Біз осы қандай нан жеп жүрміз?
Бүгінгі таңда елімізде халық күнделікті тұтынатын азық-түліктің бірі – нан өнімі. Алайда Қазақстанда нан өнімінің стандарты қандай? Базарлар мен дүкендерде қатталып тұрған нан стандартқа сай ма? Оның сапасын кім және қалай бақылап отыр? Бұлай сауал тастауымыздың себебі – 600 мыңнан астам халқы бар Шымкент қаласында бірде-бір нан зауыты жоқ екен. Ал нан нарығында бүгінде үстемдік алып тұрған жекеменшік наубайханаларды жүздеп санауға болады. Тиісті орындарда тіркеліп, қазына қаржысына үлес қосып жатқандарынан көлеңкелі жолмен көлденең табыс тауып жатқандары жетіп-артылады. Ал нан сапасын тексеріп, бақылау жүргізіп отырған ешкім жоқ көрінеді.
Шымкент келген қонақтарын қонақжайлығымен ғана емес, ас мәзірінің көптігімен таңғалдырады. Қызмет көрсетуде жақсылы-жаманды көп жылдар бойы жиған тәжірибесі бар тоқ қалада ашқұрсақ жүру, дәмхана іздеп сабылу жат нәрсе. Тәуба, қай базарға, қай дүкенге кірмеңіз, нан сөресі сіресіп тұрады. Өзбек тандыр нанының түр-түрі, зауытта пісірілген бөлке нан, тәтті тоқаштар, қатырма нан, қаттама нан, тандырдан енді шыққан ыстық нан, қалағаныңның бәрін табасың. Сырт көрінісі сыр бермейді. Көше бойында иісі аңқыған самсасы «самсап» тағы тұр.
Бір қызығы, қай нан қай жерде жабылды, құжаты бар ма, жоқ па, құрамы қандай мұндай сұрақтар қоюға шымкенттіктер құлықты емес. «Өндіруші кім?» деп сатушының мазасын ала қоймайды, көңіліне ұнағанын, қалтасы көтергенін алып жөніне кете береді. Ал сапасы...
Шымкентте сатылымға түскен кейбір нандарға «заводской» деп жазып қояды. Қызық үшін сатушыдан қай зауыттың наны деп сұрап көріңізші, біреуі де жауап бере алмайды, құжаттарын да көрсетпейді. Өйткені миллионға жуық тұрғыны бар қалада бірде-бір нан зауыты жоқ. Бұл жай халықтың көңілін алдау үшін ғана және сауда жүру үшін жасалатын әрекеттер.
Кеңес өкіметі тұсындағы нан зауыттары сол кезеңмен келмеске кеткен. Есесіне, жекеменшіктің наубайханасын жүз деп санауға болады. Бір қатарының есігін ашып көрдік, тазалық нормаларының қалай орындалатынын тәптіштеп айтып көңіліңізді қалдырғымыз жоқ. Айтқандай ондай наубайханалардың қайсыбіріне өзіңізде бас сұғуыңызға болады. Ыстық нан сұраңыз, алжапқыштары ағал-жағал тандыр нанды ән айтып жүріп пісіретін өзбек жігіттері ащы терін сығып алып, қолының ұнын қағып тастап, қызметіңізге әзір тұра қалады. 18-ықшамаудандағы кішігірім азық-түлік базарының маңында осындай нан пісіретін орындар бар.
Қалада нан өнімдерін шығаратын қанша мекеме бар екенін білмек болғанмен, нақты дерек беретін мекемені таппадық. Тым болмаса жалпы санын білмек болып міндеті барды-жоқты тізімге алып отыратын облыстық статистика басқармасына хабарласқанбыз. Ондағылар мұның коммерциялық құпия екенін алға тартты. Шындығында, 30 наубайхананың заңды тіркелгенінен тіркелмегені көп. Сеніңіз де, сенбеңіз де нан нарығы қарқынды дамыған қалада осы өнімнің жарамдылығын, сапасын тексеретін бар болғаны бір ғана зертхана бар. Ал нан өндірісінде 30 жылдан астам қызмет атқарған Нұрзихан Оңталапова сынды технологтар бұрын бір нан зауытының жанында бір зертхана болатын дегенді айтады.
