Тілі мүкіс балалар неге көбейіп барады?

Тілі мүкіс балалар неге көбейіп барады?

Бөлемнің «р» дыбысына тілі келмеуші еді. Ол кезде жасы үш-төрттерде болуы керек, шамасы. Бір күні өзімше әлгінің тілін «р»-ға келтіріп көрейін деп, шақырып алып, «р» дыбысы бар сөздерді айтқыза бастадым. «Трәктір» дегіздім бе, «ракета», «радиатор» дегіздім бе, кішкентай тіл бәрібір ырыққа көнбеді. Айтқызған сөздерімнің бәрі «тләктіл», «лакета», «ладиатол» болып кетеді. Бұдан нәтиже шықпасына көзім жеткен соң, басқа тәсілге көштім. Енді атауында «р» дыбысы бар заттарды көрсетіп, атын сұрай бастадым. Қолыма түскені бөтелкенің «крышкасы» еді. «Мынау не?» деп сұрадым «крышканы» көрсетіп. Бала үндемейді. Сұрақты тағы да қайталадым. Сонда да үн жоқ. Шыдамым таусылып барады. Ол үндемеген соң, сұрағыма өзім жауап бердім. «Крышка ғой, крышка! Осыны да білмейсің бе?» – деп әдейі намысына тидім. Сөйтсем, әлгім «ақымақ, ол – қақпақ!» деп қаша жөнелмесі бар ма?!
Байқасаңыз, бүгінде елімізде тілінің мүкістігі бар балалар жиі кездесетін болды. Көптеген дыбысты дұрыс айтпай, бұзып айтатындар көп. Баяғыда «р» әрпін «ыл» немесе «ғы» деп оқитындарды ғана көруші едік, қазір «қ» мен «г» әрпін «т» қылып, «р»-ны «м»-ға ауыстырып, «л»-ны «у»-мен алмастырып, «с», «ш», «ж», «з» әріптерін «ч» қылып айтатындар бар­шылық. Яғни дыбысталу жағынан бір-бірімен бес қайнаса сорпасы қосылмайтын әріптермен алмастыру — үлкен проблема. Балабақшаға барсаңыз, дыбысты дұрыс айтатын баланы шам алып әрең таба­сың. Ата-аналардың алаңдайтыны да – сол. Был­дырлап шыққан баланың тілі сол был­дырлаған күйі қала берсе, қай ата-ана уайым­дамасын?! «Ба­ла­мыздың тілі дұрыс шықпай жатыр» деп, үйіне логопед мамандарды шақырып жүр­гендер де бүгінде көбейді. Оны айтасыз, тіпті бала­бақ­шалар­да логопед деген ма­мандық тапшы болып барады.
Логопедке сұраныс неліктен өсіп келеді?
Баяғыда логопед дегенді қазақ көрмек түгіл, естімейтін де, оның не екенін де білмейтін. Ал бүгінде екінің бірі біледі. Тіпті логопедиялық балабақшалар да бар.
Оған да кезекке тұрғандар жетерлік. Осы жерде «бүгінде неге тіл мүкістігі бар балалар сонша көбейіп барады» деген сұрақ туады. Неге мұндай проблема қазақ балалары арасында белең алуда?
Бір ғана мысал. Мәселен, Астанадағы жекеменшік «Е.» (атын әдейі атамай отыр­мыз) балабақшасына қыркүйекте естияр тобына (3,5-4,5 жас аралығындағы бала­лар) 20 бала келеді. Соның 12-сі жасына сай дұрыс сөйлей алмайды. Ал ересек тобына келген 18 баланың 10-ға жуы­ғы­ның сөйлеу тілінде кемшіліктері бар.
Жалпы, тіл мүкістігі неден болады? Бұған мамандар бірнеше себеп айтады. Соның біріншісі – емізіктен. Емізікті көп ем­ген баланың таңдайы тереңдеп, икем­сізденіп, артикуляциялық қозғалысы нашар­лайды. Яғни дыбыстың дұрыс шығу-шықпауына себептердің бірі – таңдай. Таңдайдан болған ақаудың әсерінен әріп­тер дұрыс дыбысталмай жатады. Ал бұ­рынғы қазақ балалары емізік дегенді білді дейсіз бе?! Бұрын мұндай проблеманың си­рек болуы сондықтан да болар.
Екінші себеп – ата-ананың баласына дұрыс көңіл бөліп, әңгімелеспеуі. Мәселен, бала бір жаста 5-10 сөз айтуға тиіс екен. Екі жаста 200-300 сөз білетіндей қабілетке жетеді. Үш жаста күрделі сөйлемдерді ай­тып, дауысты дыбыстарды толық меңгереді екен. Осы жастан бастап баланың жалпы сөйлеу тілі дамиды және оған тікелей себеп­кер ата-анасы болады. Қазіргі күні көп ата-ана баласымен бір жасынан бастап сөйлесе бермейді. Сөйлесетіндері сирек. Оның өзінде баланы шектен тыс еркелетіп (гиперопека), кәдімгі түсінікті тілмен