Жастар шекара асып жатыр: Шетелге кеткен қазақстандықтардың болашағы қандай
Жыл сайын Қазақстаннан мыңдаған жастар шетел асып, білім мен жұмыс іздеп, елден кетіп жатыр. Жастардың не себепті шекара асатыны туралы мамандар айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Неге” бағдарламасына сілтеме жасап.
Ресейде 7 жыл тұрған жазушы Аягүл Мантай шетелде қара жұмыс істейтін қазақстандықтардың саны көп екенін айтты. Мемлекет көмек көрсетпегеннен кейін, жастар да мемлекет үшін жұмыс жасағысы келмейтінін айтты.
“Реседе жұмыс істейтін қара жұмысшылар көп. Мұны әлеуметтік жағдаймен байланыстыру керек. Өйткені Қазақстан тәуелсіздік алғалы отыз жыл болды алғашқы он жыл экономиканы қалыптастыруға кетті десек. Жиырма жыл бұрын әрбір балаға жәрдемақы беруге болатын еді. Сонда мемлекеттен жәрдемақы алған бала мемлекеттің мүддесіне жұмыс істейтін еді. Студенттерді шетелге жіберген кезде Қазақстан студентті қамтамасыз еткендіктен, елге келіп жұмыс істеу керек деген талап қою керек. Қазақстан іздемегеннен кейін білімді жастар шетелге кетіп жатыр. Бізде айлық табысы елу алпыс мың теңге табыс табатын адамдар бар. Егер ер азамат жұмыс істемей, әйеліне масыл болып отырса, бұл намыстанатын нәрсе. Ал егер шетелге барып, отбасын асырау үшін еңбек етіп жатса, бұл намыстанатын дүние емес”, – дейді Аягүл Мантай.
Ал АҚШ-та білім алып, қазір елге оралған Нұрбек Мәтжан шетелге кетіп жатқан қандастарымызды жазғыруға болмайтынын жеткізді. Оның пікірінше, Қазақстанда білімді жастарға жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ.
“Бұл жерде өте көп мәселе бар. Мысалы, кеңес үкіметі кезінде біз жабық мемлекет болдық, сыртқа шықпадық. Ең ары кетті дегенде Мәскеу мен посткеңестік елдерге ғана бардық. Ал қазір мүмкіндік бар, шетелде жағдайдың жақсы екенін көруге болады. Еңбектің жаманы жоқ. Шетелге көшіп барған адам саналы түрде қара жұмысқа салынатынын біледі. Бірақ бала шағамның болашағы үшін деп барады. Оларды жазғыра алмаймын. Шекаралар ашық заманда адамды бір елге байлап қою дұрыс емес”, – дейді ол.
Оның сөзінше, Қазақстан талантты жастарды керек етпегендіктен, олар шетел асып жатыр. Егер елде білім алуға, жұмыс істеуге жағдай жасалған болса, білікті мамандар өзге елге көшпейтін еді.
“Бұл отыз жыл бойы дұрыс жүргізілмеген экономикалық саясаттың салдары. Бұл елде проблема бар екенін көрсетеді. Егер оқу болса, білім жақсы берілсе, жақсы жұмыс орнына тұрып жатса, жалақысы жақсы болса, зейнетақысы қамтамасыз етілсе, шетелге кетіп несі бар. Бізде Қазақстанда өмірді жоспарлау мерзімі өте қысқа. Ертең талантты қазақ жастары шетелдің ғылымына, экономикасына жұмыс істейді. Себебі бізде ондай мүмкіндік жоқ. Елде әлеуметтік әділеттілік орнаса, бұл мәселенің барлығы шешілер еді”, –дейді Нұрбек Мәтжан.
Сәтбаев атындағы университеттің тәрбие ісі жөніндегі департамент директоры Мақсат Мамадияр шетелге кеткен жсатардың бойында отаншылдық, патриоттық қасиеттер болмайтынын алға тартты. Оның сөзінше шекара асқандардың басым көпшілігі әртүрлі идеологияның ықпалында кетеді.
“Қазіргі таңда жастардың көбісі шетелде оқығысы келеді. Біз жастардан айырылып қалдық. Оларға жағдай жасау керек. Өйткені жат жерде оқудың өзіндік иедологиясы бар. Бірінші саяси идеология, өзге елде саяси топтар жастардың түсінігін құртуға ықпал етеді. Екінші діни фанатизм. Қазіргі таңда дін саласында оқитын жастарымыз шетелге барып, өзгеріп келіп жатыр. Үшінші дүниетанымға әсер етеді. Шетелде барлығы жақсы, жылтырлаған, жастар сол жаққа ұмтылады. Жастар сол жағдайда неге Қазақстанда жасамасқа. Біз небәрі отыз жастағы мемлекетпіз. Жүйе енді жасалып жатыр. Дегенмен, жастар елде білім алуы керек. Жастардың түбегейлі көшуі дұрыс емес”, – дейді ол.
Оның сөзінше, шетелде оқып келген қазақтар келе салып, бірден жақсы қызметке тұрғысы келетінін айтты.
“Біз балаларды жастайынан шетелге жібереміз. Ол он сегіз жасынан бастап шетелге үйреніп, білім алғаннан кейін, өз еліне келгісі келмейді. Шетелде оқып келген азаматтардың бір ғана кемшілігі бар. Олар келе сала жақсы қызметке тұрғысы келеді. Мен шетелде оқып келдім деген ой бар. Шетелде оқып келген адамға бірден жұмыс беру керек, жалақысы жақсы болу керек деген ұғым қалыптасқан”, – дейді ол.