Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын қалай қорғаймыз?

Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын қалай қорғаймыз?

Каспий – байлық... Каспий – тіршілік көзі... Каспий – геосаясат... Иә, кәрі теңіздің берері көп. Бірақ мол қазынаны ысырап қылмауды көл-дарияны тел емген бес елдің перзенті әсте естен шығармағаны жөн. Каспий теңізі экологиясының қазіргі кезде күрт нашарлап кеткені жиі айтылып жүр. Ал теңіздің Қазақстанға жататын солтүстік бөлігінде болашақта мұнай игерілсе, мәселе тіпті күрделене түсері сөзсіз. Көпшілік болса бұған сын көзбен, сақтықпен қарайды. Каспийге қандай тәжірибе жасалса да, көк теңіздің табиғатын сол қалпында сақтап қалу – басты міндет. Бізді де «Каспийдегі тіршілік дүниесін қалай сақтап қаламыз, биоресурстарға қандай қауіп бар» деген сауалдар алаңдатады. Негізінен, теңіздің экологиясына әсер ететін төрт фактор бар: табиғи, техногендік, биологиялық, браконьерлік. Енді осыларды шетінен тарқаталық.

Каспий тартылып, биоресурстар азайып барады
Каспий теңізі тартылып барады. Мамандардың айтуынша, теңіздің қазіргі деңгейі 27,77 метрді көр­сетіп тұр. Дәл осындай жағ­дай 1977 жылы байқалған. Ол кезде көк айдын­ның деңгейі 29 метр­ге дейін тартылған болатын. 1962 жылы теңіз деңгейі 28,51 метрге жеткен. Ал 1995 жылы, керісінше, теңіз деңгейі 29,77 метр­ге көтеріліп, құрғап кеткен жағалау түгел су астында қалған. Каспий теңізінің Қазақ­станға тиесілі бөлігін төрт гидро­ме­тео­ро­логиялық стансы мен сегіз бекет бақы­лайды. Теңіз деңгейін тұрақты бақы­лап отыр­ған зерттеушілер 2001 жылдан бастап теңіз деңгейі  27,77 метрден де төмендеп, тартылып келе жат­қанын байқаған.
Маңғыстау облыстық табиғи ресурс­тар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орын­ба­сары Орынбасар Тоқжановтың айтуынша, теңіздің тартылуынан жаға­лау­лар бір шақырымға шегініп кеткен. «Әсіресе бұл Каспийдің солтүстігінде қатты байқалады. Өйткені онда теңіз таяз, ең терең жері – 26 м, ал көп бөлігі 5 м болады», – дейді О.Тоқжанов. Оның үстіне, биоресурстар солтүстік және сол­түстік-шығыс Каспийде көп шоғыр­лан­ған. Теңіз тартылса, тіршілік иелерінің өмір сүру кеңістігі тарылатыны сөзсіз. Бұл айналып келгенде биоресурс­тардың азаюына әкеледі.
Жалпы, Каспий деңгейі әлемдік мұхиттардан 28 метрдей төмен орна­лас­қан, тереңдігі – 1025 метр.
                   Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Теңізге 130-дан астам өзен мен жыл­ға­лар келіп құяды. Зерттеушілердің айтуын­ша, Каспий тұйық теңіз саналады. «Ал көк айдынның жағадан шегініп кетуі – 70 жыл­да қайталанып отыратын табиғи құбылыс. Сондықтан биоресурстарға бәлендей әсер ете қоймайды» дейді тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақов. «Таби­ғи құбылыс бол­ған­дықтан, балықтар мен жануарлар әлеміне аса қауіп төнбейді. Одан биоресурс, яғни тіршілік әлемі толық­тай жойылады деген сөз емес», – дейді ол.
