Нұржан – академик
Жазушы, ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, «Шығыс ақпарат» медиахолдингінің бас директоры, Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Нұржан Қуантайұлы жақында Журналистика академиясы жалпы жиналысының шешімімен осы академияның толық мүше – академигі болып сайланды.
Нұржан Қуантайұлы 1971 жылы 22 қаңтарда бұрынғы Семей облысындағы Көкпекті ауданының Үлгілі ауылында туған. 1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін үздік бітірген. 1993-1994 жылдары Қазақ радиосында аға редактор, шолушы, 1995-1996 жылдары Қазақстан Журналистер одағына қарасты Журналистерді қолдау қорының вице-президенті, 1996-2000 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетінде аға оқытушы, доцент, 2000-2002 жылдары республикалық «Жас Алаш» газетінің шолушысы, 2002-2004 жылдары «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы, 2004-2005 жылдары республикалық «Айқын» газетінің саяси шолушысы, 2005-2009 жылдары республикалық «Алматы ақшамы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 2009 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысындағы «Шығыс Ақпарат» медиахолдингінің бас директоры. Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы. Республикалық «Отүкен» журналының бас редакторы. Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты.
2000 жылы «Жүсіпбек Аймауытовтың көсемсөз мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. «Алашорда баспасөзі және Жүсіпбек Аймауытов» атты монографияның, «Адырна», «Күмбір» атты поэзиялық және «Қараөзек», «Қолшатыр» атты прозалық кітаптардың авторы.
Әріптесімізді «Академик дипломымен» шын жүректен құттықтаймыз, жаңа шығармашылық табыстар тілейміз!