Семей қаласында жалған полиция қызметкері ұсталды
Семей тұрғыны жалған құжат жасады деген күдікке ілінді. Жедел іздестіру шаралары барысында күртесінің қалтасында полиция қызметкерінің құжаттарын сақтаған 21 жастағы жігіт ұсталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Күдікті қызметтік куәлік мұқабасыны сатып алып, полиция қызметкерінің қызметтік куәлігінің үлгісін тауып, оны өзі үшін жасап алған. Ұсталған азамат Photoshop бағдарламасының көмегімен полиция қызметкерінің кейпінде суретке түсіп, жеке деректерін енгізу арқылы учаскелік полиция қызметкері ретінде құжат жасап алған", - делінген хабарламада.
Күдікті өзі үшін учаскелік полиция инспекторы қызметін таңдап, оны құжаттарда көрсеткен. Жауап алу кезінде ол өзінің таныстарын таң қалдыру үшін жалған құжат жасағанын мойындады.
Аталған факті бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 385-бабының 1-бөлігі "Құжаттарды қолдан жасау" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл баптың санкциясында екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.