ҚР ҚК-нің танкішілері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтуде
Қазіргі заманғы танкіші әскери қызметшілердің еңбегі жоғары болып табылады. Жыл сайын олар өздерінің керемет жауынгерлік даярлықтарын дәлелдейді. Биылғы жылы қазақстандық танкішілер Армия халықаралық ойындарының «Танк биатлоны» байқауында 17 қатысушы команда арасында үшінші болып, осы сайыстың қола жүлдесін жеңіп алды.
Бүгін ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығында 1946 жылдан бастап жауынгер танкішілердің абыройы, қайраттылығы мен ержүректіліктерін еске алу құрметіне орай жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде аталып өтілетін Танкішілер күніне арналған салтанатты жиналыс өтті. Бұл іс-шара Қарулы Күштер ауқымында алғаш рет өткізіліп отыр.
«Бүгін ерекше мейрам. Танкіші болғанымды мақтан тұтамын және бұл Құрлық әскерлерінің басты соққы күші деп есептеймін. Бүгінде мұнда танкіші ардагерлер, Қазақстан Қарулы Күштерінің үздік танкішілері жиналып отыр», - деді запастағы генерал-майор Геннадий Носоновский.
Броньды танк әскерлерінің бүкіл тарихы Отанның әскери шежіресінің ерлік белесін, жауынгер танкішілердің батылдығын, табандылығын, бекемділігі мен қайсарлығын сипаттайды. Танк әскерлері Ұлы Отан соғысы жылдарында солмайтын даңққа ие болып, фашистік басқыншыларды жеңуде сүбелі үлес қосты. Бүгінде танк құрамалары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің басты соққы беруші күші болып табылады.
«Бұл күрделі, қажырлы, кейде қауіпті, алайда, құрметке татитындай еңбек. Баршаларыңызға Отанға аянбай қызмет етуде сәттілік, даму және денсаулық тілегім келеді», - деді запастағы генерал-майор Аманжол Оспанов.
Салтанатты жиында естелік медальдар табыс етілді. Ал іс-шара қорытындысы бойынша мерекелік концерт өтті.