Экология министрі "отставкаға кетуге дайынсыз ба?" деген сұраққа жауап берді
Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова отставкаға қатысты сұраққа пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Журналистер министрден "Абай облысындағы жағдайдан соң сіздің жұмысыңызға көп сын айтылды. Отставкаға кетсін деп талап еткендер бар. Отставкаға кетуге дайынсыз ба?" деп сұрады.
"Бас прокуратура Абай облысындағы жағдайға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу аясында тиісті сұрақтар туындаса, жауап беруге дайынбыз", - деп жауап берді Зүлфия Сүлейменова.
Бұған дейін министр әкесінің соттылығы туралы қауесетке жауап берген еді. "Әкеме қатысты айтсам, иә, іс болды, соттылығы жойылды. Мен мемлекеттік қызметке келген кезде бұл фактіні жасырмадым. Бұл туралы менің құжаттарымда көрсетілген" деді ол.