Өлейін десең – жан қымбат, өлмейін десең – дәрі қымбат
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақ елін дәрі-дәрмегі қымбат елдердің қатарына қосты. Аталмыш халықаралық ұйымның мәліметінше, біздің елдегі дәрі-дәрмек бағамы Армения, Молдова, Украина, Беларусь, Қырғыз және Ресей елдеріндегіден де аспандап тұр. Мысалы, Армения өзінің халқын дертінен жазып алу үшін сатылымға түсетін дәрі-дәрмегіне 7,1 пайыз ғана үстеме қосса, Украинада бұл көрсеткіш – 5,5 пайызды, Ресейде – 7,5 пайызды, Қырғыз елінде 6,2 пайызды құрайды. Ал бізде сатылымға түсетін дәрі бағамына қосар үстеме баға 10-20-30 пайызға дейін жетіп үлгерген. Мұны ескерген арнаулы мамандар елдегі дәрі-дәрмек бағамына мемлекеттік бақылау қойылуы керектігін алға тартуда. Ендеше, мәселені тарқатып көрелік.
Шектік баға белгіленгені жөн
Жалпы, дәрі-дәрмек бағасының қымбаттығы, қажетті емін алу үшін қайсыбір дәрілерге әлеуметтік жағдайы төмен таптың қолы жете бермейтіндігі, тіптен тегін берілуі тиіс дәрілердің саудаға түсіп кететіндігі айтудай-ақ айтылып жүр. Десе де, тиісті орындар осы уақытқа дейін дәрі бағамына шектік баға белгілеу жайына аса мән бере қоймады. Ал кеше еліміздің Бәсекелестікті қорғау агенттігінің өкілдері: «Тиісті реттеусіз дәрі-дәрмекті нарыққа шығару өте қиын. Қазірде еліміздегі фармацевтикалық компаниялар мен дәріханалар дәрі-дәрмектің бағасын еселеп көтеруде. Бұл әрекет импорт препараттарын өндірушінің бағасынан үш-төрт есеге қымбат болуына әкеліп соғып отыр. Бір дәрі сатылғанға дейін, орташа алғанда, 5-10 делдалдың қолынан өтуі ықтимал. Мәселен, бір ғана эффералган упсаны өндіруші зауыт Delta Medical Prootions AG-тің сатылым бағасы –149,88 теңге, дәріханалар халыққа оны 450-590 теңгеге сатады. Бір бұл емес, қаншама дәрінің бағамы сатылымға түскенде еселеп өсіп шаға келеді. Сондықтан дәрі-дәрмек бағасын реттеуді мемлекет өз қолына алған жөн», – деді. Мұндай бастаманы сарапшыларымыз да оң көріп отыр.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, сарапшы маман:
– Жеке құрылым болғандықтан, препараттарға біреуі – 10, енді бірі 20, 30 пайыз үстемеақы қосуы мүмкін. Оларға бұл тұрғыда ештеңе айта алмайсыз. Қандай да бір шара қолдану үшін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске түзетулер енгізгеніміз жөн. Сол арқылы дәрілерге мемлекеттік реттеу орнату керек. Әсіресе мемлекеттен тегін берілетін дәрілерге бақылауды күшейткен абзал. Мысалы, Үкімет тегін берілуі тиіс дәрілермен халықты қамту үшін қаншама қаржы жұмсайды. Әттеген-айы сол – тегін дәрілердің өзі кейде сатылымға шығып кететін жайттар жиі кездеседі. Бұл салада түйіні көп мәселелер жетіп-артылады. Сондықтан болашақта бақылау орнату үшін кодекске арнайы өзгерту енгізіп, мемлекеттік реттеу қажет.
Жалған дәрілер жапа шектіріп жүр
Абзалында, дәрі-дәрмек жайын сөз еткенде жалған дәрілер назардан тыс қалмауы керек. Бұл жайында мамандарымыз «елімізге елеусіз еніп кететін жалған дәрілерден түсетін табыс көзі есірткі айналымынан түсетін пайдадан асып түседі» деседі. Мысалы, ресми деректерге жүгінсек, әлем бойынша 1,5 млн адам осы жалған дәрінің салдарынан көз жұмады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жалған дәрілердің 47 пайызын антибиотиктер құраса, 18 пайызын психотроптық заттар құрайды, ал қалған 35 пайызы қолданыста көп пайдаланылатын, халықтың сұранысына ие өнімдерге тиесілі. Мамандарымыз бұған қатысты сырттан келетін дәрі-дәрмек атаулыға кедендік бақылауды күшейтуді жөн санайды.
