Мирболат Құрмашев Алматыда жер қойнына тапсырылды: Інісі, достары, министр Мусин естелігімен бөлісті
Түркияда зілзала кезінде қаза болған Мирболат Құрмашевті Алматыда туған-туыстары мен достары ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Мирболат Құрмашевтің жаназасы Алматыдағы «Райымбек батыр» мешітінде оқылды. Ақтық сапарға шығарып салуға оны танитын, бірге оқып, қызмет еткен туған-туыстары, достары, әріптестері келді.
Мирболат 2020 жылы жұмыс бабымен Түркияға өз жобаларын іске асыруға кеткен. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне марқұмның туған інісі Алмат Құрмашев айтып берді.
«Біз отбасында екеуміз. Мирболат 2020 жылы жұмыс бабымен Түркияға кеткен еді. Онда өзінің жобалары, стартаптары болды. Ол соңғы уақытта кәсіпкерлікпен айналысты. Алдағы мақсаты өз жобаларын ұлғайту еді. Оның артында екі баласы мен әйелі қалды. Ағам Түркияда із-түзсіз жоғалғанын білген кезде, достарымды жинап, Түркияға барамыз деп шештік. Ол жаққа барып қайғылы жағдайға куә болдық. Үйлердің бәрі қираған. Олардың астынан біреуді алып шықпақ тұрмақ, біреуді іздеп табудың өзі қиын. Жаратқанның көмегімен біз оның денесін тауып, үйінді астынан шығардық», - деді Алмат.
Ол сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігіне тиісті құжаттарды рәсімдеп, ағасының денесін Түркиядан алып келгеніне көмектескені үшін алғысын жеткізді.
Мирболатты ақтық сапарға шығарып салушылар арасында оның курстас-досы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин де болды.
«Мен оны 2000-ші жылдан бері танимын. Университетте бірге оқыдық. Мирболаттай адамдар аз кездеседі. Біз кейде оның идея, ойларын түсінбейтінбіз. Ол ойына келген идеясы немен аяқталатынын жақсы біліп тұратын. Біз оның идеясының іске асуына тек қолдау көрсететінбіз. Шын айтқанда, оның өмірден өтуі біз үшін, Қазақстан үшін үлкен қайғы болды. Ол тек өз елінің патриоты болған жоқ. Ол еліміздегі көп нәрсені жақсы жаққа өзгерткісі келді. Мысалы, Astana Hub халықаралық ірі технопаркты құру идеясы алғаш пайда болған кезден бастап, ол бұл істің басы-қасында жүрді, оның дамуына үлкен ықпал етті. Оның ары қарай дамуы үшін өз ойларын айтатын.
Оның сондай-ақ Digital Agent қосымшасы туралы идеясы елімізде электрондық үкіметтің дамуына ықпал етті, халықпен кері байланыс орнатуға үлкен көмегін тигізді. Жаңа халыққа қызмет көрсету орталықтарының концепциясын әзірледі. Маған да көмегін көрсетті. Жаңа ХҚКО-лардың дизайн-кодтарын жасап шықты», - деп еске алды Бағдат Мусин.
Тағы бір курстасы Арман Ахмеджанов онымен АҚШ-қа бірге барып, бірге жұмыс істегенін айтты.
«Мен Мирболатпен 2000 жылы SDU университетінде таныстым. Біз онымен бірге Work and Travel бағдарламасы бойынша АҚШ-қа барып, мейрамханаларда, қонақүйде, тіпті, құрылыста да бірге жұмыс істедік. Кейін мен АҚШ-та қалдым, ал ол веб-дизайнер болып жүріп, өзінің бухгалтерлік компаниясын ашты. Негізі ол уақыттың алдында жүретін адам болды. Біз АҚШ-та жүрген кезде, ол Американың құрылыс компанияларына болашақтың жобасын таныстырып үлгерді. Біз оны Мирус деп атайтынбыз, себебі, ол өзі солай атауын қалайтын. Оның мінезі жұмсақ болды. Адамдармен ортақ тіл тауып, оларды басқара алатын. Адамдарға үнемі шабыт беретін. Оның ізінен ерген шәкірті көп болды. Олармен өзінің тәжірибесі, білімі, бизнес жобаларымен бөлісетін, курстар өткізетін. Мирболаттың өмірінде әртүрлі қызықты хикаялар көп болды. Ол өмірден ләззат алатын. Оның Түркияда үйінді астында қалғанымен, оның аман-есен табыларына соңына дейін үмітімді үзген жоқпын. Оның қазасы бәрімізге үлкен шығын болды», - деді Арман Ахмеджанов.
Мирболат Құрмашевтің сыныптас досы Әлімжан Игембаев та өз естелігімен бөлісті.
«Мен Мирболатпен Шымкентте Қазақ-түрік лицейінде бірге оқыдым. Бір бөлмеде тұрдық. Бірге республикалық Олимпиадаға барып, қатыстық. Балалық шағым бірге өтті. Мектеп бітірген соң Мирус IT саласына кетті. Жалпы, Мирболат өте алғыр, еңбекқор, күндіз-түні аянбай еңбек ететін еді. Көңілі ашық, қолында барымен бөлісетін жігіт еді.
Өз ұлтын қатты жақсы көретін. Қазағым десе тік тұрып қызмет етуге дайын еді. Бірақ тағдырдың жазуы осылай болды. Кейінгі қызметінде де көрдік, үлкен жетістіктерге жетті, үлкен компаниялар құрды. Жақсылығы өте көп болды. Бізге, яғни, сыныптастары, достарына оның көп көмегі тиді. Қазір қимастықпен келіп тұрмыз. Тағдыр ғой. Ол Түркияға екі ай бойы әне-міне барамын деп жүріп, дәл сол барған күні қайғылы жағдай болды. Құдай ісі, біз оған қарсы ештеңе істей алмаймыз. Қайғырып ата-анасына, отбасына көңіл айтамыз. Бүгін сыныптастары, достары жан-жақтан келіп, соңғы сапарға шығарып салуға келіп тұрмыз», - деді марқұмның сыныптасы Әлімжан Игембаев.
Еске салсақ, біз бұған дейін Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті Мирболат Құрмашевтің Түркияда жоғалып кеткенін хабарлаған едік. Жер сілкінісінен кейін Мираспен байланыс үзілген. Ағасы Алмат Құрмашевтің айтуынша, зілзала кезінде ол Түркияның Хатай қаласында болған. Кейін Мирус Құрмашевтің тағы үш әріптесі байланысқа шықпай қалды. Оның екеуі қазақстандықтар және бірі – Түркия азаматы. Оның ішінде Сабина Мамадьярова аман табылды, ал Әділ Қадірбековтің денесі үйінді астынан табылды. Үшінші адам - Түркия азаматы да мерт болды.