Қызылорда облысында спорт кешенінің шатырын жауып жатқан бес адам жарақат алды
Қызылорда облысы Қазалы ауданында жаңадан салынып жатқан спорт кешенінде шатыр жауып жатқан бес адам жарақат алып, ауруханаға түсті. Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға бүгін, 25 қаңтарда сағат 11.00 шамасында Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр көшесі бойында жаңадан салып жатқан спорт кешені аумағында болған.
Спорт кешенінде төбедегі бөренелер құлап, салдарынан ауданда тұратын 30-40 жастағы 5 ер азамат жарақат алған.
Үшеуі «мидың шайқалуы, әртүрлі соғылған жарақаттар» диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Екеуіне алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіліп, үйіне қайтарылды.
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы 1-бөлігімен іс қозғалып, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр»,- делінген хабарламада.