Ғалымдардың дерегіне сүйенсек, 1977 жылғы теңіз деңгейі төмендеген кезде Атыраудағы Сарқамыс, Маңғыстау түбе­гінің солтүстік жағалаулары бірнеше метр­ге қашықтап кеткен. Бұл жағдай тағы қай­та­ла­натын болса, ірі кемелер теңіз аума­­ғын­дағы кен орындарына немесе жағаға жете алмай қалуы мүмкін. Осы орайда мамандар теңіз жағалауында қойыл­ған су қорғау бел­деулерінен асып, құрылыс жүргізу қауіпті екенін ескертеді. Су қорғау белгілері Түрі­к­мен­башыдан Атырауға дейінгі 1400 шақы­рым­ға созылған жағалауларда орналасқан. Каспий теңізі деңгейінің құбылуы осын­дай экологиялық проблема туғызып отыр.
Каспий теңізінің экологиясына әсер ететін табиғи фактордың бірі – жер сілкіну. Хазар теңізі және Тұран ойпатының Маң­ғыш­лақ бөлігі – сейсмикалық жағынан тұрақ­­­сыз аймақ. Қашақ шығанағы, Үстірт­тің оңтүстік етегі, Сайөтестен шығыс­қа қарайғы жер жылына 4 мм-ге көтеріліп келе жатыр. Ал Ақтау қаласы орналасқан жер жылына 2 мм-ге көтерілуде. Орын­басар Тоқжа­нов­тың айтуынша, текто­ни­ка­лық жағынан тұрақсыз осындай аймақта, яғни теңіз түбінде жер астының қысымы азайған кез­де қозғалыс болуы мүмкін. «Демек, жер сіл­кіну қаупі бар. Бірақ жой­қын жер сілкінісі болмайды, әрі кетсе 3-4 балдық көрсеткішті көрсетуі мүмкін», – дейді О.Тоқжанов. Айта кетейік, өткен жылы қарашада Каспий теңі­зі­нің Әзір­бай­жан секторында жер сілкінген болатын. Бірақ ешқандай шығын болған жоқ және Маңғыстау түбегіне білінбеді де.
Теңізге техногендік фактор қалай әсер етеді?
Каспий теңізінің экологиясын бұзатын екінші фактор – техногендік фактор, яғни адам әрекетінің әсері. Экологтердің дабыл қағуына қарағанда, Каспий теңізі оңбай ластанып, ойбай салатын халге жеткен. Десек те, бес елдің өкілдері «Теңізге басты қауіп неден?» деген сауалға жауап ізде­ген­де шанжарқайдай шашырап, бір пәтуаға келе алмай отырғаны түсініксіз. Атап айт­қанда, ресейлік табиғат жанашырлары Каспий теңізінің шектен тыс ластануына теңіздегі мұнай операциялары кінәлі деп санайды. Ал теңізде ғарыштық мониторинг жүргізіп жат­қан «Сканэкс» компаниясының бас дирек­торы Алексей Кучейко бұл пікірді қуат­тайды. Компания басшысы жерсерігі арқы­лы кемелер мен мұнай өндірісінен бол­ған зарарларды құлмезгіл көретінін айтты.
Ал өзіміздің мамандарымызға келетін болсақ, олар ресейліктермен пікірлес. «1995 жылдары Каспий теңізінің деңгейі көтерілгенде көптеген мұнай ұңғысы су астын­да қалды. Оларды әлі күнге дейін ауыз­дықтай алмай отырмыз. Мұнай пер­десі үш метр тереңдікке дейінгі тірі жән­діктің бәрін құртып жатыр», – деді «Таби­ғат» эко­ло­гиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов.
Теңіз табанынан елдің алдымен «қара алтын» өндіріп, мұрты майланып үлгерген әзірбайжандықтар мұнай өндіру зиян болғанымен, оны тоқтатудың қажеті жоқ деп шамалайды. Олардың уәжі Каспийге зиян мұнайдан гөрі қалдық сулардан көбі­рек келеді дегенге саяды.
