Қырағы сақшылар қарақшыны ұстады
Қаңтардың 24-інде кезекті кезекшілікке шыққан «Боран-86» патрульдік тобының жігіттері өздеріне бекітілген аумақты шолып жүріп, кешкі жетілер шамасында Әуезов ауданы Пригородная көшесі бойында тұрған «Тойота-Ланд Крузер-100» автокөлігінен күдіктеніп, солай беттейді. Күдік ұялатқан көліктің тұрысы тегін болмай шықты.
Партульдік тобында полиция капитаны Валерий Попов, полиция старшинасы Талғат Баймендинов, полиция аға сержанты Ғалымжан Әбдіров бар қызметкерлер көлікке он-он бес метр қалғанда, кенеттен көлік салонынан екі жас жігіт атып шығып, жан-жаққа қаша жөнеледі. Олардың соңынан бет-аузы қан жосыған бір ер адам сүйретіле шығады.
Ол әлгі екеуі мұны өлтірмекші болғанын айтады. Қашқындар соңынан ізге түскен патрульдік топ қызметкерлері оның бірін қуып жетіп, қарсылық көрсеткеніне қарамастан, қарақшының қолына кісен салып үлгереді.
Жәбірленушіге екі жігіт «көлігін сатып аламыз» деген желеумен кездесу белгілеген. Көліктің артқы орындығына отырған оның бірі жүргізушінің мойнына тұзақ салып қылқындырып, екіншісі пышақ сілтеп үлгерген. Алайда жанай соғылған соққыдан ол аса қауіпті жарақат алмаған. Дәл осы кезде, оның бақытына орай, патрульдік топ келіп қалған.
Оқиға орнына жедел сараптау тобы шақырылып, соққы жасалған пышақ тәркіленді. Қолға түскен 1982 жылғы азамат Алматы облысы Жаркент ауданынан келгені мәлім болды. Бұрын сотты болмаған.
Ол автокөлікті иелену мақсатында қарулы шабуыл жасағандарын мойындады. Екінші қарақшы іздестірілуде. Қырағы сақшыларды мараппаттауға ІІД басшылығына ұсыныс жасалды.