Көші-қон саясаты: қандастардың көшіп келуіне қандай жағдай жасалады?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қазақстанның көші-қон саясатының жаңа Тұжырымдамасын әзірледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы 2022 жылы 1 қыркүйекте жасаған Халыққа Жолдауында көші-қон саясаты түбегейлі өзгеретінін мәлімдеді.
«Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ, жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды.
Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Халыққа жолдауында.
Бүгінде көші-қон саясатын төрт мемлекеттік орган (ІІМ, СІМ, Еңбекмині, ҰҚК) және жергілікті атқарушы органдар іске асырады. Бұған дейін барлық көші-қон процесін қамту мен осы саясатты іске асыратын мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйлері арасында байланыс болмаған.
Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен биылғы 1 қаңтардан бастап Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінехалықтың көші-қоны саласындағы қосымша 22 функция берілді. Осыған орай, көші-қон саласында мемлекеттік саясатты тиімді іске асыру және үйлестіру бойынша басты орган - Еңбек министрлігінің Көші-қон комитеті құрылды.
Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын Үкімет 30 қараша күні беҮкіметпен бекітті. Жаңа Тұжырымдама еліміздің көші-қон саласын реттеуді және экономикалық дамуын кадрлық жағынан қамтамасыз етуді көздейді. Оның аясында атқарылатын жұмыстардың 3 блогы айқындалды.
елімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыру;
шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғау;
өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті жою.
Сондай-ақ, елімізге ең тапшы мамандықтар бойынша 500 мықты маманды тарту үшін 7 бағытта жұмыс жүргізіледі.
«Бірінші бағыт – Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыруды көздейтін білім беру иммиграциясы. Бұл бағыттағы жұмыс жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамын күшейтуге және білім беру сапасын арттыруға арналған. Ол үшін 100 үздік оқытушы мен сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды Қазақстанға тарту ұсынылады. Бұл мақсатта он жылдық «Ғылыми-педагогикалық виза» берудің оңайлатылған тәртібі енгізіледі. Соның негізінде Қазақстанда тұрақты тұруға ықтиярхат, кейіннен азаматтық алу мүмкіндіктері қарастырылады. Дәл осындай мүмкіндікті тапшы мамандықтар бойынша оқитын шетелдік студенттер қатарынан магистранттар мен бакалаврларға да беру қаралады», - деді Көші-қон комитеті Төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында.
Ал екінші бағыт бизнес-иммиграциямен байланысты. Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мемлекеттері тәжірибесіне сүйене отырып, Еңбек министрлігі инвестициялық виза берудің төменгі шегін енгізбек, оның құны 300 мың АҚШ долларына дейін төмендейтін болады.
«Осы санаттағы мигранттар үшін «Инвесторлық виза» енгізу ұсынылады. Бұл виза елде тұруға, бизнесін тіркеуге, мүлікке иелік етуге, жұмыскер жалдауға, қаржы төлемдерін жасауға және олардың кәсіпкерлік қызметінен туындайтын өзге де операциялар жүргізуге толық мүмкіндік береді», - деді Испанов.
Үшінші бағыт аясында елімізде тапшы әрі сырттан жиі шақырылатын мамандықтар түрі бойынша шетелден 100 үздік маманды өзімізге тарту көзделеді. Ол үшін Қазақстанда тұруға ықтиярхат беру қаралған «Бағалы дағдылар визасы» болады.
Бұдан бөлек, мигранттардың жұмыс орнына қатаң бақылау орнатылады. Айта кететін жайт, 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстан аумағында жергілікті атқарушы органдар рұқсатымен 14 957 шетелдік жұмыс жасайды. Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 500 адам, Үндістан – 1 731 адам, Түркия – 1 642 адам, Өзбекстан – 1 344 адам, Ұлыбритания – 1 112 адам.
«Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбекмині жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және оны бөледі. Осы жылдың қаңтар айында Еңбекмині ШЖК тартуға арналған квотаны бұрынғы жоспарланған 28 352 бірліктен 21 097 бірлікке дейін, яғни 7 255 бірлікке (25%) қысқартты. Үй шаруашылығында еңбек иммигранттарын тартуға 2022 жылы бекітілген ковта саны 300 000 бірлікті құрайды. 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдармен 268 536 рұқсаттама берілді», - деді Көші-қон комитеті Төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов.
Ал этникалық көші-қонды реттеу жұмыстары төртінші бағыта қарастырылған. Испановтың айтуынша, бұл бағыт бойынша негізгі екі мәселе бар.
«Біріншісі – шетелде тұратын этникалық қазақтардың әлеуетін пайдалану. Осы мақсатта «Ата жолы» картасын (американдық Грин картаға ұқсас) енгізу ұсынылады. Аталған құжат жоғары деңгейдегі кәсіби маман немесе өз елдерінде бизнес-кейстерді сәтті іске асырған әрі оларды Қазақстанда жүзеге асыруға ықылас білдірген ұлты қазақ азаматтарға берілетін болады. Тарихи Отанын дамытуға қосқан үлесі үшін оларды жыл сайынғы «Парыз» байқауы аясында Президент сыйлығымен марапаттауды ұсынамыз», - деді ол.
Ал екінші мәселе елге келетін қандастардың көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіруге негізделген. Яғни, бұл орайда құжаттарды ресімдеудің алғашқы кезеңінде қандастарды еңбек күші тапшы өңірлерімізге қоныстануға қосымша ынталандыру ұсынылады.
Бесінші бағытта босқындармен жұмыс мәселесі қарастырылады. Бұл Еңбек минситрлігінің қарауына берілген жаңа бағыт.
«Министрлік уәкілетті органдармен бірлесіп, ұлттық заңнама нормаларын Біріккен ұлттар ұйымы стандарттарына сай сәйкестендіру (имплементация) бойынша ұсыныстар әзірлейтін болады», - деді Ілияс Оспанов.
Құжаттың алтыншы бағыты – еңбек мигранты ретінде Қазақстан азаматтарының шетелге шығуына қатысты. Бұл әлемдік тәжірибе болғандықтан, бүгінде Үкімет мұндай шешім қабылдаған қазақстантандықтарға шектеу қоя алмайды. Десе де шетел асқан азаматтарымыздың құқықтары тиісті деңгейде қорғаулы керек.
«Біздің міндетіміз – өз азаматтарымыздың құқықтарын қорғау. Осы мақсатта қазақстандық еңбек мигранттары барынша көп шоғырланған елдермен құқықтық қорғауға кепілдік беретін мемлекетаралық келісімдер пакетін жасауды ұсынамыз. Осы келісімдерге сәйкес, Сыртқы істер министрлігінің шет елдердегі құрылымдары Қазақстан азаматтарының құқығын қорғайтын болады», - деді Көші-қон комитеті Төрағасының міндетін атқарушы.
Жетінші бағыт – еңбек күшінің тапшылығы бар өңірлерге ішкі ұтқырлықты ынталандыру.
Бұл ретте азаматтарды көшіп барған жерінде жұмыспен қамту және баспана алуына мүмкіндік жасау қарастырылады.
«Жұмыс орындарын ашу бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылатын болады:
бірінші – жергілікті жұмыс берушілер есебінен жаңа жұмыс орындарын құру;
екінші – солтүстік өңірлерге еліміздің басқа аумақтарында табысты іске асырылған жобаларды, сондай-ақ Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту тәжірибесін трансферттеу және оның ауқымын кеңейту;
үшінші – қандастар мен қоныс аударушыларды гранттар бере отырып оқытуын ұйымдастыру, кейіннен жұмысқа орналасуына жәрдемдесу;
ал баспана мәселесін шешу үшін тұрғын үй құнының 50% мөлшеріндегі шығындарын өтеуге мүмкіндік беретін экономикалық ұтқырлық сертификаттарын тапсыру (жұмыс беруші оларға арналған жұмыс орны бар екенін растаған жағдайда) көзделіп отыр», - деді Испанов.
Айта кететін жайт, 2022 жылға бекітілген квота саны 8 086 (1 499 қандастар және 6 587 қоныс аударушылар). 1 желтоқсанға дейінгі статистика бойынша, квота 7 552 адамға (1 235 қандас және 6 317 қоныс аударушылар) беріліп үлгерді, бұл өз кезегінде жылдық жоспардың 93,4% құрайды. Сондай-ақ, жұмысқа қабілетті 3 485 адам ішінен 2 447 адам, яғни 70% тұрақты жұмысқа орналасты.
Сонымен қатар, көші-қон ағынын есепке алу үшін көшіп-қонушылардың 13 бағыты бойынша бірыңғай ақпараттық жүйе құру ұсынылды.
Бұл шара:
мемлекеттік шекарадан өткен Қазақстан және шетел азаматтарының келу мақсаты мен тұру мерзімін біріңғай есебін жүргізуге;
«бір терезе» қағидаты арқылы көші-қон үрдістерінің 13 бағыты бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Азаматтар мобильдік қосымша арқылы қызметтерді сатылы түрде онлайн алатын болады;
бюджетке салық түсімдерінің есебін жүргізуге;
жұмыс берушілердің кадрлармен жергілікті қамтуын сақтауды бақылау;
шетелдіктердің медициналық қызметті алуын мониторинг жүргізуге;
Қазақстан Республикасы көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтауға мүмкіндік береді.
Еңбек министрлігі әзірлеген тұжырымдамасындағы бұл шаралар көші-қон саясатын тиімді «жаңғыртуға» және геосаяси өзгерістерді еліміз үшін анағұрлым ұтымды пайдануға мүмкіндік береді.