Қазнет қолданушыларын жасөспірімдердің әрекеті ашуландырды (ВИДЕО)
Қазнет қолданушыларын көшедегі жасөспірімдердің қылығы ашуландырды. Болжам бойынша, видеодағы қыздардың бірі есірткі қолданған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Әлеуметтік желілерде бір топ жасөспірім қыз түсірілген видео жарияланды. Кадрлардан олардың бірі жерде жылап, тұра алмай отырғанын көруге болады. Жанындағы басқа қыздар оның қылығын айтып, ұрысып жатыр. Олардың айтуынша, қыз меф иіскеген (тез психикалық тәуелділік тудыратын синтетикалық препарат "мефедрон" - авт.ескерт.).
"Мен бұған таңданбаймын. Өкінішке қарай, бұл елімізде үйреншікті жағдайға айналды. 16 жастағы қыздар мас күйде, көшеде жатады. Салдары өкінішті жағдайға әкелуі мүмкін. Артық дозадан өлім немесе зорлау. Себебі, бұл жағдайда олар қарсылық көрсетіп, өзін ұстай алмайды. Бұл видеодан анық көрініп тұр. Ата-анасы қайда қарап отыр? Балалары не істеп жүргені бәрібір ме? Бақылау қайда?
Мен тағы да барлық полиция қызметкерін, ішкі істер министрін синтетикалық есірткіге қарсы күресті күшейтуге және нақты нәтиже көрсетуге шақырамын. Ата-ана, балаларыңызды бақылаңыз. Не істеп жүр, достары кім, есірткі қабылдағанда бала өзін қалай ұстайтынын біліп, бақылаңыз", - деп жазды басылым авторы.
Видеоға қатысты түрлі пікір жазылған. Пайдаланушылар құқық қорғау органдарына есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту қажет екенін жазған. Басқалары ата-ана баланың өмірін бақылауды күшейтуі керек деп санайды.