Ауыл тұрғындарына берілетін шағын несиелер тек жеке кәсіпкерлікті ұйымдастыруға жұмсалуы тиіс
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Оңтүстік Қазақстан облысына іссапармен келді. Оңтүстік сапарын үш бидің басы қосылып, кеңес құрған, жауға қарсы күш біріктірген тарихи Ордабасы тауының атымен аталатын ауданнан бастап, ондағы түйетауық өсіру, сою және оның етін еуропалық стандарттарға сай қайта өңдеу ісін қолға алған «Ордабасы Құс» ЖШС-інде болды.
Мұрат Тағаев басшылық ететін серіктестіктің жобалық қуаттылығы 4800 тонна халал түйетауық етін өндіруге бағытталса, ол өнімдерді ел аумағымен қатар жақын шетелдерге де шығару көзделуде. Екі жыл бойына жүргізілген құрылыс жұмыстарына 3 миллиард 294 миллион теңге қаражат жұмсалған. Оның 715 миллион теңгесі өз қаражаты, қалғаны «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның несиелік қаражаты есебінен жүргізілген. Бірінші кезеңде 270 адам жұмыспен қамтылса, екінші кезеңде жұмыс орны 500 адамға дейін ұлғаяды деген жоспар бар. Сапар барысында Президентке осыдан 2-2,5 ай бұрын жұмыртқадан шыққан балапандардың алғашқы партиясын көрсетті. Жылдам ет алатын бұл балапандар небәрі үш-төрт ай уақыттың өзінде бір тоқтының салмағындай салмақ бере алады екен.
Қазақта «Торғай сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бар, яғни әр кәсіпті өз маманы атқаруы керек. Осыны негізге алған серіктестік басшысы мал дәрігерлері мен құс мамандарын бұл саладағы тәжірибелері мол шетелдерге арнайы жіберіп, түйетауық өсіру және оны күту технологиясын үйреніп қайтыпты. Ал кешендегі жабдықтар Бельгия, Словения, Израиль, Ресей мен Қытайдан әкелінген екен. «ҚазАгроҚаржы» сарапшыларының бағалауынша, кәсіпорын толық өндірістік қуатына жеткеннен кейін бюджетке 232,3 млн теңге түседі. Құс кешенін аралау кезінде Мемлекет басшысы облыста Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы мен шағын кредиттік ұйымдардың жобаларымен танысты. Оңтүстік Қазақстан облысында өткен жылы сомасы 34 млрд теңгеден асатын жеті индустриялық нысан іске қосылды. 1800 жұмыс орны құрылды. Биылғы жылы тағы алты инновациялық кәсіпорын құрылатын болады, инвестиция көлемі екі есе өседі. Облыста құрылған «Ырыс» және «Оңтүстік-Финанс» шағын кредиттік ұйымдары тек өткен жылы сомасы 1 млрд 800 млн теңгенің 1800-ден астам жобасын қаржыландырды.
Сонымен қатар 4700 адам жұмыспен қамтылды. Дайындық орталықтарын, мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен өңдеуді ұйымдастыру басымдыққа ие болды. Өткен жылы шағын кредиттік ұйымдар таңдаулы мал шаруашылығын, құс шаруашылығын, ара өсіру шаруашылығы мен өсімдік зерттеу ғылымын дамытуды, наубайхана, жылыжайлар шаруашылығын, құрылыс материалдар өндірісін жолға қоюды қаржыландырды. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің Елбасыға айтқаны бойынша Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама барысында 2010 жылы облыс көлемінде 30 жоба іске қосылса, үстіміздегі жылы 64 жобаға жан бітіру жоспарланып отыр екен.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағдарламаның іске асырылу барысымен танысқан Мемлекет басшысы микронесиелендіру жүйесін дамыту — ел халқына арналған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында айтылған жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясының элементтерінің бірі екендігін еске салды. Елбасы атап өткендей, ауыл тұрғындарына берілетін шағын кредиттер тек жеке кәсіпкерлікті ұйымдастыруға жұмсалуы тиіс. «Биылғы жылы Үкіметке осы мақсатқа қосымша 3 млрд теңге қарастыру туралы, ал 2012 жылдан 2015 жылдар аралығында қаржыландыруды жыл сайын 10-15 млрд теңгеге арттыру туралы тапсырма берілді. Мемлекеттік желі бойынша бөлінген барлық микронесиелер тек өз ісін ұйымдастыруға жұмсалып, халықтың жұмыспен қамтылуы деңгейін арттыра түсуі тиіс. Қазір жұмыс істеймін деген адамға ауылды жерлерде де көп мүмкіндіктер жасалып жатыр. Тек жалқау болмау керек, жұмыс істейтін болсаң, екі қолға бір күрек табылады. Күн сайын түрлі өндіріс орындары іске қосылып жатыр. Ең бастысы, бір-бір мамандық алып, кәсіпке үйреніп, жұмыс істеу керек», — деді Президент Н.Назарбаев.