Қорлан АБСАЛЫҚОВА, химик-ғалым:
– Жалған дәрі индустриясы гормондық дәрілерді, белсенді биологиялық қоспаларды да шарпыған. Сондай-ақ поливитаминдердің құрамында 15 дәрумен және басқа да минералды заттар бар деп көрсетіледі. Өкініштісі, мұның басым бөлігі зертханалық тексеру барысында химикаттар болып шығады. Мұндай көп компонентті препарат адам ағзасына оңай сіңе қоймайды. Жалған дәрі бизнесімен айналысушылар көбінесе бренділік дәрілерді жасауды жөн көреді. Зерттеулер көрсеткендей, жалған дәрілер құрамының 20 пайызы ғана дәрілік сәйкес элементтерден тұрса, қалғаны бор, әк ұнтағы секілді заттардан жасалатыны анықталған жайттар да кездескен-ді. Өз басым халықтың денсаулығымен ойнап, осылайша қылмысқа жол беріп жүргендерге жазаны күшейту керек деп ойлаймын. Қажет десеңіз, Молдова елінде дәрі-дәрмек атаулының жарнамасын асырып, мақтағаны үшін заң алдында жауап береді. Молдова үкіметі былтыр дәрілердің жарнамасына вето жариялап, жарқыраған жарнамаға сеніп өзін-өзі емдейтін халықтың санын төмендетуді жөн көрді. Ал бізде тек қана дәріханаға барып, дәрі ала салып, өзіне-өзі ем жасаушылар республика халқының 92 пайызын құрап отыр. Сонда халықтың 8 пайызы ғана ауырған кезде дертіне ем іздеп дәрігерге барады. Ал қалған 92 пайызы өзіне-өзі ем жасайды. Міне, осылайша елде өзін-өзі емдеушілердің басым екенін пайымдасақ, біз дәрі-дәрмек саласына айрықша бақылау қоюымыз керек.
Расымен де, маман сөзінің жаны бар. Адамның ағзасы химикаттарды қабылдайтын зауыт емес екенін ескерсек, бізге бұл саланы бақылауға, шынымен де, білек сыбана кірісетін кезең жеткені анық сезілуде. Жалпы, бүгінде дәрі-дәрмектердің сапасы мен қауіпсіздігі – бүкіл әлемді мазалап отырған мәселе. Осындайда біздің бейқамдық танытып, бақылауды келістіре алмауымыз – тіптен орынсыз дүние.
Жазаны қатайтқанымыз жөн
Негізінде, біздің еліміз дәрі-дәрмек бағасының қымбаттығымен ғана емес, дәріні ең көп тұтынуда және оның жанама әсерлерін сауатты саралай алмауда да ТМД елдері бойынша алғашқы үштікті межелейді. Қалай десек те, бұл саладағы заңсыздықтар мен жауапсыздықтарға жүген салу мақсатында мамандар тарапынан ұсыныстар айтылмай жүрген жоқ. Соның бір парасы ретінде ірі қалаларда қаптап кеткен дәріханалардың санын шектеу; шекара асып келген дәрілерді жан-жақты талдайтын, зерттейтін веб-емханалар ашу; жалған дәрілік заттарды таратқандарға қомақты мөлшерде айыппұл салу мәселесін жиі көтеріп-ақ жүр. Бұл ретте «сапасыз-жалған дәріні сатылымға шығарған компанияларға Францияда, АҚШ-та 2 млн доллар көлемінде айыппұл салынса, Ұлыбританияның қылмыстық атқару жүйесі жазықтыларды дереу бас бостандығынан айыруға дейін барады. Бізге де осылай жазаны қатайтқан жөн» дейтіндер де баршылық. Жазаны қатайтамыз ба, әлде тек қана дәрі-дәрмек бағасына шектік баға тағайындаумен шектелеміз бе – оны алдағы уақыт өзі таразылар. Бірақ ұлттың саулығын ойласақ, бұл салада байыпты және лайықты бақылау орнатудың қажеттігі даусыз.