Осы орайда, Каспий теңізінің қазақ­стан­дық бөлігіне қатысты айтарымыз, шын­ды­ғында, теңізге құйылатын улы заттардың 80 пайызы Жайық пен Еділ өзені арқылы келеді. Дәлірек айтқанда, қос өзен бойын­да­ғы өнеркәсіп кешен­де­рі­нен шыққан улы қалдық теңіздің эко­логиясын нашарлатып жатыр.
Мұнай өндіруге байланысты теңізде кеме­лер көбейіп келеді. 2012 жылдың        1 қаңтарындағы есепке сүйенсек, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде 2006 жылы жүзу құралы тіркелсе, оның 286-сы – алып кемелер. «Бұл алып кемелер жүзіп өткенде теңіздің астындағы өсімдік дүние­сін жойып жібереді», – дейді Орынбасар Тоқжанов. Бір өкініштісі, бұл кемелер био­ре­сурс көп шоғырланған теңіздің солтүстік айма­ғында жиі жүзеді. Сондықтан маман­дар кемелердің жүзу бағытын реттеу керек екенін айтады. Өйткені онда мұнай өндіру, барлау кешендері қарқынды жүргізіле бастады. Жіптің ұшын тапсаң, тарқатыла береді ғой, осы орайда тағы бір мәселе туындайды. Серік Ахметов: «Жаман айтпай жақсы жоқ», теңіздегі мұнай ұңғы­ма­ларында төтенше жағдай болып, оны ауыздықтауға өз күшіміз жетпей жатса, теңіз жағалауы елдері жәрдемдесетін келісім­шарт жасалды», – дейді. Орынбасар Тоқжанов мырза болса: «Құрлықтағы әрбір 160-ыншы мұнай ұңғымасында апат болады. Ал теңізде 1000-нан аса ұңғыма салынады, сол кезде оның қандай жағдай болатыны белгісіз», – деп отыр. Каспий – құр­лықтағы тұйық теңіз. Апат болса, оны ауыз­дықтау қиын. «Бізге Мексика шыға­на­ғын­дағы апат сабақ болуы тиіс» дейді бір­қатар эколог мамандар. Дерекке сүйенсек, Каспийдің Қазақстан жақ бетіндегі био­қорлардың жалпы құны – 500 млрд доллар. «Мұнай сорамыз деп, теңіздің таби­ғи байлығын жойып алмауды осы бастан ойлас­тырған жөн» деп отыр экологтер.
Итбалықтардың қырылуына мұнайдың қатысы бар ма?
«Каспий итбалығы – теңізде өмір сүретін бірден-бір сүтқоректі жануар. Олардың салмағы 100 келіге дейін жетеді. 1905-1910 жылдары зерттеу бойынша, Каспийде 1 миллион 100 мыңға жуық итбалық мекен етсе, 60-70 жылдары олардың саны 520-560 мыңға дейін азай­ған. Бүгінгі таңда тұйық теңізде өмір сүретін итбалықтың саны 100 мыңнан сәл-ақ асады. Ал эколог Орынбасар Тоқжа­нов­тың мәліметінше, дәл қазір теңізде бар болғаны 70-80 мыңдай ғана итбалық қалған. Оның айтуынша, итба­лық­тардың азаюына, кей уақытта жаппай қырылуына мұнай қалдықтарының қатысы жоқ. Мұны Қазақстандағы Тегеран конвенциясымен байланыс жөніндегі ұлттық қызметкері Серік Ахметов те қуаттап отыр. «Бірнеше ғылыми зерттеу жұмысы жүргізілді. Шетел­ден де мамандар келді. Сонда итбалықтың ажалы мұнайдан екені дәлелденбеді», – дейді ол. Ал Орынбасар Тоқжанов: «Итбалықтардың осындай аянышты күйге түсуінің басты себебі – олар қоректенетін азық қорының немесе биоре­сурс­тардың азайып кетуі», – дейді ол. Бір итбалық күніне 3 келі майшабақ жейді. ХХ ғасырдың басында миллионнан астам итбалық 3 келі майшабақ жегенін ескерсек, теңізде биоресурс қоры көп болғанын жете түсінеміз. Сонда итбалық­тар жаға­лауға жақындамай-ақ, теңіз орта­сында жүріп майшабақпен қоректенетін болып тұр. Ал қазір майшабақтар 94 пайызға азайып кеткен екен. Оны аулау үшін итбалықтар теңіз жағасына жақын­дайды. Қорек азай­ға­сын итбалықтың да тынысы тарылып бара­ды. Мұны бұдан біраз жыл бұрын Қор­шаған ортаны қорғау министр­лі­гінің бас­шы­­лығы да жасырмаған. Ал қазір итба­лық­тар қарапайым құрттармен қоректенуге көш­ті, бірақ шабақ құрлы талғажау болмай тұр.
