Шенді арулар сайысы
Жуырда Жамбыл облысында күштік құрылымдар мен әскери ұйымдар арасында «Жас қыран аруы – 2012» байқауы өтті. Аталмыш байқау Қарулы Күштер мен әскери ведомстволарында қызмет ететін нәзікжандылардың кәсіби біліктілігін арттыру және шығармашылық қабілетін ашуға бағытталған.
Байқау үш кезең бойынша өтті. Өзін таныстыру, сұрақ-жауап кезеңі, дефиле, яғни әскери киім үлгісімен және кеш көйлегімен шығу. Байқауға алдын ала іріктеу байқауынан өткен 30 жасқа дейінгі алты ару қатысты. Сыр сымбаты бірінен- бірі өткен оқалы арулардың бәсекесі тартысты өтті. Қазылар алқасына да кімнің бас бәйгеге лайық екенін анықтау оңайға түспеді. Білімі мен біліктілігі, ақылы мен көркі сынға түскен арулар байқауы өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Бас бәйгені ІІД Жедел басқару орталығының жетекші маманы Айнұр Мырзаханова иеленді. Екінші орынға ІІД Әкімшілік полиция басқармасының жетекші маманы Дильназ Ирискулова лайық деп табылса, үшінші орынды ІІД ақпараттық-сараптамалық орталығының инспекторы Мария Пережогина алды. Байқау қатысушыларына дипломдар мен құнды естелік сыйлықтар табыс етілді. Аймақтың жеңімпазы Астанада желтоқсан айында өтетін бас байқауға қатысатын болады.
Гауһар Сәрсенбаева, Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы:
– Шенді арулардың байқауына қатысуға тілек білдіргендер аз болған жоқ. Оған тек іріктеуден өткендер ғана қатысуға мүмкіндік алды. Байқау өте тартысты түрде өтті. Бас жүлде иегері енді Астанада өтетін байқауда Жамбыл облысының намысын қорғайтын болады.