Арман Қани. Тәуелсіздікке ұмтылып жазалауға ұшыраған жас ұландар

1969 жылы Павлодар қаласында ұлтшыл жасөспірімдер «Жас ұлан» атты жасырын саяси ұйым құрған еді. Сөйтіп, олар бұдан 45 жыл бұрын кеңестік қоғамның қылышынан қан тамып тұрған кезінде нар тәуекелге бел буды және сол әрекеті үшін түрлі жазалау шараларын бастан өткерді.
Қазақстанның солтүстік-шығысында орналасқан Ертістің Кереку өңірі өзге аймақтарға қарағанда Ресей империясының басқыншылығына ертерек ұшырады. Кеңес үкіметі кезеңінде Тың өлкесі құрамына енгізіліп, байырғы тұрғындар орыстандыру саясатының зардабын да өзгелерден гөрі көбірек тартты. Тың игеру басталған 1954 жылдары туған біз – жергілікті қазақ балалары және тың игерушілердің балалары өсе келе ұлттық белгіміз ғана емес, ұлттық мүддеміз бойынша да айырмашылығымыз бар екенін түйсіндік. Кеңестік қоғамның  «өркендеген социализм кезеңінде»  қазақтардың құқын шектеп, орыстілділердің өмірін көркейту саясаты табандылық жүзеге асырылды. Ұлттық теңсіздік білім мен тәрбие саласында, тіл, мәдениет, ономастика, көші-қон саясаттарында айқын байқалды.
Орыстілділерге қолайлы орта қалыптасуының нәтижесінде олардың саны күрт өсті де, біз өз жерімізде азшылыққа айналдық,соның салдарынан ұлттық кемсітушілікке ұшырадық. Көпшілік орындарда екі қазақтың бір-бірімен ана тілінде сөйлесуі өзге ұлттар өкілдерін сыйламаудың көрінісі саналды. Тіпті, өзара қазақша шүйіркелескен балаларға: «Сірә, сендер бізді балағаттап тұрған шығарсыңдар, әйтпесе көпке түсінікті орыс тілінде сөйлеңдер!», – деп зекіп тастайтын «ұлы халық» өкілдері де бой көрсететін. Ал коммунистік режим жағдайында ұлттық мүддені құрметтеу ұлтшылдыққа жатқылып заңдық негізде қудаланатын я морольдық тұрғыдан айыпталатын.
Облыс орталығындағы қырыққа таяу орта білім беру мекемелерінің тек екеуі: малшылардың балалары мен жетім балаларға арналған №3 облыстық мектеп-интернат (қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернат) және Абай атындағы №10 орта мектеп қана қазақша оқытатын.
«Енді не істеу керек?» – деген сұрақ бізді түсініксіз жайттардың сырын ашуға ұмтылдырып, ізденіске жетеледі. Ілияс Есенберлиннің «Қаһар», Серік Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» романдарынан, Сәбит Мұқановтың «Есею жылдары» тәрізді кітаптарынан Кенесары хан, Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев тәрізді Алаш қайраткерлерінің мұрат-мүддесін аңғарып, олардың күрескерлігін өнеге тұттық. Қарағандыдағы қазақ жастарының «ЕСЕП» («Елін сүйген ерлер партиясы») ұйымы және Мәскеудегі қазақ студенттерінің «Жас тұлпар» ұйымы жөнінде естіп, алдыңғы толқын ағалардың көзсіз ерлігіне тәнті болдық.
Ақыры өзіміз  №3 мектеп-интернатта  «Жас ұлан» атты  ұйым құруға бел буып,  жарғысын жазып, жоспарын жасадық. Ұйымның «комитет» деген шартты атауға ие басшы органын құрып, құрамын белгіледік, жетекшілігіне Арман Қаниев, яғни осы жолдардың авторы сайланды. Іле жасөспірімдер арасында ұлттық мұрат-мүдде тұрғысынан жасырын үгіт жүргізіп, жұмысымызды бастадық. «Саяси экономиядан» «Отар елдерде ауруханалар мен ұлттық мектептер аз болады» деген анықтаманы оқыған соң, «Қазақстан – Ресейдің отары» деген ортақ пікірге келдік. Отаршылыққа қарсы өлеңдер жаздық.
