Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы шекара уақытша жабылды, деп хабарлайды "Хабар 24".
Көрші елмен шектесетін Үржар және Зайсан ауданындағы кеден бекеттерінен өтуге тыйым салынды. Бұл туралы облыстық "Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің" өкілдері хабарлады.
Мамандардың айтуынша, бұл – шығыс күнтізбесі бойынша Қытайда өтетін жаңа жыл мерекесін тойлау барысында қауіпті індеттің таралмауы үшін жасалып жатқан шаралардың бірі. Өйткені өңірдің көрші елмен барыс-келіс, алыс-берісі жақсы дамыған. Әсіресе сауда саттық жоғары деңгейде. Жалпы 1 ай уақыт ішінде шекарадан өткен 3 мыңнан астам адам тепловизор арқылы т ексерілген. Сонымен қатар кеден бекеттеріндегі санитарлық мамандарға арнайы нұсқамалар берілді. Жақында арнайы оқу-жаттығу өткізу жоспарлануда. Эпидемиологтар сақтықта қорлық жоқ екенін айтып, тұрғындарға аса мұқият болуды ескертеді.
Біздің облыспен шекара қазір жабық. ҚХР-мен жақын орналасқандықтан, сауда-саттық жақсы дамыған, сондықтан осы жұқпалы ауру індеті өршіп тұрған кезде ҚХР-ға, оның ішінде Ухань қаласына баруды шектеуді сұраймыз. Егер таныстарыңыз немесе туыстарыңыз арасында ҚХР-ға барып келген адамдар болса, олардың денсаулығы нашарласа, дене қызуы көтерілсе, бірден дәрігер шақыруды сұраймыз, – дейді Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін БД бөлім басшысының м.а Әлия Мұқатаева.