ҚазҰУ-да грант иегерлерінің қатары 3700-ге көбейді
Биыл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бөлінген оқу гранттары саны бойынша еліміздің жоғары оқу орындары арасында тағы да көш бастады. Жаңа оқу жылында университет қабырғасында бакалавриат, магистратура, PhD докторантура бағдарламалары бойынша 3,7 мыңнан астам жас білім алмақ.
Университетке түсушілер техникалық және экономикалық мамандықтар, сонымен қатар гуманитарлық және ғылыми-жаратылыстану бағыттары саласында таңдау жасады. Осы себепті радиотехника, электроника және телекоммуникация, ақпараттық жүйелер, автоматтандыру және басқару, стандартизация, сертификация және метрология, биотехнология, аударма ісі, халықаралық қатынастар, құқықтану, қаржы, есеп және аудит, экономика және халықаралық құқық мамандықтарына конкурс жоғары болды. Осы жылы магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқимын деушілер санының аса жоғары екенін атап өткен жөн. Кейбір жеке мамандықтарға бір орынның өзіне үміткерлер саны 20-30-ға дейін жетті. Университет қабырғасында бірегей интеллектуалды және ғылыми әлеует шоғырланғаны баршаға мәлім. Студенттерге білім беру жолында оқытудың модульды технологиясы белсенді түрде енгізілуде. Бұл технология біліктілік тәсілі негізінде жұмыс берушілер талаптарына сәйкес жүргізіледі, сондай-ақ жоғары нәтижеге бағдарланған алдыңғы қатарлы басқару әдіс-тәсілдері, оқуды ағылшын тілінде жүргізу, жаңа бағдарламалар мен мамандықтарды енгізу жұмыстары жүзеге асырылып отыр. Естеріңізде болса, QS Халықаралық рейтинг агенттігінің (Ұлыбритания) мәліметтеріне сай, 2011-2012 оқу жылында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жеке мамандықтар бойынша әлемнің алдыңғы қатарлы 200 жоғары оқу орнының тізіміне енген еді.