Тайқазан көшірмесі мешіттің алдына қойылды
Түркістан қаласының «Сауран» ықшамауданында Асамбай ата мешіті бар. Оны салдырған – Асамбай атаның ұрпағы, кәсіпкер Бектөре Асамбаев.
Бектөре мырза осыдан біраз уақыт бұрын тайқазанның көшірмесін құйдырып, мешіт алдына қоюды ниет етіп жүретін. Сол ниеті орындалып, кеше, яғни тамыздың 5-і күні, тайқазанның көшірмесін мешіт алдына орнатты.
Берік НАУРЫЗОВ, Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінің инспекторы:
– Тайқазанның көшірмесін мешіт алдына қоюды Бектөре Асамбаев біраз уақыттан бері айтып жүретін. Менің білуімше, көшірмені өз қаражатына Өзбекстанда, сол жақтың ұсталарына қоладан құйдыртқан болуы керек. Көлемі, сыртқы бейнесі, ою-өрнектері, жалпы көрінісі кесенедегі тайқазанның түпнұсқасымен бірдей.
Бұл күні кәсіпкер Бектөре Асамбаев жамағатты жинап, құдайы тамақ таратты.