Алиментті төлеу керек, бірақ ол бала жүрегін жұбата алмайды
Бүгінде ажырасу дерегі туралы сандарды сөйлетсең бойың тітіркенеді. Мәселен, өткен жылы елімізде сәтсіз аяқталған некелердің саны 43 мың отбасыны құраған. Статистика агенттігі заңды некеге тіркелген әрбір үшінші жұп ажырасып жататынын алға тартуда. Ерлі-зайыптылардың екіге айырылуынан елімізде 100 мыңнан аса балалар «асқар тау әкенің» тікелей моральдық қамқорлығынан қағылуда. Екі жастың дәм-тұзының жараспай, ойлары мен ортақ мақсаттарының бір арнаға тоғыспай, екіге бөлінуіне, олардың «бауыр еті – балалары» кінәлі емес екені сөзсіз. Сондықтан да, ана қолында қалған әрбір сәбиге өз әкесі моральдық-материалдық көмек беруге міндетті. Баласы үшін тапқанының тең жартысын бөліп бере ме, әлде бүкіл дүниесін тарту ете ме оған шектеу жоқ. Бірақ, елімізде мұндай жомарттық танытатын әкелердің саны ілуде біреу ғана. Тіпті жоқтың қасы. Олайша мәрттік жасау тұрмақ түгілі заңмен белгіленген тәртіп бойынша балаларына алимент төлеуге келгенде кежегесі кейін тартып жалтарып, қала берді жасырынып жүреді. Ер азаматтарымыздың мұндай ерсі әрекеттерге баруы «көкек әке» деген тағы бір сипаттағы сөздің кең қолданысқа енуіне әкеп соқтыруда.
Бүгінде өз туғанына тапқан таянған нәпақасын бөліп беріп, алимент төлеуде әртүрлі себептерді алға тартатын немесе жауапты істің үдесінен шығуды кейінге қалдырудан шаршамайтын «көкек әкелердің» бұл ездігі қаншама аналарды жүдетіп, жүйкесін жұқартып жатқаны ащы шындық. Мұндайда амалы таусылған, жігері жасыған сол әйелдер сот актілерін орындау департаментінің есігін жағалап, қызметкерлерден көмек қолын сұрайтыны жасырын емес. Ал оларға көрсетіліп жатқан көмектің нәтижесі қандай?
Бұл жайында ОҚО Сот актілерін орындау департаменті басшысының орынбасары Рыспек Шешенбаевпен тілдескен едік. Өз сөзінде ол:
– Сот орындаушылар департаменті дегенді естіген немесе көрген адамның есіне ең әуелі осы алимент өндіру мәселесі сап ете қалатынын белгілі. Иә, алимент өндіру ісі жыл сайын көбеймесе азаяр түрі жоқ. Бұл мәселе жастардың ажырасуынан туындайды ғой. Жыл сайын жастардың ажырасуының көбеюі мені қатты алаңдатады. Қазақ жесірі мен жетімін жылатпаған. Қаншама тар жол тайғақ кешуді бастан кешірсе де баласын тірі жетім етпеген. Неге? Өйткені біздің ата-бабамыздың иманы күшті болған. Олар өмірдегі кез келген құбылысқа үлкен салмақпен қарап, байыпты шешім шығаратын. Шаңыраққа келін болып түскен ақжаулық ақ босағадан аттаған соң сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығатын. Ажырасу деген қаперіне кірмейтін. Ал қазір ше?... Қазақ келіндері қит етсе көрпе төсеген жинап, баласын бауырына қысып алып төркініне кетуге құмбыл болған. Оның соңы ажырасумен тынады. Мен барлық әйел затын кінәлі деп айтып, көпке топырақ шашудан аулақпын. Бұл айтып жатқаным таяқтың бір ұшы ғана. Сонымен қатар, отағасы бола тұра өзіне жүктелген міндетті орындамай, сауық сайран құрып, сал серілік құрудан шаршамайтын немесе отбасына ырыздық табуға еш талпынбайтын ер азаматтардың да аталған мәселенің шиеленісе түсуіне апарып соқтыруда.
Осындай олқы қылықтардан соң екі жас қырғи-қабақ болып, бір-бірімен ажырасып жатады. Одан соң заңды некелі балалары үшін алимент төлетудің қамымен жан-жаққа сабылып зыр жүгіреді. Әрине, әке ретінде бұл менің жаныма қатты батады, - деді.
Алимент төлеуге келгенде ат тепкендей болып, қаша жөнелетін «көкек әкелердің» өз қателіктерін түсініп, саналы түрде игі қадамға баруы үшін ағымдағы жылдың қазан қараша айларында аталған департаменттің «Әке, алиментті төлеші» атты акция өткізілген. Бір айға созылған шара аясында сот орындаушылар алимент төлеуден қашып жүрген әкелермен белсенді жұмыс істеп, өндірістегі біршама істердің тыңғылықты шешілуіне қол жеткізді. Аталмыш акцияның 20 күндік нәтижесінің қорытындысы бойынша 13505 істен 9 195 195 теңге өндірілген. Осы ретте өндіріп алушы 3 айдан астам алимент алмаған жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің 136 бабы бойынша борышкерді қылмыстық жазаға тартуға жеке шағым бере алатынын айта кетейік.