Нұрзихан Оңталапова, технолог:
– Менің көп жылғы тәжірибемнен білетінім, тұтынушылар нанның ауыратынын қаперіне ала бермейді. Нанның да дерті көп, сол аурулардың ішіндегі ең қауіптісі – картофель таяқшасы. Мұны қалай байқауға болады? Нанды сатып аласыз 5-6 сағат өтпей жатып-ақ ішінің сулана бастайтыны байқалады. Және жағымсыз шіріген алманың исі шығады, нанды бөлгенде бірден үзілмейді, бірнеше жіпшелерге бөлініп созылып барып үзіледі. Бұл — адам денсаулығына өте қауіпті. Жаз айларында тамақтан уланған адамдардың саны артады. Бұрыннан қалыптасып қалған нәрсе іш сыр бере бастаса болғаны науқастанған адамдар қарбыздан, тамақтан, басқа да азық-түліктен секемденіп жатады. Ал мұның наннан болуы да әбден мүмкін.
Бір ғана мысал келтіре кетейін. Кеңес өкіметі кезінде наннан картофель таяқшасы табылды екен, сол нанды жапқан комбинатта «төтенше жағдай» жарияланып сол күні шыққан барлық өнім жойылатын. Және комбинат түгелдей дезинфекциядан өтетін. Комбинатпен қоса нан сатылған дүкендердің бәрінде осындай іс-шаралар жасалатын. Себебі жоғарыда айтып отырған ауру пышақ, тағы да басқа жалпы сол нанды өндіру барысында қолданылған құрал-жабдықтың бәріне жұғады. Үйде де солай, сіз ауру нан алып келдіңіз, оны турадыңыз, ауруды таратып жатырсыз деген сөз.
Маманның айтуынша, негізгі бөлігі жекенің қолынан шығып жатқан өнімнің құнарлылығы, сапасы туралы айтуға ерте. Мұндай жағдайда өнімге қойылатын қарапайым талаптардың өзі орындала бермейді. Мұны сала маманы ғана емес, екі шымкенттіктің бірі растайды десек асырып айтқандық емес. Нанды алып тұрып, құжат сұрап тықақтамайтындары да содан. Бәрінен шаршаған болу керек тұтынушылар енді нанның сапасыздығын айтып шағынбайтын да болыпты.
Оралбике Мейірханова, ОҚО СЭС-тің санитарлық-гигиеналық бөлімінің бастығы:
– Біз қазір ҚР мемлекеттік санитарлық Бас дәрігерінің 2008 жылдың 14 шілдесінде шығарған №14-ші қаулысына сәйкес, базар, сауда орындары, қоғамдық тамақтану орындары, балабақша, мектеп сияқты нысандарға ғана санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жүргізе аламыз. Тексеру үш айда бір рет жүргізіледі.
Ал жекеменшік наубайханалар орта және шағын бизнес нысаны болып табылатындықтан, оларға санитарлық бақылау жүргізу қазір тоқтап тұр. Тек тұтынушыдан арыз-шағым түскен жағдайда ғана біз ол орынды тексере аламыз. Былтыр нан сапасына байланысты үш шағым түскен болатын. Оларға тиісті шара қолдандық, жабатынын жаптық, қалғанына айыппұл салдық. Биылға әзірге шағым түскен жоқ.
Әрине бұл жерде санитарлық тексерулердің өнім сапасын анықтаудың бір ғана өлшемі екенін ескеру керек. Бұл мәселенің бір қыры ғана.
Осылай нан нарығын реттеуге қатысы бар-ау деген бірнеше мекеменің есігін қақтық. Тұщымды, кәдеге жарардай мәлімет ала алмадық.
Сонда Шымкентте ең тәтті нан жабатын қай наубайхана? Қай наубайхананың наны денсаулыққа қауіпсіз? Қандай нан жеп жүрміз? Бұл сұрақтардың басы ашылмаған күйде қалды. Өйткені есеп те жоқ, нарықты реттеп отырған жүйе де жоқ, бақылау да жоқ, өндіріс те жоқ. Тіпті наубайханалардың аты да жоқ.
P.S.Қысқасы, қандайда болсын індеттің алдын алу шаралары ақсап тұрған, бақылау мен тексеруге құзыреті бар органдар қағазбастылықтан арыла алмай отырған, құрт-қыбыр жерге шыққан бүгінгідей заманда сіздің қандай нан жеп жүргеніңіз өзіңізден басқа ешкімді алаңдатып отырған жоқ.
Сертификатталған шыққан жері, пісірілген уақыты, жарамдылығы, құнары, құрамы көрсетілген сапалы нан сататын супермаркетке барып нан алуды кез келгеніміздің қалтамыз көтере бермейді, сондықтан да жабайы нарыққа тәуелдіміз.
Сондықтан да құрметті тұтынушы, егер сіз үшін денсаулығыңыз маңызды болса, өз қамыңызды өзіңіз жасаңыз.