«Жас ұланның» белсенділері өздері тұратын елдімекендерде ұлтшыл жасөспірімдердің топтарын ұйымдастыруы керек еді. Сембай Құсайынов Ермак (қазіргі Ақсу) қаласында ұйымның бөлімшесін құрды. Рашит Бейсекеев Ермак (Ақсу) ауданының Ленин жолы кеңшарында шағын топ ұйымдастырды. Сондай-ақ Май ауданының Ақшиман орталау мектебінің 6-7-сыныптарында менімен бірге оқыған Бақыт Бектұрғанов пен менен бір сынып жоғары оқыған Асқар Сәрсенбаев ұйым құрамын кеңейте түсуге атсалысты. Сөйтіп, Б. Бектұрғанов Красноармейка ауылшаруашылығы техникумында, А.Сәрсенбаев Белогорье (қазіргі Көктөбе) орта мектебінде оқушыларды ұйым мүшелігіне тартты. Рас, 4–5 жасөспірімнен тұратын мұндай шағын топтар негізінен ауызекі үгіт-насихат жұмыстарымен ғана айналысты.
Ақыры, 1969 жылдың желтоқсан айында үндеу дайындадық, мәтінін мен жаздым, машинкаға Сембай Құсайынов басты.Үнпарақтың алғашқы жолы «Сендер қазақ деген ұлы халықсыңдар...» деген сөйлеммен басталып, соңы ұлтты отаршылдыққа қарсы бас көтеруге шақырған үндеумен аяқталатын. Қысқы каникулға шыққанымызда әлгі парақтарды облыс орталығы мен кейбір ауылдық елдімекендердегі көпшілік орындарға жапсырып кеттік.
Мұның алдында 1970 жылғы І Мамыр мерекесі демонстрациясына «Қазақ мектептері мен балабақшалары ашылсын!» деген ұранжазулар көтеріп шығуды жоспарлаған едік. Бірақ қаңтар айында мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (МҚК-КГБ) облыстық басқармасы «Жас ұлан» ұйымын әшкерелеп, ұйым мүшелерін қолға түсірді.
Тергеу
МҚК облыстық басқармасындағы тергеу барысына Алматы мен Мәскеуден арнайы келген республикалық, одақтық Қауіпсіздік органдары қызметінің жоғары шенді өкілдері қатысты. Тергеуді негізінен ұлты қазақ офицерлер жүргізіп, түсініктемені қазақ тілінде жазғызды. Олар кәмелетке толмаған жасөспірімдерге күш қолданды деп айтпаймын, ара-тұра зілді дауыспен сес көрсету ауанын байқатқанымен, негізінен алдап-сулау тәрізді тәсілдермен жауап алды.
МҚК басқармасы үзенгілес серіктерімді қолға түсіре бастағанда ұйым мүшелерінің толық тізімі жазылған құжатты өртеу арқылы жойып жібердім және төнген қатер жөнінде жан-жаққа хабар таратып үлгердім. Ал ауылдық елдімекендердегі топтарға қатысты деректер: мүшелердің саны, аты-жөні сол топты құрған жас ұлан мен ұйым жетекшісі маған ғана белгіліеді. Тергеушілер тізімнің қай кезде, қай жерде, қандай әдіспен жойылғанын менен тәтпіштеп сұрап білген соң, сөзіме сенбеске амалы қалмады.
Осындай алдын ала жасалған қауіпсіздік шаралары және дер кезіндегі жедел іс-әрекеттер ұйымның жекелеген мүшелері мен кейбір топтарын жасырып қалуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ белсенді әрекеттер жасауға үлгермеген қатардағы жас ұландарға және ауылдардағы топтарға МҚК қызметкерлері соншалық шұқшиған жоқ. Бұлардың кейбіріне тергеушілердің өздері барып, жарты бет көлемінде түсініктеме жаздырып алумен шектелді. Сөйте тұра, МҚКбасқармасы№3 мектеп-интернаттың мұғалімдерінің бірі я жоғары білімді ата-аналардың біреуі ұйымға басшылық жасауы мүмкін деген болжам бойынша жұмыс жасапты, күдік туғызатын адамдардың өмірбаяндық, қызметтік мәліметтерін астыртын тексеріп, өздерін сырттай бақылауда ұстаған екен.
