді 61-ші кавалериялық дивизия жайлы аз-кем сөз. Г.Шерматов пен Х.Юсуповтың «Тәжік кавалериясының отты жолдары. 61-кавдивизияның майдандағы ерліктері» атты еңбегінде бұл дивизияға егжей-тегжейлі сипаттама берілген. «Генерал-лейтенант Т.Т.Шапкиннің 4-ші кавалериялық корпусының жағдайы өте күрделі болды. Корпус Орта Азияның жергілікті ұлттарынан құралған. Оның басым бөлігі орыс тілін нашар меңгерген немесе мүлдем білмеген» дей келе, автор бұл дивизия еншісіне тиген ауыр шайқастар жайын баяндайды.
Тағы бір назар аударарлық жайт, атам болған 13-ші жеке атты-артиллерия дивизионында Қарсыбай Сыпатаев атты қазақ болған.
Қатардағы жауынгер Қарсыбай Сыпатаев 1942 жылғы 23 қарашада Сталинградтан оңтүстік-батыста орналасқан «Красный герой» колхозы маңында минометпен жаудың жаяу әскер взводын жояды. Ал 26 қарашада Шарнуты елді мекенінде миномет батареясы немістің 36 танкісі мен автоматшыларын үш жақтан оқтың астына алады. Қарсыбай Сыпатаев болса автоматшылар мен танктерді бір-бірінен ажыратуға әрекет жасайды. Алға өршеленген танк батареяға ажал болып төнген сәтте қайсар қазақ қолындағы зілдей минамен танктің астына тұра ұмтылады. Жанқияр ерлік жасап, Шарнуты хуторындағы (Калмыкия Республикасының Сарпины ауданы) бауырластар зиратынан мәңгілік мекен тапқан Қарсыбай Сыпатаевқа 1943 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Өзім жинақтаған осы мәліметтер көңілге медеу болғанымен, РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен табылған «Құпия» деген белгісі бар тілдей қағаздың табылуы менің атамның қайда, қалай қаза болғанын дәлелдеп, оның есімін ең болмаса Шарнутыдағы мемориалды тақтаға жаздырсам екен деген арманымның күл-талқанын шығарды. Өйткені құжатта былай делінген: «Қызыл Армия Бас штабының адамдардан айырылу есебін жүргізу жөніндегі орталық бюросына. Москва қаласы. 4-ші кавалериялық корпус 61-ші кавалериялық дивизиясының 13-ші жеке атты-артиллериялық дивизионы жеке құрамының қайта оралмағандар тізімі жолданды. Тізім №2 үлгіде емес, №1 а үлгісінде жасалып отыр. Себебі Шарнуты түбіндегі шайқастарда 13 ЖААД-ның штабтық құжаттары тиелген арбамен бірге жеке құрам тізімі де жойылды. Ұсынылып отырған тізім тірі қалған командирлер мен жауынгерлерден сұрастыру арқылы жасалды, №2 үлгі бойынша талап етілетін толық тізімді жинау мүмкін болмады. 61-ші кавдивизияның штаб бастығы, подполковник Бешанов». Жоғарыда аталған тізімдегі орасан қателер себебі енді түсінікті.
Иә, соғыс адамдар тағдырларын аяусыз талқандады. Біреулер тұтқын атанды, біреулер көзсіз ерлігінің лайықты бағасын ала алмады. Хабарсыз кеткендердің арасында ержүректер болмады деп кім айта алар?
...Баянауыл ауданына қарасты Күркелі ауылында осыдан он шақты жыл бұрын соғыста қаза болған және хабарсыз кеткен боздақтарды есте қалдыру мақсатында белгітас қойылды. Елі мен жері үшін өмірін қиса да, не қағаздан, не тастан бір жол бұйырмаған есілдерді жоқтайтын жалғыз белгі сол ғана…
P.S. Ресейдің бірталай жауапты орындарымен, әскери органдарымен хат алысқанымда, бір жайтқа қатты риза болдым. Ондағы адамдар әр хатқа ыждағаттылықпен қарап, әр адамның мәселесіне жауапкершілік танытып, жанын салады екен. Бәріміз солай етсек игі.