Cемейліктер батпырауық ұшырды
Семейде алғаш рет батпырауық ұшырудан фестиваль өтті. Ерекшелігі сол, мереке тек мүмкіндігі шектеулі балаларға арналып ұйымдастырылды. Әлеуметтік қызмет көрсететін мамандар балдырғандармен бірлесе отырып, бір айдай уақыт бойы ұшатын аппараттарды қолдан дайындаған.
Фестиваль барысында олар еңбектерінің зая кетпегеніне көз жеткізді. Батпырауықтардың биікке көтерілгені сонша, қатысушылардың өздерінің оны қолмен ұстауға шамалары жетпеді. Ата-аналар мұндай шараның өткізілгеніне дән риза. «Балаларымыз құрбы-құрдастарымен танысып, өзара әңгіме-дүкен құрды. Осындай жиынға келген сайын олар өздерінің жарым көңіл екенін бір сәтке ұмытып, өмірге басқа көзқараспен қарайды», – дейді мерекеге баласын арнайы алып келген ата-ана Майра Қуандықова.
Батпырауық фестивалі қаланың Түйемойнақ аралында өтті. Оған мүмкіндігі шектеулі отызға тарта бала атсалысты. Ал батпырауықты қолдан дайындауға шамасы келмегендерге, дайын батпырауықтар сатып алынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай фестивальдар балалардың құрбы-құрдастарымен табысып, өмірге деген құлшыныстарын оятады. Сондықтан мереке жыл сайын өткізілетін болып шешілді.