Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасаудың тетіктері
Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлықпен күресу туралы, оның мемлекеттің дамуын және құрылымын, азаматтардың дүниетанымдық көзқарасын, тұтас экономиканы бұзатын сипаты айтылып жүр.
Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасаудың маңызды екендігін атап өтеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Қазақстанның құқықтық реформасының басымды бағыттарының біріне айналды.
Осы кезде сыбайлас жемқорлық мәселелері бұқаралық ақпарат құралдарында, жария баяндамаларда жиі айтылып, қозғалып жатыр. Жемқорлықпен күресудің әдістері мен түрлі бағыттары әзірленуде.
Сыбайлас жемқорлық қоғамның барлық салаларына, атап айтқанда экономикаға, әлуметтік салаға, саясатқа және т.б. жағымсыз әсерін тигізеді. Бұл құбылыстың жағымсыз салдары соншалықты, ол тек қоғамның дамуын тежеп қана қоймай, елдің ұлттық қауіпсіздігіне елеулі зардап әкелетіні анық.
Жаһандық экономикада сыбайлас жемқорлық: нарықтық бәсекенің тетіктерін бұзады, мемлекеттік бюджеттің қаражаттарын тиімсіз таратуға, кірістің әділетсіз бөлінуіне әкеп соқтырады, тауарларға бағаның өсуіне ықпал етеді, ұйымдасқан қылмыстық топтың құрылуына және көлеңкелі экономиканың пайда болуына себеп болады. Аталғандардың барлығы мемлекеттік бюджетке салықтың түспеуіне, мемлекеттің экономикалық қызметінің іске асырылуына кедергі болады.
Әлеуметтік салада сыбайлас жемқорлық: тіршіліктің игіліктерінің әділетсіз бөлінуіне ықпал етеді, ол өз кезегінде мүліктік теңсіздікке әкеп соқтырады, мемлекет және қоғамның тіршілік етуін реттейтін негізгі құрал болып табылатын құқықты шектейді, нәтижесінде қоғамның санасында азаматтардың билік алдында және қылмыстылық алдында қорғансыздығы туралы көзқарастар мен сезімдер қалыптасады.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары қатарына пара алу, өз пайдасына жымқырып алу, өз өкілеттігін асыра пайдалану және т.б. қылмыстарды жатқызуға болады.
Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау, оның ішінде парақорлыққа қарсы тұру қиындық соқтырады. Халықтың басым бөлігінің жемқорлық қатынасына қатыстылығы және қоғамда оған деген төзімділіктің қалыптасқаны бұл қылмыстың алдын алуға және оған төтеп беруге мүмкіндіктерді шектеп тұр. Көптеген кәсіпкерлер және азаматтар үшін, және өзге де қызметкерлер үшін қызметтік сипаттағы іс-әрекеттерге заңсыз сыйақы беру әдетті әрі қалыпты құбылыс не жағдай болып қалған.
Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлықпен күресудің екі негізгі бағыты көрсетіледі:
Біріншіден, жемқорлықтың сыртқы көрінісімен күресу, яки нақты жемқорлықтың субъектілеріне, жемқорлық қатынастарына қатысушыларға заңды амалдармен, оның ішінде құқықтық мәжбүрлеуді қоса алғанда, олардың құқыққа қарсы қызметін тоқтату мақсатында тікелей ықпал ету жолы арқылы қарсы тұру болып табылады.
Мұнда сыбайлас жемқорлықтың күрделі құбылыс екендігін атай келе, бұл қылмыстың ашыла бермейтіндігінің жоғары дәрежеде екендігін де ескеру қажет. Сыбайлас жемқорлық іс-әрекетін көп жағдайда шындықты көрсететін және кінәліні жазалауға мүдделі адамдар жоқ болатын құқық бұзушылықтар қатарына жатқызады. Сол себептен де болар жемқорлық элементтерін көрсететін мүмкіндіктер де бола бермейді. Бұл мән жайға баға бере келе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарымен күресу қажет әрі керек екендігін атаған жөн. Сыбайлас жемқорлықтың сыртқы көрінісімен күресіп қана қоймай, оның алдын алу және болдырмаудың жолын қарастыру қажет.
Сыбайлас жемқорлыққа және оның көріну жолдарына қарсы іс-қимыл жүргізуді тек заңи әдістермен шектеп қана қоймау қажет, оның табиғатын зерттеп, оны болдыратын жағдайларды анықтау керек.
Осы жерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ретінде оның алдын алу үшін, студенттерде жемқорлыққа қарсы ой-тұжырымдардың қалыптасуына бағытталған жоғары оқу орындарында оқытылатын арнайы оқу пәнін енгізу қажет.
Айта кететін жәйт аталған мәселені іс жүзінде жүзеге асыруға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті кірісті. Университеттің заң факультетінің ұжымымен биылғы яки 2017-2018 жылдарға арналған оқу жоспарына барлық факультеттердің студенттеріне міндетті түрде оқытылатын пән ретінде «Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері» атты жаңа пән енгізілді. Аталған пән бойынша студенттер сыбайлас жемқорлықтың түсінігін, жүйесін, тарихи-құқықтық аспектілерін, пайда болу табиғатын, ҚР жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізуге бағытталған нормативтік-құқықтық базаны талдауды, онымен күресу және болдырмау жолдарын оқып, зерттейді. Бұл студенттер үшін өте пайдалы сабақ болатыны анық. Жоғарыда атап кеткендей, жемқорлық қоғамның барлық салаларын бұзады, сол себептен де оны барлық факультеттерде оқу көзделіп отыр.
Екіншіден, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттің дербес функциясы ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру болып табылады.
Елімізде 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы стратегия қабылданып, оның ережелері жүзеге асырылып жатыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау проблемаларын шешу үшін қоғамға қауіпті құбылыспен күресуге барлық қазақстандық қоғамды жұмылдыру қажет, ол үшін кешенді, жүйелі іс-шаралар атқару керек және заңды жауаптылықты күшейту жөнінде құқықтық базаны жетілдіру қажет.
Елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жүзеге асыру үшін:
- елдің құқықтық сауаттылығы мен құқықтық ағарту ісін көтермелеу қажет;
- үнемі жемқорлықтың дамуына әсер ететін теріс факторларды анықтап, зерттеу қажет;
- қазақстандық қроғамның жемқорлыққа қарсы мәдениеті мен құқықтық санасын көтермелеу және арттыру қажет;
- бұл істе мемлекеттік органдар қоғаммен бірігіп өзара іс қимыл жасау керек.
Сыбайлас жемқорлықтың туындауы себептерін үнемі зерттеп тұру қажет және онымен күресудің амалдарын әрдайым іске асырып тұру керек, жемқорлық құқық бұзушылығының зардабымен күрескенше, оны болдырмаудың жолын іздеу тиімдірек болары анық.
Азаматтык бакылау мушесi
Мынбатырова Н.К.
заң ғылымдарының кандидаты,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті