Халыққа сапалы қызмет – басты міндет
Заман талабына сай мемлекеттік қызметтің сапасын жақсарту және жаңа сатыға көтеру – қазіргі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта Алматы қаласы, Жетісу ауданының «Халыққа қызмет көрсету орталығы» да көптеген жұмыстар атқарып жатыр. «Электрондық үкімет» порталы арқылы мемлекеттік қызметтерін алуға басымдық беріп, халықтың уақытын үнемдеп, күнделікті мыңдаған мәселелерді шешуді, кезектің болмауын және барлық қызметтер онлайн түрде атқаруды жүйелі жүзеге асырып отыр.
Бүгінгі таңда еліміздің әрбір азаматы www.egov.kz веб-порталы арқылы өтініш бере отырып, анықтамалар алып, салық және айыппұл төлей алады, некеге тұру туралы өтініш бере алады. Сондай-ақ портал көмегі арқылы мекенжайлық анықтама алу, коммуналдық төлемдер жасау, зейнетақы аударымдары туралы мәлімет алу, балабақшаға кезекке тұру сияқты мемлекеттік органдарға жүгінуге байланысты қызмет түрлерін пайдалана алады. Ол үшін тіркеу процесінен өту қажет. Пайдаланушы келісімін қабылдау, жеке сәйкестендіруші нөмір (ЖСН) енгізу және пароль қажет. Бұл қызмет тізімін алу үшін адамнан электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) талап етіледі.
«Электрондық үкімет» порталында 126 интерактивті және транзакциялық қызмет түрі бар. Олардың қатарына 84 мемлекеттік қызмет пен сервис, мемлекеттік алымдардың 21 түрін, мемлекеттік баждың 16 түрін төлеу, төрт салық төлемінің түрін және жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл төлеу жатады.
Қосымша айта кететін жағдайдың бірі 2012 жылдан бастап салық төлеуші нөмірі (СТН-РНН) мен әлеуметтік жеке код (ӘЖК-СИК) орнына тек ЖСН жүретін болды. Қазіргі таңда ҚҚПБ бөлімінің мамандары және халыққа қызмет көрсету орталығының құжаттандыру бөлімінің қызметкерлері Алматы қаласындағы Жетісу ауданындағы мектеп оқушыларының ЖСН-ін түгендеу жұмыстарымен шұғылданып жатыр. ЖСН алмаған болса, мектепке келіп оқушылардың ата-аналарынан өтініш қабылдап, қолдарына қолхат береді ЖСН құжаттары дайын болғаннан кейін мектепке апарып, ата-аналарға тапсырамыз.
Ерлан ШҮРЕНОВ, Алматы қаласы, Жетісу ауданы РМК халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім бастығы