Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасындағы жаңа белес
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Өзбекстан Президенті Ислам Каримовты қабылдап, екіжақты келіссөздер өткізді. Ақордада жеке-дара кездескен екі елдің басшылары Орталық Азия аймағындағы аса маңызды проблема – трансшекаралық су ресурстары, оның ішінде көрші мемлекеттердің Сырдария мен Әмудария өзендерін пайдалану мәселесін кеңінен талқыға салды. И.Каримов Тәжікстан мен Қырғызстанның ортақ өзен-суларды энергетика үшін пайдалану бастамаларына қарсы. Ал Елбасы Арал мәселесіне алаңдайды.
Арал мәселесін шешуге мүмкіндік бар
Орталық Азия аймағындағы ортақ су ресурстарын тиімді әрі бірдей пайдалану мәселесі көптен бері талқыланып келеді. Кеңестер құрамында болған мемлекеттер тәуелсіздік алып, өз шаруасын өздігінше шешуге кіріскеннен бастап, өзен-суларды мемлекеттің жеке мүддесі үшін пайдалану проблемасы туындады. Біз үшін ол – Сырдария және Әмудария мәселесі. Себебі осы өзендердің арқасында қазіргі Арал көлінің мәселесін шешуге мүмкіндік бар. Сол себепті Орталық Азияның ортақ су-энергетикалық ресурстарын бірлесіп пайдалану мәселесі Қазақстан және Өзбекстан Президенттері арасындағы келіссөздердің басты тақырыбына айналды. «Әсіресе «Аралды құтқару» халықаралық қорының қызметін жандандыру аса маңызды. Осыған байланысты Сырдария мен Әмударияның басында отырған көрші ағайындарымызға тағы бір бауырластық сәлемімізді жолдаймыз. Себебі біз, осы өзендердің аяғында жатқан Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан, судың тапшылығын барынша сезіп отырмыз. Бұл – миллиондаған адамның өмірі. Сондықтан аталған мәселелерді біз бірлесіп шешеміз деп сенемін», – дейді Н.Назарбаев. Президент «Аралды құтқару» халықаралық қорына төрағалық ететін Өзбекстанның осы саладағы жұмысқа жаңаша серпін беретіндігіне сенім білдірді.
Өзбекстан Тәжікстан мен Қырғызстанның бастамаларына қарсы
И.Каримов Сырдария мен Әмудария өзендері бойында қалыптасқан жағдайды Қырғызстан мен Тәжікстан ушықтырып отыр деп санайды. Оның айтуынша, бұл елдер трансшекаралық өзендерді энергетикалық әлеуетін көтеру үшін пайдалануды көздейді. Осының салдарынан басқа көрші мемлекеттерге су бірқалыпты таралмайды. «Олар Сырдария мен Әмударияның трансшекаралық өзендер екендігін ұмытқан сияқты. Ел ішіндегі өзендер болса шаруамыз жоқ. Ал трансшекаралық сулар болғаннан кейін, оны халықаралық шарттарға сай пайдалану қажет. Ол үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының төрт бірдей конвенциясы бар.
Неге ол мәселеге соншама көңіл бөлінеді дейсіз ғой. Себебі бүгінгі сарапшы мамандардың болжамына сәйкес, су ресурстары болашақта үлкен проблемаға айналып, оның төңірегінде мемлекетаралық байланыстар ушығып отырады», – дейді И.Каримов. Оның сөзіне қарағанда, Орталық Азияда қалыптасқан бүгінгі жағдай мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты қиындатып қана қоймай, соғысқа да апаруы әбден мүмкін. «Сондықтан трансшекаралық өзендерді пайдаланған кезде көрші елдердің келісімін ескеру қажет. Бұл – біздің нұсқауымыз емес, ол әлемдік қауымдастықтың шешімі. Осы орайда Сырдария мен Әмудария, әсіресе Сырдария өзені бойында ғасырлар бойы өмір сүріп жатқан миллиондаған қазақ пен өзбек халықтарын ұмытпау қажет. Сондықтан осы жағдайды ескермей, қандай да бір жоспарлар жасалып жатқан кезде біз тыныш жата алмаймыз», – деді Өзбекстан елінің басшысы. Осыдан кейін И.Каримов Қырғызстан мен Тәжікстанның ортақ су ресурстарын пайдалану саласындағы жоспарларын ашып берді. Бүгінде Қырғызстан Сырдария өзені бойында «Қамбар ата – 1» жылу электрстансысын салуды жоспарлап отыр. Биіктігі 275 метр болатын алып құрылысқа 5 млрд доллар жұмсалмақшы. Ал Тәжікстан «Рогун» ЖЭС-ін салуды жоспарлап қойған. Су бөгетінің биіктігі – 350 метр. «Бұл әлемдегі ең биік бөгет болмақ. Олар Гиннесстің рекордына жетуді көздейді-ау деймін. Бірақ бұл жерде рекордтар емес, адам өмірі мәселесі тұр ғой. Ал америкалық сарапшылардың хабарлауынша, «Қамбар ата – 1» және «Рогун» құрылыстары салынатын аймақта жердің тектоникалық (жер қатпарының қозғалуы – авт.) қаупі жоғары. Бізде нақты мәлімет те бар. Мәселен, соңғы жүз жылда «Қамбар ата – 1» жерінде 9-10 баллды аса қатты жер сілкінісі болған. Ал осы құбылыстың алдағы жүз жылда қайталанбайтынына кім кепіл бере алады? Сол кезде ол бөгет жарылып, «Тоқтағұл» қоймасындағы сумен бірге лап ете түседі. Қазірдің өзінде олар қыста, бізге мүлдем керек емес уақытта артық суды жіберген кезде Шардарада не болып жатқанын өзіңіз жақсы білесіз. Қызылорда облысының ауылдары судың астында қалып отырады. Бұл – реттелетін судың көлемі. Ал техногендік апат жағдайында не болатынын болжай беріңіз», – деп И.Каримов бәрімізді ойға қалдырды. Өзбекстан басшысы аталған құрылыстарды бастаудың алдында халықаралық сараптама өткізуді ұсынды.