Бұрынғы «Жас тұлпар» ұйымы мүшелерінің бірі Павлодарға арнайы келіп «Жас ұлан» ұйымын құруы ықтимал деген болжам да жасалғаны байқалды. Өйткені маған: «Алматыдан келген кісі кім, біз оны сенсіз де білеміз. Бірақ өзің айтсаң қылмысың жеңілдейді» деген құйтырқы сұрақтар қойып, тамырымды басып көрді. Олардың кімді меңзеп отырғанын бірден түсініп: «Мұрат Әуезовтың «Жас тұлпар» ұйымы жөнінде естідім және соны үлгі тұтып «Жас ұланды» құрдым, бірақ ол кісіні де, оның жолдастарын да көрген емеспін», – деген сыңайда жауап беріп, анығын айттым.
Бірақ МҚК қызметкерлері бір ересек адамның ұйым мүшелерімен жақсы қарым-қатынаста болғанын анық білді. Ол – Павлодар қаласындағы Чайковский атындағы музыка училищесінде оқитын және Абай атындағы №10 қазақ орта мектебінде ән-күй пәнінен сабақ беретін Рахметхан Нұрбасаров (1945–2006 ж.ж.) еді. Рахаң біздің жағдайымызды естіген соң Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасына өзі барып, ұйымның саяси іс-әрекеттеріне өзінің еш қатысы жоқтығын айтты. Текқана ағайын ретінде араласатын Арман Қаниев (осы жолдар авторы) арқылы оның достары: Рашит Бейсекеев, Қайролла Кәженов тәрізді домбырашы әрі әнші жастарды көркемөнерпаздар үйірмесіне тартудығана ойлағанын айтып,түсініктеме берді. Іле №10 қазақ орта мектебінде Р. Нұрбасаровтың қандай да бір саяси ұйым құрмағаны және оқушыларды ұлтшылдыққа шақыратын сөздер айтпағаны анықталды. Сондай-ақ оның түсініктемесіндегі дәйектер жас ұландардың жазғандарымен сәйкес келіп негізделді.
Қалай болған күнде де ұйымның жетекші құрамы басты назарда ұсталынып, тергеудің негізгі бағыты сол шеңберде шоғырланғаны анық. Үндеуді өзім жазғанымды айтқан соң тергеушілер жауабымның шынайылығын анықтау үшін мәтінді жатқа айтқызды. Соның өзінде де сенбей: «Мынау – сенің сөзің емес, үлкен адамдардікі, саған осылай жаз деген кім?..» – деп, әрбір сөзді саусақпен түртіп көрсетіп, төпелете сұрақтар қойды.
Үнпарақтағы алғашқы сөйлемді жазушы Жайсаңбек Молдағалиевтің бір кітабынан («Торғай толғауы» болса керек) алғанымды айттым, шындығы солай еді. Тергеушілер аталған кітапты және ұйымның үгіт-насихат жұмысына пайдаланылған өзге әдебиеттерді қарап, анық-қанығына көз жеткізді. Тек содан кейін ғана «Ұйымды ұйымдастырып, жетекшілік еткен өзге біреу емес, осының өзі» – деген байламға келе бастаған сияқты. Мұқабаның ішкі бетіне «Мен осы кітаптың осындай бетіндегі мынадай сөздерді үнпараққа пайдаландым»деген сыңайдағы сөздерді жазғызып, қол қойғызды.
Сын сағаттарда жас ұландардың барлығы дерлік өздерін ер азаматтарша ұстады. Жетекші құрамның белсенділері ауылдық елдімекендердегі қазақ орта мектептерінің орталау мектептерге айналдырылуы немесе мүлде жабылуы, облыс орталығындағы 40 шақты мектептің тек екеуі ғана қазақ мектептері екені, қазақ балабақшасының жоқтығы, көше, дүкен, т.б. атаулары негізінен орыс тілінде болуы, ана тілінде сөйлеген қазақтардың кемсітушілікке ұшыратылуы тәрізді жағдайлар ұйымның құрылуына себеп болғанын атап көрсетті.
