Насыбай атуға тыйым салынады
Таяуда Қазақстанда насыбайды тұтыну мен таратуға тыйым салынады. Бұл туралы кеше ҚР Ішкі істер мен Білім және ғылым министрліктерінің бірлесуімен ұйымдастырылған он-лайн конференция барысында белгілі болды.
ҚР ІІМ мамандарының айтуынша, насыбайдың құрамындағы заттар айналымы мемлекет бақылауына алынған заттарға жатпайтынына қарамастан, таяу арада насыбайды сатуға және тұтынуға тыйым салынады. Бұл бағыттағы шаралар қазірден қолға алынып жатыр. Тәртіп сақшылары мұны насыбайдың денсаулыққа келтірер кері әсерінің көптігімен түсіндіреді. «Оның құрамына темекі, әктен бөлек, тауықтың саңғырығы және басқа жануарлардың нәжісі қосылатыны белгілі. Темекі мен әк асқазан жарасына әкеп соқтырып қана қоймай, қатерлі ісік тудыруы мүмкін. Ал түрлі микробтар мен паразит жұмыртқаларына бай құстар мен жан-жануарлардың қиы инфекциялық ауруға душар етеді. Сол себепті қазір насыбайдың Қазақстанда таралуына тыйым салу мәселелері қолға алынып жатыр», – дейді министрлік өкілдері. Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын Түрікменстан Президентінің бұйрығына сәйкес, насыбайды қоғамдық орындарда, оның ішінде мемлекеттік мекемелер, ірі компаниялар және оқу орындарында тұтынуға тыйым салынған болатын. Заң бұзғандарға ірі көлемде айыппұл салу қарастырылған. Жалпы, кешегі өткен «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы және олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету» тақырыбындағы интернет-конференцияға тұрғындардан екі жүзге жуық сұрақ келіп түсті.