Сондай-ақ Елбасы Шымкент қаласы «Нұрсәт» ықшамауданындағы заманауи үлгіде салынған 120 орындық №4 облыстық перинаталды орталықтың жаңа ғимаратының сапасына да жоғары баға берді. Бұл нысан Біріккен Араб Әмірлігіндегі Шейх Халифа бин Зайда әл-Нахайан атындағы қордың демеушілігімен тұрғызылған. Жалпы аймағы 11304,5 шаршы метрді құрайтын ғимараттың сметалық құны 52 957 616 АҚШ долларын құрады.
Құрылысы 2007 жылы басталып, былтырғы жылы толығымен аяқталған әйелдер босанатын үйде 614 бөлме бар. Бұл нысанның облыс тұрғындары үшін қажеттілігі өте жоғары екені айтпай-ақ сезілетін. Оның себебін түсіну қиын емес. Республика бойынша балағынан бала саулаған батыр аналардың басым бөлігі осы оңтүстік өңірінен екені даусыз. Мәселен, бүгінге дейін Елбасы Жарлығымен облыста 22306 ана «Алтын алқа» иесі атанса, «Күміс алқа» алған аналардың қатары 28183-ке жетті. Өткен жылы облыста 75703 сәби дүниеге келді. Демографиялық өсімге қомақты үлес қосып отырған мұндай облыстың құрсағы құрғамайтын аналары үшін қандай қамқорлық жасаса да, көптік етпейді. Бұл мәселені жақсы білетін Елбасы да оңтүстікте денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөлінудің, халықаралық стандартқа жақындатудың арқасында ана мен бала өлімінің азайып отырғанын ерекше атап өтті.
— Соңғы жылдары денсаулық саласына көп көңіл бөлініп, біздің сапалы жұмыс жасауымызға мол мүмкіндіктер жасалып отыр. Бұл бірінші кезекте Сіздің арқаңыз деп білеміз. Біз Сізбен біргеміз, — деді жаңа перинаталды орталықтың реабилитациялық орталығының бас дәрігері Тәшбибі Тыныштықбаева.
Осындай жобалар бәрінен бұрын денсаулық сақтау саласын дамытуға және қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуға бағытталған. Соның нәтижесінде бүгінде бала туу 25 пайызға артты, өлім 11 пайызға төмендеді. Халықтың табиғи өсімі 1,7 есеге ұлғайды, ана мен бала өлімінің көрсеткіштері азайды. Медицинаны қаржыландыру бес жыл ішінде 4 есеге өсті және қазір 660 млрд-тан астам теңгені құрайды. Тек соңғы 3 жылда өңірде заманауи талаптарға жауап беретін 100 қуатты медициналық және көппрофильді арурухана тұрғызылды. Оларда халыққа білікті медициналық көмек көрсетіліп келеді. Қазақ медицинасы жоғары технология мен заманауи емдеу тәсілдерін игеруде. Бүгінде еліміз бойынша алғаш рет ең күрделі медициналық бағыттар бойынша операциялар жасалуда. Тиімді кардиологиялық және кардиохирургиялық қызметтер құрылды. Қазақстандық хирургтер жүрекке арналған күрделі операцияларды жасауда. Республикалық емхана базасында алғаш рет жілік майына трансплантация жасау және бүйректі алмастыру бойынша бірегей операция жасалды. Танымал халықаралық ғылыми орталықтармен серіктестік үшін Астанада өмір туралы ғылыми орталық ашылуда. Онда рак, жүрек-қан тамырлары және өзге де аурулардың алдын алудың тиімді әдістемесін, диагностиканы, емдеуді қарастыратын болады. Адам гені саласында, органдар мен тканін трансплантация жасау, клеткалар өзегіне қолдану, биоинженерия мен ұзақ жасау медицинасы туралы ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Халықтың 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұратынын ескере отырып, ауылдықтар үшін қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету мәселесі бірінші кезектегі мәнге ие. Бұл мақсатта көптеген істер атқарылды. 2010 жылы жаңа әлеуметтік жоба іске қосылды. «Денсаулық» атты екі емдеу-диагностикалық пойыз жұмысын бастады. Нәтижесінде еліміздің шалғай аумақтарында тұратын он мыңдаған адам дәрігерлік тексерістен өтіп, ем алды. Биылғы жылы тағы бір пойыз іске қосылады. Заманауи жабдықтармен жарақтандырылған және дәрігерлік бригадамен қамтамасыз етілген 50 жылжымалы медициналық кешен сатып алынады. 2015 жылға қарай 350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт пен емхана салынатын болады.
Сондай-ақ бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласында қоғам өкілдерімен кездеседі және жақында ашылған жергілікті мәдени-тарихи этнографиялық орталыққа барады деп күтілуде.