Жыл сайын ақпан айының ортасынан бастап итбалықтар күшіктейді. Сондықтан осы сәтте тиісті құзырлы мекемелер Каспий теңізінің жағалауында және оның маңын­да­ғы итбалықтардың жағдайына мони­то­ринг жүргізіп, оларды қорғауды мықтап қолға алуы керек.
Құрттай жәндік қарт теңіздің тіршілігін қырып барады
«ХХ ғасырдың екінші жартысында ғалым­дар және ірі компаниялар Каспий теңізіне түрлі тәжірибе жасауды жиілетті. Каспийде тіршілік етпейтін өзге мұхит­тар­дағы жануарларды осы теңізге әкеліп, тәжірибе жүргізілетін. Сонымен қатар кеме қатынасы арта бастады. Каспийдің айды­нын­да жүзіп жүрген алып кемелер басқа теңіз, мұхиттарға апарылды. Олар онда мұнай апарып, оның орнына мұхит­тың суын құйып алатын. Ол су таза­ртыл­мастан Кас­пийге төгілді. Міне, содан бері бұрын Хазарда кездеспеген тіршілік иелері көріне бастады. 1980 жылдардың соңында Каспий­дің ирандық бөлігінде гребневик мнемиопсис дейтін медузаның бір түрі анықталды. «2007-2010 жылдары біздің жүргіз­ген зерттеу бойынша, әр жаз мезгілінде Кас­пийдің солтүстігінде, дәлірек айтқанда, Құр­манғазы мен Дархан мұнай кен орын­дарының аумағында гребневик мне­мио­п­сис анықталып отырды», – дейді Орын­ба­сар Тоқ­жанов.
«Сонда одан қандай қауіп бар? Дәлел келтіре кетейік. 1980 жылы ол медуза Қара теңізде байқалған еді. 1985-1995 жыл­дары Қара теңіздегі балық қырыла бастады. Ғалымдар оны әлгі медузаның әсерінен деп есептеді. Ол бентос, зооп­ланк­тонды (теңіз­дегі кішкентай тіршілік иелері) қырып жіберді. «Мнемиопсис өзінің денесінен қы­рық есе көлемде тамақ жейді. Оны жоятын бірде-бір препарат ойлап табылмады және Каспий теңізінде меду­заны жейтін жәндік те, жануар да жоқ», – дейді Орынбасар Тоқ­жанов. Көле­мі шамамен 1 см болатын медуза көк теңіз­дегі тіршілікті қырып ба­рады. Күн жы­лын­са, гребневик мне­миоп­сис жаңбырдан соңғы саңы­рау­құлақтай көбейіп кетеді. Ал күн суытса, қырылып қалады. Бірақ Иран жағында, оңтүстік Кас­пийде олар сақта­ла­ды. Күн жылынса, солтүстікте қайта пайда болады.
2011 жылы Қаламқас пен Жемчужина аймағында блакфордия вирджиния деген медузаның жаңа түрі пайда болды. Ол Атлант мұхитында жылы кезде кездеседі екен. Енді Каспий теңізінің биоре­сурс­та­рына осындай құрттай жәндік қауіп төн­діріп тұр. Мұны біз теңізге экологиялық әсер ететін биологиялық фактор деп атай­мыз.