Компартияның ұлттық саясатындағы көзге ұрып тұрған ұлттық кемсітушілікті айтқанда «Осы мәселені сіздер неге қозғамайсыздар, қазақ емессіздер ме?!»– деп «үндеместердің» өзіне кәдімгідей қыза сөйлеп, намысына тигеніміз есімде. Алдында сөзімізді басын изеп үнсіз тыңдап отырған олар сол сәтте: «Енді сендер өзгені қойып, бізді де ұлтшылдыққа үгіттей бастадыңдар ма, әй?!» – деп, қолма-қол түсін суытып, ызғарлы үнмен сөз саптауға көшетін. Әйтсе де, әділдік үшін айтайын, коммунистік режимге қарсы шыққан еркін ойлы демократтарды, ұлтшыл патриоттарды ықтиярлы-ықтиярсыз түрде жазалаушы органға айналған МҚК басқармасының қызметкерлері арасында бізге сырттай сұс көрсеткенімен, іштей разы екенін аңдатқан офицерлер де кездесті, бұл – шындық.
Жазалау мен қудалау
Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасындағы тергеу аяқталған соң, мектеп-интернаттың әкімшілігі облыстық партия комитеті ұсынған сценарий бойынша жалпы мектеп жиналысын, комсомолдар ұйымы жиналысын, ата-аналар жиналысын, педогогтар кеңесін өткізіп, жас ұландарға үсті-үстіне морольдық-психологиялық соққы беруді ұйымдастырды. Жиналыстарда сөйлеген мұғалімдер және олар дайындаған комсомол белсенділері жас ұландардың саяси іс-әрекеттерін сынаумен шектелмей жеке бастарын даттап, ата-аналарының да ар-ожданын қорлайтын сөздер айтуға дейін барды.Омаров деген мұғалім тіпті: «Егер маған Сталин заманындағыдай билік берсе, бұл балаларды ата-аналарымен қосып қойып өз қолыммен ататын едім!!!» – деп айбат шекті! Сынып жетекшіміз Ғазиза Рамазанқызы Әбжанова мен тәрбиешіміз Зұлқия Смайылқызы Көшімбаеваны да моральдық-психологиялық соққының астына алды.
Мектеп-интернаттың бастауыш комомолдар ұйымының ұсынысымен Павлодар қалалық комсомол комитеті «Жас ұлан» ұйымының белсенді мүшелеріне түрлі жазалау шараларын қолданды. Атап айтқанда, 1970 жылдың сәуір айында өткен қалалық комсомол комитеті бюросында осы жолдардың авторы, ұйым жетекшісі Қаниев Арман Бақтанұлы, сондай-ақ ұйымның басшылық құрамының мүшелері: Бейсекеев Рашит Арайұлы, Жүнісова Айгүл Әшімқызы, Әлиева Гүлбаршын Қабдыкәрімқызы«Ұлттық саясат мәселесіндегі саяси-идеялық қателіктері» үшін деген айыппен БЛКЖО қатарынан шығарылды.
Ұйымның саяси іс-әрекетіне Рахметхан Нұрбасаровтың еш қатысы болмаса да жазалауға ұшырады, 1970 жылдың мамыр айында Павлодар қалалық комсомол комитетінің бюросында ол«Ленин комсомолының мүшесі деген жоғары атақпен сай келмейтін әрекеті үшін» деген айыппен БЛКЖО қатарынан шығарылды.
«Жас ұланның» белсенділері: Болат Какежанов, Сембай Құсайынов, Қайрат Қабылбеков, Алтын Махметоваға «Мектеп тәртібі мен ережесін өрескел бұзды»деген айып тағылып, қатаң сөгіс берілді, бұл шара комсомолдық есеп карточкасына жазылды. Қатардағы жас ұландарға ескерту жасалды. Сонымен қатар, комсомол мүшелігінен шығарылған Арман Қаниев, қатаң сөгіс берілген Сембай Құсайынов және комсомол қатарына өтпеген жас ұландар Қайролла Кәженов пен Саниял Мусин 9-сыныпты бітірген соң «өз еркімен» оқудан қуылып, оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген баға қойылды.
Бейресми дерек көздеріне қарағанда, Павлодар облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Буров Иван Михайлович ұйым жетекшісі Арман Қаниевті және оның бірнеше серігін бас бостандығынан айыру жазасына кесу жөнінде Қазақстан компартиясы ОК бірінші хатшысы Д. А. Қонаевқа ұсыныс жасапты, бірақ ол кісі келісімін бермей, біздің өмірімізді сақтап қалған көрінеді.
Жергілікті партия ұйымы басшылығы болса жасөспірімдердің санасынан азаттық идеясын түбірімен жұлып тастауды көздеп, лас технологияны қолдануға дейін барды. Атап айтқанда, №3 мектеп-интернаттың дәл алдына №35 орыс мектебін салдырып, интернат оқушыларының сол маңайда тұратынорысбалаларынан күн сайын теперіш көріп жүруіне  қасақана жол берді! Алайда ауылдан жиналған және жетім қазақ балаларының сағын сындыруға бағытталған әлгі істің соңы жақсылыққа ұласты: сол орыс мектебі  бертін,  егемендік  кезеңінде   қазақ  мектебіне айналды!
Жас ұландарды ресми жазалау аяқталған соң Қауіпсіздік комитеті облыстық басқармасы қызметкерлері: «Осымен істерің жабылды, енді тыныш жүріңдер, әйтпесе сотталасыңдар! Ұйым жөнінде ешкімге тіс жармаңдар, біреулерге айтқандарыңды біліп қалсақ, оңдырмаймыз!» дегендей ескерту жасады. Бірақ «үндеместер» өз сөздерінде өздері тұрмады, құпия қызмет саласына жариялық сәулесі түсе бастаған 1980 жылдардың басында ескі «таныстардың» бірі жұртшылықпен кездесу шарасында: «Біз ұлтшыл жасөспірімдердің «Жас ұлан» атты жасырын саяси ұйымын әшкереледік!» деген сөздерді мақтаныш сезімімен айтты.
Ресми жазалаудың соңы астыртын саяси қудалауға ұласқанын біз кейін сезіндік. «Жас ұлан» ұйымының белсенді мүшелері: Болат Какежанов, Алтын Махметова, Айгүл Жүнісова мектепте сабақты жақсы оқығанымен, жоғары білім ала алмады. Қайрат Қабылбеков пен Қайролла Кәженов жоғары білім алғанымен, жоғары лауазымды қызмет істеуге өмірбаяндық дерегі сәйкес келмеді. Жас ұландардың төртеуі кейін түрлі жағдайда дүниеден өтті.
Гүлбаршын Әлиева (1955–1975 ж.ж.) Алматыдағы Шет тілдер институтын бітіретін кезінде алты бірдей зорлықшы қарақшының қолынан қаза тапты.
Рәшит Бейсекеев (1954–1990 ж.ж.)Қарағанды кооператив институтын аяқтап, Май ауданындағы Май кеңшары жұмысшылар кооперативінің төрағасы болып істеп жүргенінде жоғары қан қысымы дертінен Семей сынақ полигонының орталығы Курчатов қаласындағы ауруханада көз жұмды. Соңында бір ұл, бір қыз қалды.
Айгүл Жүнісова (1954–1991 ж.ж.) тұрмысқа шығып, бірнеше балаға ана болған шағында жазылмас дертке шалдықты.
Сембай Құсайынов (1954–2005 ж.ж.)Ақсу (Ермак) ферроқорытпа зауытында бірнеше жылдар бойы жұмысшы болып істеді, әрі сырттай оқып жоғары білімге, сосын лауазымды қызметке де қол жеткізді, сөйтіп абыройлы азамат, білікті кадр санатына қосылды. Ең өкініштісі, отбасындағы балалары ер жете бастаған шағында жол апатынан көз жұмды.
Енді өз тағдырыма тоқталайын, менің білім алу құқыма және баспасөз бостандығыма шектеу қойылды, «КГБнің қара тізімінде тұрған  саяси сенімсіз адамның өлеңдерін газетке жариялау – саяси қателік»  деген  «уәж»  айтылды. Жария емес жазалау мен қудалаудың өзге түрлерін де бастан өткердім. Кәмелетке толмай қара жұмыстар істеп, түрлі әлеуметтік топтардың тұрмыс-тіршілік қазанында қайнадым, солардың өмір салтымен ғұмыр сүруге дағдыландым. Орта мектепті әскер қатарынан оралған соң сырттай оқып бітірдім, Еліміз тәуелсіздік алған жылы жоғары оқу орнына сырттай оқуға түсіп, С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың филология факультетіне 40 жастан асқанда тамамдадым. Ақыры, үйреншікті  қара жұмыспен қимай  қоштасып,  журналистика саласына келдім.
Коммунистік жүйе еңсемді қаншалық жаныштағанымен, сағым сынған жоқ. 1986 жылы Алматыдағы желтоқсаншылардың талап-тілегіне Павлодарда бір топ серігімен үн қосуға әрекеттендім, “Невада-Семей”, “Азат” қозғалыстары, “Қазақ тілі” қоғамы облыстық ұйымдарының негізін құраушы қоғамдық күштердің бел ортасында жүріп, Ертістің Кереку өңіріндегі ұлттық, жалпыхалықтық мүддеден туындаған саяси-қоғамдық оқиғалардың барлығына дерлік белсене қатыстым. Әлі де өңірдің саяси, мәдени, қоғамдық 
өміріне  белсене  араласудамын. 
Қазір ойлап отырсам, жас ұландардың барлығы дерлік ұлт алдындағы перзенттік парызын орындапты. Солардың бірі Қайролла Кәженов күні бүгінге дейін ұлттық мұрат-мүдде жолынан айныған жоқ, түйінді мәселелердің оңтайлы шешілуіне әлі де атсалысуда. Рас, арамызда бір-екі адам қиын кезде адалдық антында тұра алмай, солқылдақ мінезін көрсетті. Бірақ оларды кіналау тіпті дұрыс емес. Біреудің тергеу кезінде жас ұландардан ат-тонын ала қашқаны, сөйте тұра бертін келе былайғы жұртқа ұйымды құрған адамдардың бірі ретінде көрінгісі келгені есімде. Әйтсе де ол: «КГБ маған қатты қысым көрсетті, шыдай алмадым, сосын еріксіз айтқанына көніп, «Серік» деген лақап атпен тыңшылық қызмет атқардым» – деп, ақырында ағынан жарылды. Сол сәтте оны айыптауға дәтім жетпеді, керісінше оған түсіністікпен және кешіріммен қарадым.
Дегенмен, коммунистік режимнің қысымы 15–16 жасар жасөспірімдердің қайсына оңай соқты дейсіз?..
Сөз соңы
Еліміз егемендік алғаннан кейін ғана «Жас ұлан» ұйымы жайында жазуға мүмкіндік туды. 1992 жылдың 15 маусыында«Тұтанбай жатып сөнген еді «Жас ұлан» атты шағын мақаламды облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде жариялауға қол жеткіздім. Әйтсе де, тәуелсіздікке бір жыл тола қоймаған кезде біршама жайтты ашық айтпай, жалпылама сипаттауға тура келді.
Бұдан соң белгілі журналистер мен зерттеушілер республикалық газеттерде «Жас ұлан» туралы егжей-тегжейлі жазды. Жарияланымдарда облыстық мұрағаттар қорында сақталған облыстық партия және комсомол ұйымдарының құжаттарындағы деректер пайдаланылды. Тек, бір «әттегене-айы» авторлардың мүлт кеткен тұстары бар.
