«Отан сақшысы – Часовой Родины» газеті 70-ке толды
Сонау 1943 жылдары Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлердің рухын жанып, жақсылықтың жаршысы болған «Отан сақшысы – Часовой Родины» газетінің шыға бастағанына биыл 70 жыл толды. Бүгінде сол ҚР ҰҚК Шекара қызметіне қарасты «Отан сақшысы – Часовой Родины» газеті әскери журналистиканың игі дәстүрін жалғап, осыдан 70 жыл бұрын көтерген жалауын төмен түсірмей келеді.
Мұрағатта сақталған газет тігінділерін ақтарыстырып отырып, басылымның сол кездің өзінде мыңдаған жауынгердің рухын көтергеніне көз жеткізуге болады. Ең алғаш «Қазақстан шекарашысы» («Пограничник Казахстана») атауымен жарық көріп, 1954 жылдың 30 сәуірінде «Часовой Родины» болып өзгертілген басылым Қызыл Тулы Шығыс шекара округінің жетістіктері мен ерліктерін жариялауда ерен еңбек етті. Тіпті Кеңес Одағы деңгейінде ақпарат тарататын салиқалы басылымға айналды. Еліміз Тәуелсіздігін алып, Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында ана тіліміз қанатын кеңге жая бастаған тұста, яғни 1994 жылы сол кездегі ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры генерал-лейтенант Болат Сейітқазыұлы Зәкиевтің қолдауымен басылым «Отан сақшысы – Часовой Родины» деген атауға ие болып, жаңа сипатта екі тілде жарық көре бастады. Осылайша басылым мемлекеттік шекараны күзету саласындағы қазақ тілінің дамуына да сүбелі үлес қосты. Сол жылдары қатарға жаңа қосылған қазақтың жас журналистері Бірлік Ақшолақов, Кенжебек Сейтмұхаммедов, Тамара Дәулетбаевалар осы саладағы мемлекеттік тілдің мәртебесінің биік болуына ықпал ететін мақалалар жазып, газетке тың серпіліс әкелді. Басылым қазақша жазылған мақалалардың санына ғана емес, сапасына да көп мән беріп, елімізде кенже қалған әскери журналистиканың көшін өрге сүйреуге тырысты. Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты, запастағы полковник Сағидолла Сиқымбаев сынды тұлғаларымыз басылым бетінен жаңа айдарлар ашып, әскери журналистиканы дамыту бағытында тыңнан түрен салды. Халықаралық «Золотое перо границы» сыйлығының лауреаты, полковник Нұрлан Сағымбаев газетіміздің көп жылдар бойы басқарып, әскери салада қалам тербейтін қазақ журналистерінің шоғырын қалыптастырды. Бүгінде аталған әскери басылымның тізгінін қаламы қарымды қаламгер, подполковник Кенжебек Сейтмұхаммедов басқарып отыр. Кенжебек Сейтмұхаммедов журналистиканың қара қазанында қайнаған басылымды шығарып қана қоймай, әскери салада өзекті, оқылымды мақалалар жазып, жастарға үлгі көрсете алып отыр. Оны аға буын өкілдерінің ізін басып, әскери журналистиканың көшін жалғап келе жатқан жас журналистердің атын атау арқылы дәлелдей аламыз. Олар: капитандар Р.Кагенов, А.Әубәкіров, Н.Сахов, Г.Алшынбекова,
Қ.Тұрапов, лейтенант Д.Сеитов және кіші сержант М.Қасабековалар. Жас та болса қаламы қарымды осы тілшілер бүгінгі таңда газетіміздің мерейін өсіруге атсалысып келеді. Тағы бір атап өтерлігі, газет ардагері, Халықаралық әдеби байқаудың иегері Е.Грасевич те өзінің мол тәжірибесін жастарға үйретуден аянып қалған емес. Осындай мол еңбектің арқасында биыл басылым басшысы Кенжебек Сейтмұхаммедов 2013 жылғы ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атағын иеленіп, ұжымның мерейін асқақтатып тастады. Сөз соңында ұлттық қауіпсіздігіміздің күре тамыры саналатын мемлекеттік шекараның ыстығына күйіп, суығына тоңа білген газетіміздің ғұмырлық жылдары мен өмірлік жолдары ұзақ болғай демекпіз!
Д.СЕЙІТОВ, лейтенант