Танымал стилист татуировкасымен төлқұжатқа түскенін айтып мақтанды
Денесіне татуировка салған қазақстандық танымал стилист Рафаэль Ромен заңдағы шектеуге қарамастан, жаңа төлқұжатқа қол жеткізген.
Жақында ол денесінде татуировка бола тұра, жаңа үлгідегі төлқұжатқа қалай түскенін ғаламтордағы видеоблогында айтып берді.
"Мен мұндай заңды қандай топастардың шығарғанын білмеймін. Ескі төлқұжатымды жоғалтып алған соң, жаңасын алуға өтініш білдіргенмін. Алайда, халыққа қызмет көрсету орталығында менің ұсынысымды қабылдамай тастады", -дейді танымал стилист.
Ол ешкімнің де бұлай шектеуге құқығы жоқ екенін айтады.
"Бұл менің денем. Сондықтан, өз денеме не істесем де өзім білемін. Қызмет көрсету орталығы қабылдамаған соң, мен заңгерлердің көмегіне жүгіндім. Ақыры, татуировкамды алмай-ақ, жаңа төлқұжатқа түстім", - дейді Рафаэль Ромен.
Еске сала кетейік, жаңа үлгідегі куәлікті алу үшін, фотоға түсу кезінде беттегі татуировканы опа-далаппен бояп тастау қажеттігі айтылған. Себебі, бұл шекара асқанда үлкен кедергі болуы мүмкін.
Одан бөлек, алқа мен сырға тағуға да рұқсат етілмеген. Алайда, стилист Рафаэль Ромен бұл шектеулердің біреуін де елемей, мойнындағы татуировка және құлағындағы ерекше үлкен сырғамен жаңа төлқұжатқа түсіп үлгерді.