Журналист Ғалымбек Жұматовтың мақаласында № 3 мектеп-интернатқа қарама-қарсы салынған орыс мектебі оқушыларының интернаттағы ауыл балаларын ұрып-соғуы «Жас ұлан» ұйымының құрылу себептерінің бірі; жас ұландар «Жас тұлпар» ұйымы жөнінде 1969 жылы естіді; олар жұртшылықты мұсылмандықты тануға да шақырды деген ойға жетелейтін пайымдаулар орын алған. Шындығында, № 3 мектеп-интернатқа қарама-қарсы №35 орыс орта мектебі «Жас ұлан» оқиғасынан бірнеше жыл өткеннен кейін салынды, «Жас тұлпар» ұйымы жөнінде біз 1969 жылдан бұрын естігенбіз және аталған үнпарақтар мәтінінде мұсылманшылық туралы бір ауыз сөз жоқ еді.
Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жанна Қыдыралинаның зерттеу еңбегінде «...Қаниев (осы жолдардың авторы. А.Қ.) ұйымға Павлодар және Ермак қалаларынан 29 оқушыны тартқан» деп жазылып, үндеухаттардың саны үшеу деп көрсетілген. Сірә, мұнда ұйымның №3 мектеп-интернаттағы негізгі бөлігі мен Ермак қаласындағы бөлімшесі мүшелерінің саны және МҚК қызметкерлерінің қолына түскен үнпарақтардың саны ғана көрсетілсе керек. Өйткені, ұйым мүшелерінің жалпы саны одан айтарлықтай көбірек еді және Арман Қаниев, Сембай Құсайынов, Қайрат Қабылбеков, т.б. таратқан үнпарақтардың саны кем дегенде 15 шақты болатын.
Сөйткен жас ұландардың жанкештілігі жоғары билікке "Халықтар достығы лобараториясы", "Жүз ұлттың планетасы" атанған республикада байырғы халықтың ұлттық намысы мен төзіміне пәрменді сынақ жүргізу оң нәтиже бермейтінін ұқтырса керек. "Жасұлан" оқиғасынан соң Павлодардағы бір балабақшада қазақ тобы ашылды, кейін сол балалар мекемесі облыстағы "Ақбұлақ" атты тұңғыш қазақ балабақшасына айналды!Алдыңғы күрескер ағалары тәрізді жас ұландар да еліміздің бодандық дәуірінде ұлы Тәуелсіздікке ұмтылып, ұлттық санаға ой салды, отаршылдық саясатының қарқынын сәл де болса баяулатып, оған түзету енгізілуіне ықпал етті деген пікірдемін.
“Жас ұлан” ұйымы қоғам қажет еткен аймақта, дер уақытында дүниеге келді. Егер ұйым 1937 жылдары құрылса, әлгі Омаров тәрізді мұғалімдер өз оқушылары мен олардың ата-аналарының қанын шашуға шімірікпес еді!..Құдайдың қалауымен, әрбір кезеңде көзсіз ерлікке жетеғабыл осындай іс-әрекеттер ұлттық санада сілкініс тудырып отыратыны аян, бұлай болмаса ұлттық сананың жұмыс қабылеті біртіндеп төмендеп, ақыры жарымжан күйге түсетіні күмансыз.
1998 жылдың 26 мамырында Саяси жазалау шараларының құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның төрағасы С.А. Қасымовқа жазған өтінішімде «Жас ұлан» ұйымының іс-әрекетіне саяси баға берілуін сұрағанмын. Баспасөз арқылы да осындай өтініш-тілегімді білдірдім. Әзірше нәтиже жоқ, алдағы уақытта оң шешімін табатын шығар.
Кеңестік кезеңде екі жастың біріне жетпей тағдыр-талайы сергелдеңге ұшыраған жас ұландардың іс-әрекетіне егемен елдік ұлықталған кезеңде, адамгершілік пен діни сенім құрметтелген демократиялық қоғамда саяси баға беру олардың о дүниелік болып кеткендерінің жандары жайлануы үшін, жер басып жүргендерінің көңілдері орнығуы үшін керек, сонымен бірге жастар мен жасөспірімдерді қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге және ұлттық идеологияның іргетасын бекемдеу үшін де қажет.
Мақала ult.kz сайтынан алынған

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста