Желтоқсанда ауа райы қандай болады – синоптиктер болжамы
Қазгидромет мамандары қыстың алғашқы айында ауа райы қандай болатынын айтты
Желтоқсан айында республиканың оңтүстігінде ауа температурасы норма шамасында, ал солтүстігі мен батысында нормадан 1° жоғары болады деп болжанып отыр.
"Жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында, оңтүстік-батысында нормадан аз, еліміздің шығысында және қиыр солтүстік-батысында нормадан көп болады", - дейді синоптиктер.
Айдың басында күн құбылмалы болады, Скандинавия аудандарынан келетін солтүстік-батыс циклон алдымен батыста, содан кейін елдің қалған аумағына ықпалын тигізеді.
Қар жауады, оңтүстік аймақтарда жаңбыр соңы қарға ұласады. Айдың ортасында елдің оңтүстік-шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда қатты жауын-шашын күтіледі. Сондай-ақ жел күшейіп, боран, тұман және көктайғақ болады.
Мамандардың айтуынша, желтоқсанның алғашқы күндерінде еліміздің басым бөлігінде күн жылы болады.
Солтүстікте ауа температурасы түнде -10-18°С-тан 0,-8°С-қа дейін, күндіз -3-8°С-тан -5+5°С-қа дейін жоғарылайды.
Республикамыздың оңтүстігінде түнде -2+8°С, күндіз +10+18°С болады.
Батыс өңірлерде, керісінше ауа температурасы түнде 0,-8°С, күндіз 0,+7°С-қа дейін төмендейді деп күтілуде.
Бірінші онкүндіктің ортасынан бастап Баренц теңізі аудандарынан солтүстік-батыс антициклонның кіруімен ауа температурасының төмендеуі болжанады:
- батыста, солтүстік-батыста түнде -7-15°С-қа дейін, күндіз -5-11°С-қа дейін;
- солтүстікте, орталықта, шығыста түнде -18-26°С-қа дейін, күндіз -10-18°С-қа дейін;
- оңтүстік-батыста түнде 0,-5°С-қа дейін, күндіз +2+7°С-қа дейін.
Бірінші онкүндіктің соңында оңтүстікте, оңтүстік-шығыста түнде ауа температурасы -5-13°С-қа дейін, күндіз 0,-5°С-қа дейін төмендейді.
Бірінші онкүндіктің соңында және екінші онкүндіктің басында Жерорта теңізінен ығысатын жылы ауа массасының ықпалынан аяздың беті қайта бастайды.
"Республиканың солтүстік, шығыс және орталық аймақтарында желтоқсанның үшінші онкүндігінде түнде -27-35°С-қа дейін, күндіз -18-25°С-қа дейін қарқынды суық толқындарының қайтуы күтіледі. Қазақстанның батыс және оңтүстік өңірлерінде ауа температурасы түнде -5-15°С-тан 0,-5°С-қа дейін, күндіз 0,-10°С-тан 0,+5°С-қа дейін ауытқиды деп болжанады", - деп хабарлады синоптиктер.
Айдың ортасында оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтардың тұрғындарын жылы ауа райы қуантады. Күндіз ауа температурасы +10°С-қа дейін көтеріледі.
Айдың екінші және үшінші онкүндігінде елдің солтүстігі мен тау бөктерлерінде қарлы боран болып, жел күшейеді.