Еуропа мен Азия арасын жаңа «Жібек жолы» жалғайтын болады
Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезекті XXV мәжілісінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – жаңа Жібек жолы» жобасын ұсынды. Осы бастаманың арқасында еліміздің әлемдік сауда-саттық саласындағы тарихи рөлі жанданады. Ал Еуропа мен Азия арасын жаңа «Жібек жолы» жалғайтын болады. Жобаның бастапқы кезеңінде республика арқылы өтетін жүктің көлемі екі есе артады деген нақты болжам бар. Міне, осы уақытта Қазақстан сауда-көлік әрі қаржы-іскерлік орталығы ретінде танылады.
Жаңа «Жібек жолының» негізгі бекеті – «Қорғас»
Бүгінде Қазақстанның шетелдік инвестицияларды тарту саласындағы әлеуеті зор. Соңғы 20 жылдың ішінде Орталық Азия мемлекеттеріне құйылған қаржының 70 пайызы – Қазақстанның үлесінде. Бұл – шамамен 150 млрд АҚШ доллары. Өткен жылдың өзінде бұл көрсеткіш 18 млрд долларға тең болды. Сол себепті Президент еліміздің халықаралық сауда орталығы ретінде қалыптасатындығына нық сеніммен қарап, шетелдік инвесторларға «Қазақстан – жаңа Жібек жолы» жобасын іске асыруды ұсынып отыр. «Қазақстан өзінің тарихи рөлін жандандырып, Орталық Азия бойынша ірі көлік-іскерлік орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы көпірге айналуы тиіс. Осы мегажобаның арқасында 2020 жылға дейін Қазақстан арқылы өтетін жүктің көлемі екі есе өсіп, 50 млн тоннаға дейін жетуі керек», – дейді Н.Назарбаев. Осыған орай Елбасы Үкіметке шетелдік инвесторлармен бірлесе отырып, ағымдағы жылдың аяғына дейін «Қазақстан – жаңа Жібек жолы» жобасын іске асырудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Иә, осы ауқымды бастаманы іске асыру үшін бізде барлық мүмкіндік бар. Әрине, басты себеп – Қазақстанның географиялық орналасуы. Еуразияның қақ ортасында қанат жайған Қазақ елі Қытай, Еуропа, Ресей және ТМД-ның басқа да мемлекеттеріне тығыз байланыста болып, Орталық Азия және Парсы шығанағы елдеріне шығуға мүмкіндік беріп отыр.
«Бүгінде Қазақстан жаңа трансұлттық бағыттарға да жол ашып, «екінші әлемдік экономика» – Қытайды Еуропалық одақ елдерімен байланыстырып келеді. Біздің мамандар арнайы зерттеу жүргізіп, мына бір мәселені анықтады: теміржол арқылы Еуропаға баратын жүк 14 күннің ішінде жетеді, ал теңіз арқылы тура 45 күн қажет болады. Міне, осы мәселені бәріне жеткізу керек», – дейді Н.Назарбаев. Президенттің айтуынша, 2020 жылға қарай көрші елдермен сауда-саттық көлемі 1 трлн долларға дейін жетеді деген болжам бар. Қазір Қытай мен Еуропа арасындағы сауда айналымы 500 млрд долларды құрап отыр. Ал Қазақстан арқылы өтетін жаңа «Жібек жолы» бұл көрсеткішті бірнеше есеге көбейтуге мүмкіндік бермек. Осы орайда Елбасы аталған жобаны іске асырудың нақты тетіктерін де жария етті. «Меніңше, Қазақстанның негізгі көлік дәліздері бойында халықаралық деңгейдегі сауда-көлік, қаржы-іскерлік, инновациялық-технологиялық және туристік хабтар кешенін құру қажет. Оның негізгі элементі – көліктік-логистикалық хаб «Қазақстан темір жолына» қарасты көліктік-логистикалық мультимодальды компания мен «Қорғас» халықаралық сауда орталығы аясында дамитын болады. Жақын арада мен «Қорғасқа» өзім барып, осы нысанның аяқталуын жария ететін боламын», – дейді Н.Назарбаев. Сондай-ақ өз сөзінде Президент Алматы қаласын аймақтық қаржы орталығы ретінде дамыту мәселесін де ерекше атап өтті.