– Әкелерден алимент өндіру – кәмелетке толмаған балалардың заңды мүдделерін қорғаудың бірден бір тәсілі болып табылады. Бүгінде ОҚО-да алиментті төлеу бойынша 20500-ге жуық атқару өндірісі тіркелген. Соның ішінде 8602 азаматтың ай сайынғы жалақысынан қаражат ұсталса, 7159 борышкер өз еркімен алимент төлеуде. Ал 2558 әкенің 3 айдан бері төленбеген қарыздары есептелсе, 83 «көкек әкеге» із түзсіз кеткені үшін іздеу шаралары жүргізілген. Ал, 257 азаматты Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 524-525 баптары негізінде белгілеген мерзімде борышкердің жұмыс орны мен оның табыстары, атқарушылық құжатқа сәйкес табысынан ұстап қалу ісін жүргізу және өндіріп алынған соманы өндіріп алушыға салып жіберу туралы жұмыстар атқарылуда.
Осылай деген Рыспек Рымбекұлы алимент өндіру ісі бойынша статистикалық мәліметтер тез өзгеріп отыратынын алға тартты.
Отбасы түтінін өшірмей, шаңырақтың құламауын сақтап қалу үшін, үлкен шыдам мен табандылық қажет. Бұл бас қосқан екі жасқа қатысты жәйт. Сондықтан да әрбір жұп өмірлік серік болмас бұрын «жеті рет пішіп, бір рет кес» тәсіліне жіті мән бергені абзал. Жар таңдауда жаңылысу-дың зарда-бы көп. Қазақта «бір көй-лекті бұрын тоздырған-нан сұра» деген сөз бар. Сол үшін де болашақ жарды таңдағанда жастар жағы үлкендердің пікірімен санасып, ақыл-кеңестеріне құлақ асқан жөн.
Төреайым Сұлтанова, Шымкент қалалық маслихатының депутаты:
- Мен ажырасуға қарсымын. Жастарды отбасының құндылығын жете түсінуге, ажырасудың қасірет екенін терең сезінуге тәрбиелеу керек. Өйткені, оның салдарынан, ең алдымен, балалар зардап шегеді. «Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді». Бұдан бала тәрбиесі – тек ананың ғана міндеті емес екенін түсіну қиын емес. Бірақ дәм-тұзы жараспай ажырасқан кезде, әкесі баласына алимент төлеуге міндетті. Елбасы «Мемлекет жалғызбасты аналарды қолдауы және алимент төлемегені үшін жазаны күшейтуі керек», – деген. Өкінішке қарай, бүгінде ажырасып жатқан отбасы көп. Таныстарыңызды, туыстарыңызды, достарыңызды бір саралап көріңізші, міндетті түрде бірнешеуінің ажырасқаны есіңізге түседі. Заңды түрде некелерін бұзған отбасының алдынан, одан кейінгі шығатын мәселе – алимент. Ажырасқан соң, алимент төлеуге келгенде баласына қол ұшын беруге безінген әкелер қашып, түрлі сылтаумен түлкі бұлаңға барып, байғұс аналар безек қағады.
Борышкер балаларына алиментті берді делік, бірақ бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін кім қамтамасыз етпек? Отбасында әкенің болмауы баланың қам көңіл болып өсуіне апарады. Иә, алиментті төлеу керек. Бірақ ол сол қамкөңіл баланың жүрегін жұбата алмайды. Отбасы құндылығына берік болу – біздің мемлекетіміз ұстанып отырған басты саясаты. Шаңырақтың үйлесімді дамуы мемлекеттің іргетасының берік болуына қызмет ететінін ұмытпауымыз қажет.
ШЕТЕЛДЕ ҚАЛАЙ?
Еуропаның бірқатар елдерінде «Мемлекеттік алимент қоры» жұмыс істейді. Оның жұмыс жасау механизмі қарапайым. Яғни, Үкімет есебінен балаға алимент төленеді де, қашқын әкенің ізіне мемлекет «өзі түседі». Санаулы күнде құқық қорғау органдары арқылы борышкерді тауып алып, еріксіз түрде қоғамдық жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Алимент төлемеген әкенің есепшотын жауып, шетелге шығу сапарын шектеп, тіпті ұялы телефонына ақша аудартпай қою амалдарын да жүргізеді. Осылайша алиментті өндірудің түрлі жолдарын қарастырады.
БІЗДЕ ҚАЛАЙ?
Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы 26.12.2011ж. №518-ІV кодексінің 139-бабы бойынша алиментті өндіруде борышкерден 1 бала үшін тапқан табысының – 25 пайызын, 2 бала үшін – 33 пайызын, 3 немесе одан да көп балаға – 50 пайызын бөліп беру арнайы заңмен белгіленген. Ал жұмыссыз әкелер елімізде белгіленген ең төменгі айлық көрсеткіш 18660 теңге бойынша әлгіндей пайыздық есеппен алимент төлеуге міндеттеледі. Яғни, ең төменгі айлық көрсеткіші бойынша (18660 теңге) 1 балаға – 4665, 2 балаға – 6157, 3 бала немесе одан көп балаға – 9330 теңге көлемінде ақша аударылады.