Қаскерлердің қаскөйлігі
Қаскерлердің қаскөйлігі бұрын да, бүгін де жиі айтылып, дабыл қағылып жатыр. Та­биғат жанашырларының дабыл қаға­тынын­дай да бар, өйткені соңғы 10 жылдың көлемінде Каспий теңі­зін­дегі аталған балық түрлері 41,5 пайызға кеміп кеткен. 2012 жылы 7,5 млн қызыл­ба­лық­тың шабағын теңізге жіберді. Бәрі бірдей қатарға қосы­лып кетпейді, кейбірі үлкен балықтың же­мі­не айналса, кейбірі өліп қалады. Ал өсіп-жетілгеніне қаскерлер қырғидай тиіп, өсуі­не мүмкіндік берместен қырып жатыр. Дүниежүзі бо­йынша уыл­дырық саудасының көрігін Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Қы­тай, Иран қыз­ды­рып отыр десек қате­лес­пей­міз. Бра­коньерлерді бұғаулауға шама жетер емес. Көрші Ресейден келіп Қазақстан аумағынан заңсыз тонналап балық аулай­тындар жетіп-артылады. Көбі ұсталып та жатыр. Олар бекіре тұқымдас балық­тардың тұқымын құр­тып барады.
ТҮЙІН
Жыл сайын Каспий теңізінің эколо­гия­лық мәселесін шешу және биоа­луан­түрлілігін сақтау мақсатында Каспий маңы мем­ле­кет­тері көптеген ашар ұйым­дас­ты­рып тұрады. Әрине, бұл жеткіліксіз. Жиын­мен мәселе шешілмейді. Осы орайда, Қазақстан тарабы Каспий теңізінің проб­ле­малары бойынша ғылыми-зерттеу инс­титутын ашуды жос­пар­лап отыр. Бұл институт теңізді кешенді түрде зерттеп, басым бағыттарды анықтап беруі тиіс. Сонымен қатар Каспий теңізі акваториясын қорғау мен сақтау үшін Кендірлі демалыс аймағында, Ақтау, Форт-Шевченко қала­ла­ры мен Құрық елді мекені маңындағы теңіз жағалауында ұзындығы 284,5 ша­қы­рымға созылатын белдеулер мен суқорғау аймағын бекіттік. Ол 2012 жылы да жал­ға­сып, қалған 1115 шақырым жағалауға белдеу мен суқорғау аймағы бекітілді. Соңғы бес жыл қатарынан «Қа­шық­тықтан ғарыштық технологияларды қолдану арқылы Каспий теңізінің шельфі мен жа­ға­лауына мемлекеттік экологиялық мони­торинг» жасалды. Соның арқасында Каспий теңізінің қазақстандық секторының 75 пайызға жуық бөлігінің экологиялық жағ­дайы туралы мәліметтер базасы жасақ­талған.
«Алайда мемлекеттер арасында эко­ло­гия­лық мониторинг жүргізу бойынша кешен­ді бағдарлама бекітілген жоқ. Кас­пий теңізі – тұйық су. Бірнеше тонна мұнай төгілсе, біз Каспийдің фаунасынан айы­ры­лып қалуымыз мүмкін. Сондықтан осы мәселелер – ерекше мән беретін жайт», – деген еді Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Б.Мұхаметжанов баспасөз беттеріне берген сұхбатында. Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пай­да­ла­ну­ды реттеу басқармасы Каспий теңізіндегі жан-жануарларды қорғау және сақтау мақсатында Құлалы архипелагында (Ку­ла­линс­кий архипелаг) және Комсомол шыға­на­ғында табиғи қорық құруды жоспарлап отыр. Өйткені онда биоресурс көп шо­ғыр­ланған.
Біздіңше, биоресурстарды сол күйінде сақтау Каспий теңізінің айналасындағы бес мемлекетте өмір сүріп жатқан 25 миллиондай адамның тағдырына әсер етеді деп есептейміз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста