Жоғалған кәсіпкер 43 күн дегенде табылды
Алматыда осыдан бір жарым ай бұрын жоғалып кеткен SM market дүкендер желісінің иесі Эдгар Салдузи табылды. Бұл туралы Алматы қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мамандары хабарлады.
Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбекованың мәліметіне қарағанда, тексеру барысында осыдан 43 күн бұрын жоғалып кеткен кәсіпкердің ұрланғаны анықталған. Тәртіп сақшылары мен ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті қызметкерлерінің бірлесуімен өткен арнайы операция барысында «Еldorado Invest Company» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Эдгар Салдузи өткен жексенбіде, яғни қыркүйектің 26-сы күні, кешке тұтқыннан босатылды. Қазір оқиғаға қатысты жан-жақты тексеру жүріп жатыр. Айта кетейік, 34 жастағы кәсіпкер өткен тамыздың 14-і күні іскер кездесуге кеткен жерінен із-түссіз жоғалып кеткен болатын.
Салтанат ӘЗІРБЕКОВА, Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
– Кәсіпкер тұтқыннан аман-есен босатылды. Жағдайы бірқалыпты. Қазір осы оқиғаға қатысты адам ұрлау фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында тексеру жүріп жатыр. Кәсіпкерді ұрлауға қатысы бар тұлғалар анықталуда. Тергеу мүддесіне байланысты SM market дүкендер желісі иесінің ұрлануы жайлы өзге ақпараттар жария етілмейді.