«DAMU» орталығының қоймалары жанып кетті
Кеше Алматы облысының Іле ауданы аумағында орналасқан «DAMU» индустриалды-логистикалық орталығының уақытша сақтау қоймалары өртке оранды. Жалын 4000 шаршы метр аумақты шарпыған.
Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының мәліметінше, өртті алдымен байқаған сол маңның тұрғындары өртке қарсы қызметке сағат 12.15 шамасында хабарлайды. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 15 минутта жеткен. Бұл кезде жалынның ауданы ұлғайып, бірінші қабаттан жоғары қабаттарға жайыла түсті. Мамандардың мәліметінше, «DAMU»-ға қарасты қоймалардың ауданы 280х96 м болса, жалын шарпыған аумақ 3800 шаршы метрден асқан. Зардап шеккендер жайлы мәлімет жоқ. Қазір оқиғаның себебі зерттеліп жатыр. Өртті сөндіруге Іле ауданының өртке қарсы күрес қызметінің 12 техникасы мен 45 адамы тартылды. «DAMU» индустриалды-логистикалық орталығы Қазақстан мен Орталық Азия аумағындағы бірегей кешен саналады. Ол көлік және қойма логистикасымен, сондай-ақ, өз аумағына отандық және шетелдік компаниялар нысандарын орналастырумен айналысады. Орталықтың жалпы аумағы – 210 га, онда орналасқан «А» сыныпты қойма кешендерінің аумағы – 500 000 шаршы метр. Кеше, мұның алдында Алматы қаласында Бөгенбай батыр мен Фурманов көшелерінің қиылысындағы төрт қабатты әкімшілік ғимараттың шатыры өртенген болатын. Өрт 350 шаршы метрді шарпыды. Зардап шеккендер жоқ, төтенше оқиғаны залалсыздандыруға 77 адам жұмылды.