"Бір жыл депозитте ақша жинап, баспаналы болдық". Елордалық ерлі-зайыптылар "Жас отбасы" бағдарламасымен қалай үй алғандарын айтты
Мақсат пен Айгүл Жабағиндер – “Жас отбасы” бағдарламасымен алғашқылардың бірі болып үй алған жанұя. 2020 жылы тұрғын үй бағдарламасының іске қосылғанын естіген олар ақша жинаудың қамына кіріседі. “Отбасы банкінде” депозит ашып, бір жыл ішінде жаңа пәтерге ие болған жұп Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында қалай баспаналы болғандарын айтып берді.
2019 жылы Алматыда ұйымдастырылған үлкен іс-шара барысында бірін-бірі алғаш көрген Мақсат пен Айгүлдің таныстығы үлкен махаббатқа ұласып, жастар отау құрған.
“Біздің шағын отбасымыз — жас ғалымдардың отауы десек те болады. Қазір әйелім екеуміз бір ұл тәрбиелеп отырмыз. Алғашқыда үйленбеген кезде екеуміз екі қалада тұратынбыз. Сәті түссе, кездесуге асығып, Алматыдан – елордаға, астанамыздан Алматыға келіп-кетіп жүрдік. Ең ақыры бір отбасы болуды ұйғарып, 2020 жылы отау құрдық. Алайда өздеріңіз білетіндей, бұл жыл бәріміз үшін қиынға соқты. Әлемде коронавирус пандемиясы орнады. Дегенмен 2020 жыл отбасымызға үлкен қуаныш сыйлады: дәл осы жылы ұлымыз Әлім-Мансұр дүниеге келді. Содан бастап бақытымыз еселене түсті”, – деп бастады сөзін Мақсат.
Ер азамат әрбір отбасы үшін өз баспанасының болуы маңызды екенін айтады. Сол себепті де олар өздеріне шарттары ыңғайлы бағдарлама іздей бастаған. Осылайша Отбасы банкінің “Жас отбасы” бағдарламасы туралы естіген.
“Баспана мәселесін біз “Отбасы банкі” арқылы шешуді ұйғардық. Банк қызметкерлерінен сол жылы жаңа “Жас отбасы” бағдарламасы ашылғанын білдік. Бұл тұрғын үй бағдарламасы сол сәтте біз үшін табыла кеткендей сезімде болдық. Бір жыл уақыт шамасында депозитке ақша жинап, 2022 жылдың қарсаңында өз баспанамызға қол жеткіздік”, – дейді жас ғалым.
Айта кетсек, “Жас отбасы” тұрғын үй бағдарламасы бойынша 90 миллион теңгеге дейін тұрғын үй заемын алуға болады. Осы бағдарлама негізінде жас отбасылар несиені бар-жоғы жылдық 6% (ЖТСМ 6,3%-дан бастап) мөлшерлемемен ала алады. Ал несие рәсімделген соң пайыз мөлшерлемесі алдағы уақытта жылдық 5%-ға дейін (ЖТСМ 5,2%-дан бастап) төмендейді. Бағдарламамен жаңа немесе қолданыста болған пәтерді алу қарастырылған. Тіпті жер телімін де сатып алып, үй салуға болады. Несие мерзімі 6-9 жылды құрайды.
“Жас отбасы” бағдарламасы бойынша үй алу үшін ерлі-зайыптылардың бірі немесе екеуі де Отбасы банкінде "Жас отбасы" депозитін ашып, кемінде бір жыл болашақ үйлерінің 50%-ын жинап, бағалау көрсеткішінің 5 деңгейіне жетуі керек. Бір айта кетерлігі, бағдарлама арқылы баспаналы болуды жоспарлаған отбасының некеге тұрған мерзімі 5 жылдан аспауы міндетті. Ал ерлі-зайыптылардың жасы мен отбасындағы балалар саны маңызды емес.
Сонымен қатар депозитті жинақтау кезінде жыл сайын жылдық 2% көлемінде банк сыйақысы мен 20% мөлшеріндегі мемлекеттік сыйлықақы (200 АЕК-тен аспайтын сомаға) түсіп отырады. Одан бөлек, отбасы мүшелері депозитті өздерінің атына жеке-жеке ашып, кейіннен шоттарын "Отбасылық пакетке" біріктіру арқылы екі есе көп мемлекеттік сыйлықақы ала алады. Мақсаттың сөзінше, бұл жас отбасы үшін таптырмас көмек болыпты.
“Отбасы банкінде депозит ашып, қаражат жинау бізге көп нәрсе үйретті. Мәселен, отбасымызбен шығындарымызды үнемдеп, бейберекет ақша шашпауға көңіл бөле бастадық. Жалпы, Отбасы банкінің бағдарламасы жиналған ақшамызды дұрыс сақтауға және көбейтуге тиімді болғанын айта кеткім келеді. Соның арқасында, міне, бүгін біз өз үйімізде қоныс тойын тойлап отырмыз”, – дейді ол.
Бұған қоса елорда тұрғыны жас отбасыларға өз кеңесін айтты.
“Бүгінгі таңда мемлекет азаматтарымыздың баспанамен қамту үшін көптеген шараларды қолға алуда. Соның бірі – зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалану. Бұл мүмкіндікті біз де қолдана алдық. Менің ойымша, қазір жастарды, жас отбасыларды қолдау шаралары лайықты деңгейде жүргізілуде. Мемлекет тарапынан оларды үймен қамту үшін “Алматы жастары”, “Elorda Zhastary” сынды бағдарламалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ өзіміз үй алып отырған “Жас отбасы” бағдарламасы да осының бір мысалы. Меніңше, әрбір жас маман осындай мүмкіндіктерді пайдалана білуі керек. Әрбір адамның үйлі болуы өз қолында. Барлық жанұяға біз секілді армандаған үйлеріне тезірек қол жеткізулерін тілеймін!” – дейді Мақсат.
Айта кетейік, қазіргі таңда “Жас отбасы” тұрғын үй бағдарламасы іске қосылғалы бері 9 305 отбасы шот ашып үлгерген. Бүгінде осы бағдарлама аясында депозит саны жағынан Нұр-Сұлтан (1 597), Алматы (1 317) және Қарағанды (606) қалалары көш бастап тұр.