60 жыл оқпен жүрген жауынгер
Адамзат баласына қайғы-қасіретін жаудырған сұм соғыстың аяқталғанына да 70 жыл уақыт өтті. Сол кезде дүниеге келген сәби де 70-тегі қарияға айналды. Бейбітшілігіміз үшін от кешкен ардагерлеріміздің арты да 90-нан асып, ғасыр жасына таянды. Отан үшін от кешкен сондай қариямыздың бірі тоқсанның екеуіне келген Жұматай Тәжікенов атамыздың шаңырағына келіп, келе жатқан Ұлы Жеңіс күніне орай құттықтадық.
Ұлы Отан соғысының жеңімпазы, бүгінгі бейбіт күннің баһадүрі Жұматай атамыз қалыпты тіршілігімен отбасының ұйытқысы болып отыр. Айналасына жиылған қырыққа жуық немересі мен отызға жуық шөбересіне тәлім-тәрбие көрсетіп отырған абыз ата. Көңілі тоқ, мерейі шоқ атамыздың бір өкінетіні, қосағы Зағира әжеміз бақи дүниеге ертерек кетіп қалғаны.
Сыр тартып, сырғып өткен сұрапыл соғыс туралы сұрадым. Бір сәтке көңілі пәс тартты. Өткен күндердің зұлматы денсаулығына айтарлықтай зақым келтірген. Кейде белден шойырылып, демікпесі қысатынын айтты. Бел демекші, осыдан оншақты жыл бұрын ескі жараның орны сыз беріп, Алматыдағы әскери госпитальда ота жасатқан. Омыртқа сүйегіне сіңіп кеткен оқты суырып алған хирургтер таңғалған деседі. Сол отаның орны, сұрапыл күндерді еске алдырып, сыздайтын көрінеді. Дегенмен, атамыз бақуатты. Немере, шөберелеріне мейірлене қарап, аталық ақылымен жөн сілтеп отыр.
Сұрағыма ұзағырақ ойлана жауап қатты. «Зұлмат соғыстың бел ортасында жүріп, етікпенен қан кешкен оңай емес. Харьков қаласын азат етерде «Звезда» атты құпия әскери операцияда аяқтан жарақаттандым, бірақ тез оңалып, көп ұзамай жау әскерін талқандап, қаланы алдық. Ал, Украина жеріндегі соғыстың қызып жатқан тұсында фашистермен қоян-қолтық ұрысқа кіріп кеттік. Алып та, шалып та жау әскерін жығып жүріп белге тиген оқты сезбей, қансырап құлағаным есімде. Жауда қалмасын деп жолдастарымның жауған оқтың астында сүйретіп кетіп бара жатқаны есіме үзік-үзік келеді» – дейді қарт майдангер. «1944 жылы болатын. Біз қоршауда қалғанымызға қарамай, жаумен шайқасты қыздырып жатырмыз. Күн суық. Қытымыр қыс. Сәл толаста командир барлауға баратынымызды айтты. Содан кеш ауысымен командир, мен және бір сержант үшеулеп барлауға шықтық. Барлап жүріп, әбден қалжыраған оның үстіне шыңылтыр аязға шыдамай, өлімсіреуге айналған, бірақ та әлі де күші басым 119 фашист әскері мен офицерін қолға түсірдік. Сендер сенбейтін боларсыңдар, бірақ айналдырған үшеуміз расымен де 119 неміс сарбазына қарсы шығып, тұтқынға алдық. Немістердің құлақтары үскен, кейбірінікі үсіп те қалған, өздері ұйпа-тұйпасы шығып, әбден болдырған екен. Олар мұндай соғысты көрмеген ғой...».
«Соғыс жылдарында есіңізде қалған жолдастарыңыз бар ма?» – деген сұраққа, күрсіне жауап қатты. Ол майдандас досы Алтыбасов Смағұл атты ардагерді ерекше есіне алды. Ол кісінің де ерліктерінің бірен-сараңын еске түсіріп, айтып берді. Содан ардагер оқ тиген жерін көрсетіп, 1943 жылы 6 ай бойына осы жарақатпен емдеуде жатқанын айтты. Қария қамқор бола білген медбике қыздарға да алғысын жасырмады.
Ардагер Жұматай атамыз 1923 жылы 16 қыркүйекте қазіргі қалаға қарасты Абай ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекқор, қағылез жас 10-сыныпта оқып жүріп-ақ, бастауыш сынып балаларына сабақ берген. Мұғалім жетіспейтін заман ғой, алғыр да білімпаз жасөспірім Жұматай Ұлы Отан соғысына аттанғанша ұстаздық жолында жүрді. 1942 жылдың қақаған қаңтарында 18 жасар түбіт мұрт бозбала Отан қорғау жолына аттанып кете барады. №668 атқыштар полкына қабылданып, Харьковтен Свердловскіге дейін жауды түре қуады. Жеңіс жолында екі рет жараланып, қайта шепке қосылады. Ұлы Жеңісті майдан даласына қарсы алғанмен, Отан алдындағы әскери борышын өтеу үшін НКВД-ның тұтқындарды күзететін жасаққа (конвойный воиск) алып қалады. №239 полкіде тұтқын фашистерді күзетеді. Содан елге 1947 жылы оралады.
Елге келгесін, ұстаздық қызметін қайта жалғастырады. Әжеміз Ешмұратова Зағирамен бас қосып, дүниеге 8 бала әкеледі. Өкініштісі, қазірде қалғаны төрт бала. Ардагер кенже ұлы Арыстың қолында. Немересі Азат атасының сенімді серігі әрі қолғанаты. Ал келіні денсаулығының сақшысы, өзі және мейірбике. Әр мейрам сайын әулетте кішігірім той болады. Балаларды айтпағанның өзінде, немере-шөберелер бір қауым ел болған. Барлығы да бейбіт күнге жеткізген батыр атасының бақытты құшағына құлағысы келеді.
Үлкен әулеттің ақсақалды абызына айналған батыр атамыз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, сарабдал саясатына ризашылығын білдірді. Ардагерлерге жасалып жатқан толайым жақсылықтарына алғысын білдірді. «Еліміз тыныш, қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын бейбітшілік заман болсын» деп ақтілегін жаудырды. Дастарқанынан дәм таттық, батагөй ақсақалдың ақжарма тілегін алдық. Біз де Отан соғысында ерлігімен көзге түскен барша ержүрек аға-апаларымызды мақтан тұтамыз. Осылайша ардагер атамызбен бірге суретке түсіп, ақ батасын алып, қимастықпен қоштастық!
«Жеңіс мәңгілік болсын! Ұлы Жеңісті жақындатқан бүгінгі қарттарымызға құрметімізді аямайық, оларды аялайық», – деп Жұматай атаның шаңырағынан тарқастық.
Адамзат тарихындағы ең қанды да қасіретті соғыстың аяқталғанынан бері ондаған жылдар өтсе де, біздің аталарымыз бен әкелеріміздің жеңісті жақындатқан ерлігі мен қаһармандығы еш уақытта ұмытылмайды. Біз олардың әрбір адам үшін ең қымбат құндылықтар – туған Отанның тәуелсіздігі мен бостандығы, еліміздің тыныштығы мен бейбіт өмірі жолындағы ерліктері мәңгі есте сақталады.
Нұрбек Дәуренбеков.
Қызылорда қаласы.