емес, баланың былдырлаған тілімен сөйлеседі (баламен бала болып). Бала уілдеп сөй­лесе, анасы да баламен қоса уілдейді. Бұл дұрыс емес. Керісінше, бұл жағдайда ана баласын түсінбесе де, онымен дұрыс сөйлесіп, сөз үйретуі керек. Бұл қызметті от­басы институтында негізінен әжелер атқар­ған. Бір топ немересін айналасына жи­нап, буыны қатпағанын алдына алып, ертегі айтатын. Ал енді бесіктен белі шық­пағанына келетін болсақ, онымен анасы айналысатын. Баланың санасын қа­лып­тастырып, тілін қазақша шығаруда бе­сік жыры – нағыз тамаша әдіс. Яғни балаға әлди айту, баламен әңгімелесу деген сөз. Бұл бала тілін қазақша шығаруға сеп болады дейтін себебіміз, «Әлди-әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем. Жылама, бөпем, жылама, Жілік шағып берейін, Көк­құтанның құйрығын жіпке тағып бе­рейін» деген бесік жырында, байқасаңыз, дауысты-дауыссызы, жуан-жіңішкесі, қа­таң-ұяңы бар дыбыстар түгелге жуық кез­деседі. «Баланы бастан» дегенде атам қазақ осыны да меңзеген сияқты.
Үшінші себеп – баланың топырақта ой­намауы. Бүгінгі күннің балалары баяғыдай топырақта ойнаудан қалды. Турасын айт­сақ, ата-ана балаларын топырақта ойнау­дан шектеп жатады. Ал ғалымдар тілдің дамуына бала қолының ұсақ мото­рика­лары, яғни қол бұлшықеттері мен сау­сақ­тарын­дағы нүктелер әсер етеді деп дә­лел­деп берген екен.  Ал қазақта мұның рөлін үйде отырып ойнайтын «Ханталапай», «Бес асық», түзде ойнайтын «Шеңбер», «Тигіз­бекіл», «Үш табан» секілді асық ойын­­дары жақсы атқарған. Бұлардың бар­лығы осы ұсақ моториканы дамытуға жақсы әсер етеді. Тіпті баланың қолына сүйек ұстатып, мұжытып қою да тілдің дұ­рыс дамуына оң әсерін тигізбек. Біріншіден, алақанның бұл­шықеттері шираса, екін­ші­ден, сүйек мұжу арқылы бала ар­ти­ку­ля­циялық жат­ты­ғулар жасайды.
Артикуляциялық жаттығудың тағы бір тамаша қазақи тәсілі – ұртына құрт салып, сорып жүру. Қазір малта сорып жүрген қай қаланың баласын көрдіңіз? Өте сирек! Сондықтан да ауылдың балаларында ондай проблема жоқ. Тіпті тілінің мүкіс­тігінен құтылу үшін грек философы Демос­фен де екі ұртына тас салып жүрген. Көпшіліктің көзайымы, талайға танымал болған «Карнавал» фильмін көрсеңіз, онда да тілінің мүкістігі бар Нина Соло­ма­тина аузына жаңғақ салып алып, жат­тық­паушы ма еді?!
Гүлзат ЕРМЕКБАЕВА, логопед:
– Тіл мүкістігіне әкеліп соғатын үлкен мәселелердің бірі – баламен отбасында орысша сөйлесу. Үйде орысша сөздерге құлағын «қыздырып» келген баланы балабақшада тәр­биешілер қазақша сөйлеуге мәж­бүрлейді. Соның нәтижесінде бала еркін сөйлеу қабілетінен айырылады, бұдан тіл мүкістене бастайды. Яғни дыбысталуы ұқсас әріптерді ажырата алмай қалады. Мұндайда қазақ балаға жаңылтпаштар айтқызған. Мәселен, «Шеше, шеше, неше кесе сынды кеше?» деп айтқызу баланың тілін қалпына келтірген. Сондықтан да бала есейгенше онымен тек бір тілде ғана сөйлесіп, оған қазақша жаңылтпаштар айтқызу керек.

P.S.
Жасұлан деген логопед-дефектолог танысым «қазақ баласының ақыл-ойын, тілін дамытуда өзге елдердің әдіс­темесі жақсы нәтижелер бере бермейді, қазақ болып туған ба­ла­лардың ой-өрісін, тілін дамытуға тек қана қазақи әдістеме қажет» деп жиі ай­та­тын еді. Өзі де осы тақырыпта диплом қорғаған. Яғни қазақтың ұлттық ойындары, ұлттық дәстүрлері, ұлттық тәрбиесі ғана баланың сана­сына сіңімді. Ендеше, жоғарыда айтылған әңгі­ме­лер – қазіргі Ба­тыс­тың әдістемесін қолданып жүрген лого­пед­те­рімізге құлаққағыс. Ло­го­педтен бұрын ата-ана қаперге алса дейміз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста