Үмбетей жырауға ескерткіш орнатылды
Ереймен – тарихы бай, мәдени мұрасы мол өлке. Мұндағы ел азаматтары көнеден үзілмей келе жатқан сол мұраны бүгінгі ұрпаққа дәріптеуге, тарихтан тағылым алуға үндейтін іс-шараларға үнемі ұйытқы болуда. Өткен жазда Ереймен кентінің қақ төрінде қазақтың батыры Қанжығалы қарт Бөгенбайға ескерткіш орнатылса, таяуда ғана осындағы мәдениет үйінің алдына осы өңірдің тумасы, әйгілі жырау Үмбетей Тілеуұлына (1706-1778 жылдар) мүсін қойылды. Айтпақшы, осы өнер ордасына да жыраудың аты берілген екен. Тұғырына қонған мүсіннің авторлары – екібастұздық мүсіншілер Баян Қайнышева мен Ақертіс Солтанбаев.
Салтанатты шарада қазақы дәстүрмен шашу шашылып, ереймендік жыршы Зухрат Хамзин арнау өлеңін толғады. Ереймен ауданының әкімі Н.Ә. Ережепов, осы өңірдің сыйлы ақсақалы Қасым Тәукенов, сенатор С.Жалмағамбетова, Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Ө.Мұсабаев сөз сөйлеп, Үмбетей жыраудың заманы, атамекенді қалмақтардан азат ету жорықтарындағы қанды көйлек серіктері, жалынды жырлары жайында ой толғап, елдік парыздың өтелгеніне разылық айтып, жұртты құттықтады. Ереймендегі бұл тойға жыраудың жер-жердегі ұрпақтары да жиылған екен.
Жалпы, Ереймен жерінде елдігімізді биіктетер, еңсемізді көтерер осындай игі істер дабырасыз-ақ атқарылып жатқанын да осы жолы естіп қайттық. Мәселен, аудандық сот ғимараты алдына Бапан мен Саққұлақ билердің мүсіндері орнатылса, қазақ мектебіне Бөгенбай батырдың аты беріліпті.
Салтанатты шараға жиналған қауым Үмбетей бабамыздың мүсініне сүйініштерін білдіріп, көзайым болған соң Мәдениет үйіне бет алды. Мұнда аймақтық ақындар мүшәйрасы өтті. Мүшәйраға Астана, Көкшетау қалаларынан, сондай-ақ Ерейменнің өзінен жыр әлемінде танылған белгілі ақындар қатысты. Ақтық сынға шыққан 12 ақын өлеңдерін сахнаға шығып оқыды. Ақындардың өлеңдерін белгілі ғалым Серік Негимов төрағалық жасаған қазылар саралады. Ереймен жерін дүр сілкіндіріп, жұрттың жансарайын жадыратқан мүшәйра қорытындысында бас жүлдені ереймендік әйгілі ақын Сайлау Байбосын жеңіп алды.
Жыр мүшәйрасында көкшетаулық Төлеген Қажыбаев, қарағандылық Серік Сағынтай, астаналық Ұларбек Дәлей, ереймендік Сайлау Жылқыбаев, екібастұздық Жанаргүл Қадырова және тағы басқа да ақындар жүлделі орындардан көрініп, сый-сияпатқа бөленді.