Жаяу жүргіншілерге зебра көмектеседі
Қостанайлық жол полициясы қызметкерлері «Абайлаңыз, балалар!» жедел алдын алу шарасының аясында ерекше акция өткізді. Қаладағы адам аяғы көп жүретін Гоголь көшесінде көлік жүргізушілері мен жұртшылық жүргіншіге арналған жолақтан нағыз жолақты зебраның өзін көрді. Жол үстіндегі жолақтан өтіп бара жатқан жолақты зебра соңынан балаларды ертіп алыпты. Жайшылықта алды-артына қарамай зырғытып өте шығатын көлік жүргізушілер мұндайда тоқтамай көрсін енді.
Қостанай облысының жол полиция ІІД бастығы Өмірбек Сүлейменовтің сөзіне сүйенсек, жол үстіндегі адам жүретін жолақта көлік жүргізушілері ережені сақтамайды екен. Бұл орайда жүргіншілерге де, көлік жүргізушісіне де жол ережесі қаншалықты түсінікті болғанымен, қайғылы жағдайлардың саны азаймай отыр. Осындай абайсыздықтың салдарынан жыл басынан бері 184 жол оқиғасы тіркелген.
Көпшілік үшін бүгінгі күннің басты кейіпкері болған зебраны жол полициясы қызметкерлерінің қайдан алғаны таңданарлық жай болды. Сөйтсек, аталмыш акцияны өткізбес бұрын көпшіліктің назарын аударарлық жай керек болыпты. Олар бұл орайда «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының басшылығына қолқа салса керек. Дегенмен мұнда зебра атымен жоқ екен. «Іздеген табады» демекші, зебраның рөлін ойнаған кәдімгі «Чиф» есімді пони болып шықты. Полиция қызметкерлері қара түсті пониді шашқа арналған лакпен бояп, нағыз зебраға айналдырса керек. Ал пониіміз болса, қазір дін аман. Аяқасты зебраға айналғанын өзі түсінбесе де, «жасанды зебрамен» фотоға түсушілердің қатары көп болды.
Ең бастысы, бұл күннің мақсаты жаяу жүргіншіге де, жүргізушіге де түсінікті болып, алдағы уақытта сабақ болса болғаны.