Ауғаннан әскер шығару мәселесі талқыланды
Н.Назарбаев пен И.Каримов Ауған жеріндегі жағдайды да талқыға салды. Осы орайда Өзбекстан Президенті былай деп өз ойын сабақтады: «Орталық Азия аймағында келіспей жатқан әлемнің ірі державаларының көзқарастары туралы бәрі біледі. Оны былай да анық байқауға болады». Оның ойынша, ISAF (Қауіпсіздік жөніндегі халықаралық күштер – авт.) атты бітімгерлік күштер Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін кейбір жағдайларда ушығып, сан алуан қарама-қайшылықтар туындауы мүмкін. Осы ауған мәселесінің кесірінен кезінде Өзбекстанның опық жеп қалғаны белгілі. 1999 жылы өзбектер Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан бас тартып, Ауғанстандағы әскери операциялары үшін АҚШ-қа Карши-Ханабад әскери базасын берген еді. 2005 жылы болған Әндижандағы қанды оқиғалардан кейін АҚШ пен Еуропаның сынына ұшыраған ресми Ташкент Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының қатарына қайта кіруге өтініш берді. Сол кезде АҚШ Карши-Ханабад базасын тастап кетуге мәжбүр болды. 2008 жылы И.Каримов Еуразиялық экономикалық қауымдастықтан шығатынын мәлімдеді. Ал ағымдағы жылы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының мүшелігінен толығымен бас тартты. Саяси сараптама халықаралық институтының директоры Евгений Минченконың айтуынша, Өзбекстанның өз мүшелігін тоқтатуы ұйым қызметіне әсер етпеуі тиіс.
Тауар айналымы екі есе артады
Сонымен, Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримовтың ресми сапары бойынша екі елдің басшылары бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасында реадмиссия туралы үкіметаралық келісімге және оны іске асыру тәртібі туралы орындау хаттамасына қол қойылып, 2000 жылы 7 шілдедегі екі ел үкіметтері арасындағы азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама бекітілді. Оған қоса, 2006 жылғы 4 қыркүйектегі Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу қосындары жөніндегі келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойылды. Бұған дейін кездескен сыртқы істер министрлерінің 2012-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойғандығын да ерекше атап өткен жөн. Биыл қазан айында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды орнатқанына 20 жыл толады. «Тәуелсіздік жылдары екі ел арасында келісімшарттың мол қоры қалыптасты. Біз 100-ден астам құжатқа қол қойдық. Осы жолы біз барлық құжаттарды түгендеп, керек емес құжаттарды алып тастап, жетіспей жатқан келісімдерді қосуды ұйғардық», – деді Н.Назарбаев. Өткен алты айдың ішінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 925,6 млн долларды құрады. Екі елдің Президенттері бұл көрсеткішті екі есе ұлғайтуды көздеп отыр. Өз сөзінде Өзбекстан елінің басшысы «келісіп пішкен тонның келте болмасын» ашық білдірді. «Меніңше, керек кезде бізге жиі кездесіп тұру қажет. Себебі бүгінге дейін біраз мәселелер жиналып қалады да, кейін оны шешу қиынға соғады. Орталық Азияның өз ішінде және оның айналасындағы жағдайды ескерсек, осы жолғы жеке және кеңейтілген құрамдағы кездесулердің жөні бөлек болды. Қазіргі алмағайып заманның қитұрқы жағдайларына қарамастан, біз ортақ мүдде үшін жұмыс істеп, екіжақты байланыстарды күшейтетін боламыз деп сенемін», – деді И.Каримов.