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ (фото)
Шетелдік инвесторлар кеңесінің жұмысы жанданады
ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезекті XXV мәжілісін қорытындылаған Н.Назарбаев кеңестің кейінгі жиындарында нақты екі мәселені тұрақты түрде қарастырып отыруды ұсынды. «Біріншісі – Қазақстандағы инвестициялық саясат пен шетелдік инвесторлар мүддесін қорғау. Осының негізінде біз құзыретті мемлекеттік органдардың жұмысына баға беріп, инвесторлардың проблемасын қарастыратын боламыз. Екінші мәселе – қазақстандық қамтуды арттыру. Шетелдік инвесторлар кеңесінің XX отырысын біз осы мәселеге арнаған болатынбыз. Бірақ оның өзектілігін ескере отырып, кеңестің әрбір мәжілісінде қарастыру қажет деп санаймын», – деп атап көрсетті Н.Назарбаев. Осыған байланысты Президент Қазақстанның нақты ұстанымын жеткізді. «Каспий теңізі жағалауы мен ортасындағы ірі кен орындары – бұл халқымыздың маңызды әрі стратегиялық ресурсы. Сондықтан мұнай-газ және тау-кен салаларында жұмыс істейтін барлық инвестор Қазақстанның баламалы экономикасын қалыптастыруға ақша салуы тиіс деп санаймыз. Алдағы уақытта Қазақстандағы жаңа кен орындарын игеру немесе қолда бар келісімшарттарды ұзарту үшін жаңа кәсіпорындар салу міндеттеледі. Біз де осы іске қатысатын боламыз», – дейді Елбасы.
Ал Шетелдік инвесторлар кеңесінің тиімді әрі сапалы жұмысын қамтамасыз ету үшін Президент кеңестің құрамын қайта қарап шығуды тапсырды. «Шетелдік инвесторлар кеңесі жанындағы жұмыс топтарының қызметін жандандыру қажет. Сондықтан Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Шетелдік инвесторлар қауымдастығына кеңес пен оған қарасты жұмыс топтарының құрамын қайта қарап, аталған құрылымдардың тиімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Н.Назарбаев.
ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезекті XXVI отырысы 2013 жылы мамырдың 22-сі күні өтеді. ҚР Президенті Н.Назарбаев осы мәжілісті Қазақстанның инновациялық дамуы мәселесіне арнауды ұсынып отыр.
Томас МИРОВ, Еуропалық даму және қайта құру банкінің президенті:
– Қазақстан аймақтағы қаржы саласының көшбасшысы болғысы келсе, екінші деңгейлі банктердің проблемалық несиелерін қысқарту бойынша нақты іс-шараларды қолға алуы тиіс. Меніңше, бүгінде Қазақстанды аймақтағы қаржы орталығы ретінде қалыптастыру үшін негізгі екі мәселені шешіп алған жөн. Олар – ішкі банк жүйесін қалпына келтіріп, проблемалық несиелерді барынша қысқарту.
Лакшми ВЕНКАТАЧАЛАМ, Азия даму банкінің вице-президенті:
– Қазақстанның көліктік-логистикалық әлеуетін беделді халықаралық компаниялар да дамыта алады. Ол үшін теміржол мен теңіз порттарын халықаралық әріптестердің басқаруына беруге болады. Олардың тәжірибесі мол. Сондықтан осы көлік дәліздеріне жүк тасымалдаушыларды көптеп жинай алады. Мәселен, Грузиядағы Поти портын бүгінде халықаралық бір корпорация басқарады. Оның арқасында аталған порттың жүк тасымалы арта түсті.
Коэн ВАНХАРЕНТС, «Бэйкер и Макензи Интернешнл» компаниясының атқарушы комитетінің мүшесі:
– Бүгінде шетелдік тауар өндірушілер Қазақстан жерінде өз тауарын сақтай алмайды. Себебі ондай үлкен қоймалар аз. Ал Америка, Еуропа мен Таяу Шығыста ондай қоймалар көптеп саналады. Осы жерде сақтаған күннің өзінде шетелдік кәсіпкерлер, Кедендік одақ талаптарына сәйкес, 35 пайызға дейін салық төлеуге міндетті. Сондықтан осы мәселені ескеріп, Қазақстанда сақтау қоймаларын көптеп салу қажет деп санаймын. Осының арқасында көліктік-логистикалық хабтың негізі қаланып, шетелдік тауарларды Кедендік одақ және басқа да елдерге тікелей Қазақстаннан сатуға мүмкіндік туады.
P.S.
Шетелдік инвесторлар кеңесі барысында Президент қалыптасқан дәстүр бойынша»Үздік шетелдік инвестор – 2012» конкурсының жеңімпаздарын марапаттады. Осы мәртебелі сыйлыққа биыл «Теңізшевройл» компаниясы ие болды.