Киелі өнердің өшпес ізі
Астанадағы Тәуелсіздік сарайының Этнография залында XII-XX ғасырлардағы ұлттық қолөнер бұйымдары көрмеге қойылды. Көрме «Киелі өнердің өшпес ізі» деп аталады.
Аstana.kz порталының хабарлауынша, көнеден бүгінге дейін жеткен бұйымдардың арасында зергерлік әшекейлер, баскиім үлгілері, киім-кешек бөлшектері, жиһаздар, сандықтар, асүй құралдары мен басқа да тұрмыстық-шаруашылық бұйымдары бар. Ондаған ғасыр бұрын ерлер тұтынған былғары белбеулер мен арулар таққан күміс шолпылар халқымыздың өзіндік мәдениеті мен ұлттық болмысынан сыр шертеді. Бір ерекшелігі, бұл жәдігерлердің бәрін мұражайлар емес, бір адам жиып-терген. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қолөнер шебері, суретші, дизайнер, белгілі зергер Берік Әлібаев. «Зергерлік өнердің шебері қазақтың көне қолөнер бұйымдарын өзі жинаған. Ол шәкірт тәрбиелеп жүр, ұлттық зергерлік әшекейлерді өзі жасап қана қоймай, бұл киелі өнерді ізбасарларына үйретеді. Оның ұйымдастырған көрмесі ұлттық нақышымен құнды», – дейді Тәуелсіздік сарайының көрмелерді ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Тілеукеш Жалбасова.