"Миы шайқалған": Ақтөбеде екі жасар ұлы балабақшадан соққы алған ана әділдікті талап етуде
Айжан Жақсымұратованың екі жасар ұлы Ибрагим 12-шағын аудандағы "Әмір" балабақшасына барады. 8 желтоқсанда бүлдршін балабақшадан беті көгеріп оралған. Мұғалім баланың басын есікке соққанын айтқан. Ал сол күні кешке Ибраһим ерте ұйықтап қалып, түнде қатты ауырып оянған. Жұма күнінен бастап күдіктенген анасы баласын балабақшаға апармай қауіпсіздік камерасынан түсірілген бейнелерді көруді сұрай бастаған. Бірақ балабақша басшылығы видеоны "техникалық ақауларға байланысты" көрсетуден бас тартқан.
Кейін ауруханада Ибрагимге миы шайқалған деген диагноз қойылып, анасы мен баласы травматология бөлімінде емделген.
Айжан оқиғадан бері үш айдан астам уақыт өтсе де күні бүгінге дейін оның ісінде ілгерілеушілік жоқ екенін алға тартты. Сөзінше, тіпті істі тергеуді тоқтату үшін бірнеше рет қомақты ақша ұсынған. Алайда ол ақшаны алудан бас тартқан. Ана ұлына не болғанын, тек шындықты білгісі келетінін, әділдікті қалайтынын айтты.